– Роза Қуанышқызы, карантин кезінде өнер саласының өкілдері арнайы бағдарламалар жасап, жұртшылықты серпілту мақсатында онлайн концерттер ұйымдастырғаны белгілі. Осы орайда өнерлі жандар ортасы – өз отбасыңыздың да мұндай шарадан тыс қалмағаны белгілі.
– Пандемияның салдары еліміз үшін оңайға соққан жоқ. Жақындарынан айырылған, жұмыссыз қалған жандардың өмірі ешкімді бейжай қалдырмады. Дегенмен де әр сала мамандары шама-шарқынша жұмыс істеп, қоғамға өз үлесін қосуға тырысты. Осы орайда өнер ұжымдарының, эстрада саласы, сондай-ақ дәстүрлі әншілердің онлайн режімде концерттерін беріп, көпшілікке көңілді бағдарламалар ұсынуы – құптарлық жайт. Ал еліміздің өнер майталмандарынан бастап жас әншілерге дейін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақтелеком» компаниясының «Карантиндегі жұлдыздар» жобасына қатысып, өнер көрсетуі де осындай игі шаралардың бірі.
– Сіздің өнердегі бағыңызды ашқан «Әлия» әнінің жазылғанына елу жылға жуықтап қалыпты. Десек те, бүгінгі әншілердің репертуарынан көкейде жатталып қалатын әндерді сирек естиміз.
– Биыл өнерімдегі бойтұмарыма айналған «Әлия» әніне де, менің шығармашылығыма да қырық бес жыл толды. «Әлиясыз» репертуарым толыққанды болмайтыны сөзсіз. Бұл әнді ең алғаш «Гүлдер» ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған Тілектес Нұрмағамбетов еді. Мені халықаралық деңгейде танымал еткен әннің нұсқасын жолдасым Тасқын Оқапов дайындап бергені белгілі. «Әлия» бар дарынымды, ішкі байлығымды, актерлік шеберлігімді көрсеткен шығарма болды. Әрине, әрбір әншінің жанына жақын, жүрегінің қылын тербететін, бітім-болмысымен астасатын әні болуы заңдылық. Ал «Көктем шақырады» атты концерттік бағдарламаммен биыл республика өңірлерін аралап, есеп беру концертімді өткіземін деп жоспарлаған едім. Алайда пандемияға байланысты бұл бағыттағы шаралар кейінге қалды.
– Өзіңіз еңбек еткен жылдарда «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерінен талай таланттар қанат қақты. Бүгінде осындай орны бөлек шығармашылық ұжымдарға сұраныс байқалады.
– Қазіргі кезде «Гүлдер», «Арай», «Досмұқасан» сияқты ансамбльдер жоқтың қасы. Үлкен оркестрлер бар дегенімізбен де, ұжымымен шығып, ел ішін аралап жүретін ансамбльдерге сұраныс бар. Бірақ мұндай үлкен ұжымдарды қолдау жағы кемшін. Өңірлерге іссапарға барғанда өнер ұжымдарының саны мейлінше аз болғаны тиімді саналады. Бұл қабылдаушы тарапқа да жеңілдеу. Дегенмен қашан да өнерге сусап тұратын өңірлерге кәсіби өнер ұжымдарының жиі барып концерт қоюы мемлекет қолға алып отырған көптеген игі шараға серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан еліміздің өнерін дамыту мақсатында осындай ансамбльдердің жұмысын қайта жандандыру қажет.
– Шығармашылығыңыз жайында сөз еткенде өнеріңіз ғана емес, өміріңізге де ерекше реңк берген тұлға – Тасқын Оқапов екенін жиі еске аласыз.
