Білім • 13 Қараша, 2020

Ерекше мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейді

599 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгідей медициналық көмектің сапасы, әрі қолжетімділігі маңызды болып тұрған шақта Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың клиника-диагностикалық орталығы медициналық қызметке өз үлесін қосып келеді. Дегенмен клиниканың айналасына қоныстанған халық қаладағы басқа ауруханаларға тіркеліп, емделуде. Осы орайда тұрғындар клиниканың қызмет көрсету деңгейін кеңейткенін қалайды.

Ерекше мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейді

Жұмысын уақыт талабына сай жетілдіріп жатқан клиниканың мүмкіндігі мол. Университет ректоры Болатбек Абдрасилов қазір клиникада 24 мың адамға қызмет көрсетілетінін, бұл көрсеткішті 40 мыңға дейін көбейтуге мүм­кін­дік барын айтады. Алдағы уақытта тұр­ғын­дардың клиникаға қаралуына барлық жағдай жасал­ғаны жөнінде хабарландырулар таратылып, орталықтың қызмет аясы кеңейтілмек.

Университет көмегіне облыс аумағындағы мектептерден де сұраныс түсуде. Студенттердің теорияны практикамен ұштастырғаны жақсы маман болып шығуына септігін тигізетінін айтқан Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова «Педагог мамандар дайындау жүйесіндегі өзекті мәселелер» тақырыбында ұйымдастырылған жиын барысында университет ректорына өз ұсынысын жеткізді.

«Әлемдегі пандемияның зардабынан білім ошақтарының барлығы қашықтан білім алып жатқаны баршаға аян. Сол себепті біз мектеп бағдарламасына біршама өзгеріс енгіздік. Бір сыныпты екіге бөліп, 15 баладан оқытып жатырмыз. Ал оған білікті мамандар тапшы болып отыр. Осыған байланысты университеттің жоғарғы курстағы педагог студенттерінің практикаларын созғанын қалаған едік. Алайда бұл мүмкін болмады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша олар тек белгілі бір мерзімде ғана мектеп базасында практикадан өтеді екен. Осыған байланысты сіздерден мемлекетке ұсыныс тасталса, балалардың білім алуларына жас мамандарыңыз үлес қосса екен деген тілегіміз бар», деді А.Садықова.

Бұл орайда университет және Адами әлеуетті дамыту басқармасы арасында жұмыс бағыттары негізінде келісім жасалып, салалар бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Ал Түркістан педагогикалық колледж директоры Айдос Аппазов университеттің мүмкіндіктерін айта отырып, колледж мұғалімдерінің білімін арттыру мақсатында магистратурада оқыту үшін квота қарастыруды сұрады. Сонымен бірге университеттің ІТ мамандары соңғы цифрлы технологияларды игеруге колледж мамандарына көмек беру жөнінде өтінішін білдірді. Ректор бұл ұсыныстарды қолдап, университет тарапынан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мамандары мен қызметі сұранысқа ие университетте 10 мыңнан аса студент, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторант­тар, сондай-ақ дайындық факультетінің тың­даушылары білім алады. Оқытушылар дәстүрлі оқу бағдарламасының онлайн контентін қысқа мер­зім ішінде даярлап, студенттердің білім сапа­сының төмендемеуін басты назарда ұстауда.

«Біздің университетіміз – ресми халықаралық статусы бар бірінші жоғары оқу орны. Сонымен бірге биылдың қантарынан бастап жоғары оқу орны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерекше мәртебеге» ие болды. Біздің түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі де жыл сайын жоғарылап келеді. Бұған шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыста болуымыз да әсер етуде. Атап айтқанда, Түркия, Ресей, Англия, Германия, Испания, Италия, Қытай, Польша, Өзбекстан елдерінің жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстамыз», дейді университет ректоры Б.Абдрасилов.

Мемлекет басшысы Жарлығымен берілген мәртебе үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін дайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге жол ашты. Сондай-ақ профессорлық-оқы­­тушылық құрамның жалақысын 75%-ға, қызметкерлердің жалақысын 30%-ға арттыруға және материалдық-техникалық базаны жаңартуға мүмкіндік берді. Жуырда атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп берген университет рек­торы қашықтан білім беру жүйесінің ұйымдас­тырылуы, ғылым саласы және тағы басқа да ауқымды істер туралы баяндады. Келесі жылы студенттік Универсиада өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оқу орнында жаңа білім беру бағдарламалары соңғы екі жылда 72%-ға артқан. Бұрын 100 мамандық болса, қазіргі таңда университет студенттерді 172 мамандық бойынша даярлайды. Солардың қатарында робот техника, цифрлы журналистика, цифрлы қаржы аналитикасы, компьютерлік модельдеу және деректерді визуализациялау, компьютерлік инженерия, жобаларды басқару, білім саласындағы менеджмент секілді мамандықтар ашылып, дайындықтар жүргізіліп жатыр.

Университетте 19 елден келген 40 аса ұлыс пен ұлттардың өкілдері, яғни 1 500-ге жуық шетел азаматы оқиды. Түркия, Болгария, Ма­жарстан, Албания, Босния, Герцеговина, Косово, Əзербайжан, Ресей елдерінің студенттері еш кедергісіз универ­ситеттің қашықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Наурыздан бастап уни­верситеттің оқу процесі толықтай қашықтан оқы­ту жүйесіне көшіріл­ген.

«Ата-аналардың, қоғамның қашықтан оқытуға деген пікірі күмәнға толы болды. «Студент онлайн оқуда жауапкершілікті қаншалықты сезінеді, қалай қатысады, не үйренеді, оқу сапасы төмендемей ме?» сарындағы сауалдар сансыз. Онлайн оқытуда әрбір студенттің оқу үлгерімі онлайн база арқылы бақыланды. Қашықтан білім беру барысында студенттермен қатар ата-аналармен де байланысып отырдық. Қашықтан білім беру жүйесіне, атқарылған жұмыстар жөнінде сауалдама жүргізіп, бағасын алдық. Сауалдама бойынша университеттің қашықтан білім беру ақпараттық жүйесіне студенттердің 95 пайызы оң баға берді. Ал емтиханның әділ өткенін 94,4 па­йызы растады. Емтиханды ұйымдастыру деңгейін 94,3 пайыз деген көрсеткішке ие болды», дейді ректор.

Университеттің ендігі мақсаты да айқын. Бұл – халықаралық рейтингте 500 университеттің қатарына кіріп, ұлттық рейтингте алғашқы бестікке ену, материалдық базаны жетілдіріп, өңірге қажетті мамандықтарды ашу. Тұрғындар үшін де, университет оқытушылары мен студент­теріне де қажетті клиниканы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жолға қойылған. Сонымен бірге қазіргі уақытта білікті мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

 

Түркістан облысы