Аймақтар • 13 Қараша, 2020

Қылмыстың тең жартысы қашықтан тергеледі

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық полиция департаментінде өткен жиында аймақтағы тергеу қызметінің 10 айлық жұмысы қорытын­дыланып, жалпы ішкі істер органдары қызметін цифрландыру мәселесі қаралды.

Қылмыстың тең жартысы қашықтан тергеледі

Басқосу барысында департамент бастығы Бекет Аймағам­бе­тов таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында тәртіп сақшыларына жүктелген жаңа міндеттер туралы сөз етті.

– Ішкі істер органдарында жүзеге асырылып жатқан ре­фор­­малық өзгерістердің түпкі мақ­саты – заңның сақталуы мен аза­маттардың әділдікке қол жет­­кізуін толық қамтамасыз ету. Әрбір тер­геуші қыл­мыстық істі қарау бары­сын­да кеткен кішкентай ғана қателік адамның бүтін тағдырын өз­гертіп, тәлкекке ұшыратуы мүм­­кін екенін қаперіне ұстауы қажет. Бұл туралы Президент Жол­дауында да айтылды, – деді Б.Аймағамбетов.

Жалпы, облыс тергеушілері жыл басынан бері 3 300-ден ас­там қылмыстық істі тергеп, сот­қа жөнелткен. Жиында тергеу саласындағы сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін жоюдың ең тиімді жолы қылмысты тер­геу барысын электронды фор­матқа көшіру екені айтылды. Бұл бағытта біраз шаруа тындырылып, облыс тергеушілері бір жыл бұ­рын жаңа компьютерлермен, веб-камералармен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде департамент қарауындағы қылмыстық істің 53,8 пайызы электронды түрде қашықтан тергеліп жатыр.

Мәселен, Қарасу аудандық по­лиция бөлімі бастығының орын­басары Павел Белов қа­зіргі тергеушілердің заманауи техникалық мүмкіндіктермен ба­рынша қамтамасыз етіліп жат­қанын, соның нәтижесінде, жыл соңына дейін аса ауыр санаттағы қылмыстық істерді қоспағанда, барлық істердің 70 пайызын элек­тронды форматта тергеуге қол жететінін айтты. Оны басқа аудандар мен облыс орталығындағы тергеушілер мен анықтаушылар да қоштап отыр.

– Полиция жұмысындағы ең басты қасиет – кәсіби білік пен адал еңбек. Азаматтарға құрмет­пен қарау, іске қатысушылармен кездесуге, тергеу экспериментіне және жауап алуға мұқият дайындалу. Сіз іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайсыз, бүкіл по­лицияның беделі осыған байла­нысты, – деді Б.Аймағамбетов.

Жиынның соңына таман аймақ­тың үздік тергеушілері мен анық­таушылары алғыс хаттармен және атаулы сағаттармен марапатталды.

Биыл Қарасу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Павел Белов, Рудный қа­ласы ПБ аға тергеушісі Бақтияр Сейітбеков, Қостанай ауданы ПБ-ның аға тергеушісі Анастасия Рогожиналар облыстың ең үздік тергеушілері ретінде танылып отыр. Мысалы, полиция майоры Б.Сейітбеков жыл басынан бері жалпы саны 25 ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеп, істі аяғына жеткізіп, сотқа жіберсе, Тобыл қаласының тергеушісі, ка­питан А.Рогожина 45 қыл­мыстық істі ашқан.

 

Қостанай облысы