– Тасқын – менің өнердегі ұстазым, продюсерім ғана емес, өмірдегі серігім, арқа сүйер азаматым болды. Бүгінде жиырма үш жыл отасқан жолдасым Тасқынға деген сағынышымды есейіп келе жатқан ұлдарыма қарап басамын. Мен оның шығармашылық қолдауының арқасында өнер атты әлемнің биік баспалдағына батыл түрде қадам бастым. Ал кәсіби білім алуымда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы Р.Машурова, М.Смағұлова, Б.Елдаров, т.б. ұстаздарымның еңбегіне басымды иемін. Сонымен бірге Т.Сарыбаев, С.Бәйтереков, Т.Қажығалиев, Е.Ынтықбаев, Д.Сыздықов, Б.Сыздықов, Б.Шүкенов, Б.Боранов сияқты композиторлардың шығармашылығымдағы орны ерекше десем, ал С.Шәменов, А.Рысбеков, С.Жолбарыс, Ж.Сейдоллаұлымен бірлесе жұмыс істеп келемін. Алдағы уақытта репертуарымды жас композиторлардың әндерімен де толықтыруды жоспарлап отырмын.
– Жақында сахна әдебі, оның ішінде фонограммамен ән салу тәртібі заңнама деңгейінде қарастырылғаны белгілі. Осы талаптар әншілердің алдағы уақыттағы кәсіби деңгейіне қаншалықты әсер етеді?
– Бұл дер кезінде қолға алынған, еліміздің өнер саласына деген жанашырлықтан туған маңызды қадам. Соңғы жылдарда қоғамда көрерменнің, тыңдарманның талғамына кері ықпал ететін, кәсіби деңгейі төмен, фонограммамен танылған «жұлдыздар» көбейіп кеткені жасырын емес. Осының өзі әншілердің кәсіби әдебіне, мәдениетіне жат нәрсе. Тіптен тыңдарманды алдау десем қателеспеймін. Нағыз өнер адамы тыңдарманын табиғи талантымен, ерекше дауысымен баурап алуы керек. Кезінде қалың көпшілікке ұсынылатын ән көркемдік кеңестің талқысынан өтетін. Осы орайда көркемдік кеңестің жұмысын қайта жандандыратын уақыт келген сияқты.
– Шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен жылдардағы тәжірибеңізбен бөлісіп өтсеңіз...
– Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада цирк колледжін-
де, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ берген кездердің өзіндік ерекшелігі бар. Бүгінде шәкірттерім кино, театр саласында табысты еңбек етіп жүр. Бұл ұстаздарымнан алған білімім мен өнердегі тәжірибем шәкірт тәрбиелеу ісінде өз нәтижесін бергендігі десем, артық айтпаймын. Кәсіби білім қашанда биікке жетелейді. Дегенмен теориялық білімді белгілі бір өнер ұжымында еңбекпен ұштастыра білу жас маман үшін аса маңызды. Менің кез келген жаңа бағдарламам, сахна сыртындағы дайындығым, студиядағы жұмыстарым да жастарға үлгі болады деп ойлаймын. Өзіміз де жас бола жүріп аға буыннан үйренгенімізді, көргенімізді үлкен сахнадағы еңбегімізге арқау еттік. Сондықтан да өнер адамын өсіретін оның кәсіби білімі. Көрермен талғамын өсіретін де осы кәсіби өнер ортасы.
– Ұлдарыңыз Әли мен Мәди де сахнада өз өнерлерімен тыңдарманын тәнті етіп жүр. Заманауи музыка өкілдерімен шығармашалық байланыстарыңыз қандай?
– Әли де, Мәди де кәсіби музыка саласының өкілдері. Өз жоспарлары, бағдарламасы, музыкасы бар. Карантин кезінде альбомдарын жазып, кәсіби ізденісте болды. Бейнебаян түсіру де жоспарларында бар. Әлидің «Жарасты жанұя», «Болашақ үні», «Сенемін мен», Мәдидің «Біз біргеміз» әндерінің менің репертуарымда ерекше орны бар. Ал музыка саласындағы ортақ көзқарасымыз отбасындағы шығармашылық үйлесімнің дәлеліндей.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»