Әлем • 16 Қараша, 2020

COVID-19: Әлемдегі ахуал тұрақсыз

227 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде індеттің өршігені туралы хабарлар коронавирусқа қарсы тиімді вакцина анықталғаны туралы сүйінші жаңалықтың көлеңкесінде қалған тәріз­ді. Дегенмен вакцина қара­пайым халыққа жетем дегенше біраз уақыт алуы мүмкін. Сол себепті індет­тен қорғануды әлі де жал­ғас­тырған жөн.

COVID-19: Әлемдегі ахуал тұрақсыз

Адамның еті үйренген дейміз бе, әлде үздіксіз үрейден шаршады ма, көшелерде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақта­майтын жандар көбейген. Қайда барсаң да, топырлаған жұртты көресің. Ара қашықтық сақтау керектігін тіпті білмейтін секілді. Маска тағып жүруді де қойған. Осыдан бір жыл бұрын індеттің ошағы болған Қытайда жағдай тұрақталған секілді. Бұған қатаң тәртіп пен жүйелі жұмыс себеп. Бүкіл әлем Қытайдың вируспен сәтті күресін үлгі етіп айтқанымен, қатаң шараларын орындауға күші жетпей жатыр. Вирустың бір басылып, бір өршуіне осы да себеп болса керек. Үкіметтер тұрғындарға үйден шығуға рұқсат бермегенде ғана жағдай жақсарады. Қалай барлығы қалыпқа келеді, халық тура солай ешнәрсе болмағандай бұрынғы қалыпты тірлігіне көшеді.

Қытай демекші, бірнеше апта бойы жауапты органдар Циндао портында коронавирустың өр­шуіне байланысты зерттеу жүр­гізген еді. Нәтижесінде, қойма­лардың бірінің қызметкері Гер­маниядан келген мұздатылған шошқа етінен вирус жұқтырды деген қорытындыға келген. Нау­қаспен байланыста болған адам­дардың бәрі бірден карантинге алынып, порт арқылы тасымалданатын тауарлар тоқтатылған. Әр жағдайды осылай жіті қарау елдің вирусты ауыздықтауының басты себебі болса керек. Алайда Германия бұл мәлімдемемен мүлдем келіспей отыр. Біріншіден, ауа арқылы тарайтын вирустың тағам арқылы жұғуы еш жерде тіркелмеген, екіншіден, етте вирус болғанымен, оның өте салқын температурада ұзақ уақыт шыдауы мүмкін емес. Десе де індеттің кесірінен әлемде Қытай азаматтарына қауіппен қарайтындар көбейіп, ксенофобия көбейген кезде, мұндай ұлтаралық даудың пайдаға аспасы анық.

Қытайдан кейін індеттің зар­дабын көп көрген осы кәрі құрлық елдері болған еді. Екінші тол­қын келіп, Еуропа елдері қайта қамдана бастады. Кейбір сарапшылар Италиядағы жағдайдың тағы да бақылаудан шығып бара жатқанын ескертіп жатыр. Жұма күні 580 науқас қайтыс бол­ған. Бұл – алты айдан бергі ең жо­ғары көрсеткіш. Көктемдегі қор­қы­нышты жағдайдың қайта­лан­бауын тілеп жүргендер көп. Билік «қызыл аймақ» деп танылған бес өңірді толық жауып тастаған. Футбол клубтарында да вирус жұқ­тырғандар көбейген сыңайлы, жалпы А сериясының 100-ден астам футболшысы індет жұқ­тыр­ған деген дерек бар.

Еуропаның өзге елдерінде де жағдай мәз емес. Қазан айында ұлт­тық локдаун жариялаған Фран­цияда қатаң шаралар желтоқсанға дейін жалғасуы мүмкін. Ал тұр­ғындар сыртқа шығуы үшін арнайы құжат толтырулары керек. Десе де мектептер, өндіріс орындары мен құрылыс жұмыстары жалғаса береді. Дүкен, бар мен ресторандар жабық.

Індеттің өршуіне байланыс­ты Ұлыбритания да локдаунда. Бұл шара жалпыұлттық қатаң талаптарды сақтауды талап етеді. Желтоқсанға дейін енгізілген шараның бітуіне екі апта қалды. Сарапшылар алдағы он төрт күннің індеттің таралуын бәсеңдетуде өте маңызды екенін айтып отыр. Вакцина туралы жағымды жаңа­лық қазіргі толқынға еш әсер ете алмайды. Сол себепті билік ха­лықтан ережені бұзбауды сұрап отыр. Елдегі жағдай сәл болсын тұрақтанғанға ұқсайды.

