Елбасы • 16 Қараша, 2020

«Самұрық-Қазына» инвестхолдингке айналады

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының төраға­лы­ғымен «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорын бас­қа­ру жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлады Тұңғыш Президенттің бас­пасөз қызметі.

«Самұрық-Қазына» инвестхолдингке айналады

Сурет Елбасының баспасөз қызметінен алынды

Жиында пандемия кезінде отандық өндірушілерді қолдау шаралары және «Самұрық-Қазына» қорын инвестициялық холдингке айналдыру мәселесі қаралды.

– Біздің бүгінгі жиынымыз күрделі кезеңде өтіп отыр. Ал­пауыт елдер арасындағы бәсе­келестік пен текетірес күшейіп барады. Қазақстан экономикасына үлкен салмақ түсуде. Сонымен бірге бұл – жаңа экономикалық модель қалыптастыру үшін қажетті реформалар жүргізу мүмкіндігі, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор­ды қайта құру мәселесін тал­қы­лау бары­сында тиімсіз инвес­ти­ция­лар­ды қысқартып, табысы жо­ғары ин­вес­тицияларға ауыс­ты­рудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз негізгі мақсаттарды Қор­дың 2028 жылға дейінгі жаңар­тылған даму стратегиясын­да айқын­дадық. Ең бастысы – таяу мер­зімде «Самұрық-Қазы­на» қоры­ның жұмысын жаңа фор­матқа көшіріп, жетекші тәуелсіз әл-ау­қат қорлары сияқты ин­вест­хол­­дингке айналдыру. Бізге Қор­­дың портфеліндегі актив­тер­ді географиясы мен сала­сына қарай әртараптандыру керек. Тиімсіз инвестициялардан арылып, оларды барынша табыс әкелетін инвестицияға ауыстыру қажет. Бұл дивидендтердің өсуі есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті дағдарыс жағ­дайында Үкімет отандық биз­несті қорғау үшін теңдессіз шаралар қабылдағанын атап өтті.

– Төтенше жағдай кезеңінде халық пен бизнесті қолдау, эко­но­­микалық тұрақтылықты сақ­тау үшін дағдарысқа қар­сы шара­лар­дың үш бірдей топтамасы қа­был­данды. Бірақ пандемия бәсең­дер емес. Оның екінші ке­зеңі болжануда. Мұн­дай күрделі жағдайда бұған дейін атап өткендей, отандық кәсіп­керлерге қолдау көрсету қажет, – деді Елбасы.

«Самұрық-Қазына» акцио­нер­лік қоғамының басқарма төр­ағасы А.Есімовтің ақпара­тын тыңдай келе, Нұрсұлтан Назарбаев бизнес белсенділіктің күрт төмендеуі жағдайында квази­мем­лекеттік сек­тордың мемле­кеттік тапсырыс­тары мен сатып алулары өнді­рістік кә­сіп­орындарға және кәсіп­керлерге көмек көрсетудің тиімді шарасына айналғанын атап өтті.

– 2018-2020 жылдар аралы­ғында Қордың сатып алуы­ның 93 пайызы, яғни жалпы сомасы бір триллион теңгеден асатын 4200 позиция бәсекелестік ор­та­ға берілді. 23 мыңға жуық кәсіп­­керлік субъектілер сатып алуға тікелей қол жеткізді. Осы кезең­­де бір көзден сатып алу 60 пайыз­ға азайған. Нәтижесінде, 400 мил­лиард теңгеден астам қар­жы үнем­делді. Осы жұмысты жал­ғас­тыру керек, – деді Қорды бас­қару жөніндегі кеңестің төрағасы.

Кеңес барысында «Қаз­Мұ­найГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазақтелеком» акцио­нер­лік қоғамы, «Самұрық-Энерго» акцио­нерлік қоғамы және «Эйр Астана» акционерлік қоғамы басшыларының есептері тыңдалды.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті кәсіпорындардың тұралап қалуына және жұмысшылардың қысқартылуына жол бермей, оң қарқын сақтап қалуға әсер еткен Қордың жаңа даму стратегиясының тиімділігін атап өтті.

– Стратегиялық маңызды салаларда барлық кәсіпорынның әлеумет­тік тұрақтылығын сақтау, жұмысшы­лар­ға қамқорлық таныту және тұрақты қызметін қамтамасыз ету қажет. Өн­ді­рістік персоналды барынша қорғауымыз керек. Бұл  300 мың адам және 340-тан астам кәсіпорынды қамтиды. Импортқа тәуелділікті азайту үшін де біраз шаруа атқарылды. Қордың үлгісінде отандық бизнеске белсенді қолдау көрсетуді үйрендік, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған өзгерістер тәуелсіз қорларды дамытудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес келетінін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қордың даму стратегиясын іске асыру бойынша «Самұрық-Қазына» басшылығының қызметіне оң баға берді.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қорды инвес­тициялық холдингке айналдырудың тұжырымдамасын мақұлдады. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасына пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар