С.Баймағамбетов атындағы гимназияның алдына қойылған ескерткіш уақыт өте тозыңқырап қалған еді, биыл Санкт-Петербург қаласындағы қазақ ұлттық-мәдени бірлестігі мен Ленинград облысының «Ата-мекен» бірлестігінің және Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығының ықпал етуімен, ескерткіштің айналасы абаттандырылып, мүсін қайта жаңартылды. Батыр ескерткішінің бүтінделуіне Қостанай облысының кәсіпкерлері демеушілік етіп, 1 млн рубль көлемінде қаржы аударған.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қатысты. Салтанатты жиын барысында Қазақстан елшісі мүсіннің ашылуы Сұлтан Баймағамбетовтің 100 жылдығы мен Жеңістің 75 жылдығына орайлас келгенін тілге тиек етіп, Ленинград облысының басшылығына, батыр атындағы білім ордасының оқушылары мен ұстаздарына алғыс айтты.
– Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің өшпес ерлігі екі ел жастарының жадында мәңгі сақталады. Біздің батыр жерлесіміздің ескерткішін қастерлі орындардың біріне айналдырып, ерлігін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, құрметтеп отырған Кировск қаласының тұрғындарына риясыз жүрегіммен алғыс айтамын. Көршілес екі мемлекетке ортақ тарихи кезеңдер, ескерткіштер бар. Оларға құрмет көрсету қос халықтың арасындағы достық пен сыйластықты бұрынғыдан да нығайта түсетіні анық, – деді Ермек Көшербаев.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Ленинград үшін болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман ұлы Сұлтан Баймағамбетовтің есімін жергілікті жұртшылық ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
– Осы жер үшін шайқасып, қаза тапқан жауынгерлер ұлтына қарап бір-бірін алалаған жоқ. Олар қай жерде туғанына қарамастан, қан сасыған майдан даласында ортақ отан үшін соғысты. Мен үшін маңыздысы, сұрапыл соғыстың жаңғырығын жалғыз біз – ленинградтықтар ғана есте сақтап қалған жоқпыз, бізбен бірге қазақ халқы да осы топырақты мәңгі жастанған қаһарман ұлдарын жоқтайды, – деді губернатор.
Тағылымды шараның соңына таман Ермек Көшербаев пен Александр Дрозденко ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.
1943 жылы Синявин биігі үшін болған ұрыста амбразураны денесімен тұншықтырып, ерлікпен қаза тапқан батыр Сұлтан сол жерде қарулас бауырластар қорымына жерленген.
Қостанай облысы