Вирустың жануарлардан адамға жұғатыны белгілі еді. Осы­ған дейін тіркелген бірнеше жағдай бар. Алайда Данияның күзен фер­ма­ларындағы індет бұрынғыға ұқсамайды. Ферма қызметкеріне жұққан коронавирустың мута­цияға ұшырағаны белгілі болды. Бұл күзеннен вирус жұқ­қаны туралы алғашқы хабар емес. Нидерландта күзен фер­ма­сының қызметкері сәуір айында COVID-19 жұқтырған еді. Тек кейіннен вирустың адамнан жан­уарға, жануардан адамға жұға­тыны белгілі болған-ды. Одан бері Италия, Испания, Швеция, АҚШ елдерінде де күзеннің вирус жұқтырғаны анықталған. Да­ния­дағы жағдайдың назарға іліккені елдегі күзен фермаларының көп­тігінде. Ел билігі 17 млн күзенді қырып тастау туралы шешімге келген. Дания – әлемдегі күзен терісінің ең үлкен импорттаушысы. Мұның онсыз да дағдарыстағы ел экономикасы үшін ауыр соққы болатыны сөзсіз.

Еуропаның кейбір елдері қауіп­тің сейілгенін айтуда. Чехия, Бель­гия екі апта бойы өр­шіп тұр­ған індеттің беті бері қара­ды деп отыр. Өткен аптала­р­мен салыс­тырғанда вирус жұқтыр­ған­дар саны азайып келеді. Деген­мен коронавирус ешқайда кет­пейтінін тәжірибе көрсетті емес пе? Германияда керісінше нау­қас­тар саны көбейді. Елде бір күнде 1700 адам тіркелген. Роберт Кох институтының басшысы Ло­тар Вилер алдағы айларда жағ­дай нашарлауы мүмкін дейді. Оның айтуынша, инфекцияның баяу­лағанына қарамастан, ережелерді жеңілдетуге болмайды және жақын арада қалыпты жағдайға оралу мүмкін емес. Көктемде Германия кәрі құрлықта қатаң шараларының арқасында вирусты жеңген елдердің қатарында болған еді. Көршілес Испания, Италиямен салыстырғанда вирустан қайтыс болғандар саны әлдеқайда төмен болды. Дегенмен екінші толқынның салқыны немістерге де тиді. Сол себепті 2 қарашадан бастап елде жартылай локдаун жарияланған. Қызмет көрсету, тамақтану орындары әдеттегідей жабық. Жақында Германияның Денсаулық сақтау министрі Йенс Спан COVID-19 анықталған медбикелер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жұмыс істей берсін дегені үшін сынға ұшырап үлгерген. Індеттің денсаулық сақтау саласындағы жауапты адамдарды аяп жатпағаны белгілі.

Кәрі құрлық індеттің екін­ші толқынымен күресіп жат­қан­да, Жапония сарапшылары елде үшінші толқынның бастал­ғанын айтып дабыл қағуда. Елде соңғы үш күн қатарынан ре­кордтық көрсеткіш тіркелді. Ін­дет­тің қайта бас көтергеніне қара­мастан, Токио көшелеріндегі туристердің қарасы қалың. Себебі елде отандық туризмді қолдау үшін арнайы жеңілдетілген шаралар енгізілген. Жапонияның қалаларына қыдырып барғандар үшін қонақүй, көлік, тамақ, қызықты орындардың барлығында 50 пайыз жеңілдік беріледі. Бұл – Жапония үкіметінің арнайы жобасы. Премьер-министр Йошихидэ Суга үкіметтің ішкі туризмді қолдау үшін енгізген субсидиясы жалғасатынын және төтенше жағдай енгізудің қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеген. Естеріңізде болса, Жапония көктемде де елде індеттің өршігеніне қарамастан төтенше жағдай жариялауға асық­паған еді. 

Көршілес Ресейде де жағдай қиын. Аймақтардағы ауруханаларда орын жетіспей жатқан көрінеді. Ал Мәскеуде уақытша үлкен бес орталық науқастарды емдеуге жабдықталған. Солардың бірі – «Крылатское» мұз сарайы. Ел экономикасын қорғауға тырысқан биліктің жалпыұлттық қатаң шараларды енгізуге құлшынысы жоқ. Оның үстіне Ресейде әзірленіп жатқан вакцинаның жақсы нәтиже беретініне сенімді. Жақында аме­ри­­калық компанияның тиімді вак­­цина ойлап тапқанынан кейін, Ресей тарапы да өз вакцинасын 92 па­­йыз тиімді деп хабарлады. Жал­пы, Ресейдің вакцина додасында үз­дік атануға деген талпынысы әуел­ден белгілі. Бұл жарыс сырт көзге адамзат игілігі үшін емес, ком­­мер­циялық мақсатты көбірек ұста­натындай көрінетіні тағы бар. Мұ­ны, әсіресе Батыс ғалым­дары ай­тып отыр. Сондай-ақ TASS агент­тігі елде 500-ге жуық дәрігер­дің індеттен қайтыс бол­ғанын хабарлады.

Әлемде кеңінен тойланатын Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жағдайдың қалай болары белгісіз. Әзірге індеттің бет алысы көңіл көншітпейді. Жоғарыда айтылған мәліметтердің барлығы көктемдегі жағдайды дәлме-дәл қайталап жатқанға ұқсайды. Олай болса еліміздегі ахуал одан әрі ушықпай тұрып, бейқам тіршілікті, маскасыз жүруді, той-томалаққа баруды қазір тоқтату қажет.