Таным • 16 Қараша, 2020

«Есеп» қаһарманы

922 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біздің бұл мақаламызға арқау болып отырған Айтбай Нарешұлы – ұлағатты ұстаз, білім беру саласының білікті маманы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері ретінде танылған тұлға. Осынау аяулы азаматтың ұлттық құндылықтарды аяусыз жаншып отырған коммунистік жүйеге қарсы бағытталған елшіл жастардың «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) астыртын саяси ұйымындағы қайрат­керлік қызметі айтылмай келеді.

«Есеп» қаһарманы

Біздің қолымыздағы Айтбай На­ре­ш­ұлына қатысты көптеген архив құжат­тарына ден қойсақ, халқымыз басынан өткерген күрделі кезең мен қытымыр заман ағымына терең бойлаймыз.

Елшіл тұлға өз қолымен жазып тол­тырған өмірбаяндық анкетасында: «Мен, Айтбай Нарешев, 1915 жылы Гурьев облысының Қызылқоға ауданының Қа­рабау ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем 1919 жылы, ал анам 1931 жылы қайтыс болған. 1926 жылға дейін анамның тәрбиесінде болдым. 1926 жылдан 1929 жылдар аралығында байдың жалшысы болып жұмыс атқардым. 1929 және 1934 жылдары жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернатта, 1934 пен 1938 жылдары Орал педагогикалық институтында оқыдым» дейді.

Қазақстанда оқу-ағарту саласын дамыту мақсатында алғашқы педагог мамандар даярлайтын оқу орнындарының бірі ретінде 1932 жылы ашылған Орал педагогикалық институтында (қазіргі таңда Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті) білім алуы жас өскіннің өміріне үлкен серпіліс әкелді. Институтта Қазақстандағы білім беру ісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым-педагогтер В.С.Бойко, К.А.Утехина, Н.М.Малеча, Қ.Жұмалиев және т.б. ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие берген болатын. Біздің қолымыздағы Айтбай Нарешұлының Орал педагогикалық инс­титутының тіл және әдебиет факуль­те­тінде 1936 жылы екінші курсты оқып жүр­генде группасымен түскен фотосуретте белгілі ғалым Қажым Жұмалиев қазақ әдебиетінің оқытушысы болғандығы көрсетілген.

1

Айтбай Орал педагогика институ­тында білім алған жылдары ақын Қасым Аманжоловпен етене араласады. Ақын-публицист Рамазан Нарешұлы Қасым Аманжолов өміріне арналған «Ұмытылмас бейне» атты естелігінде: «Мектепте оқып жүрген кезімде ағайым Айтбайдың аузынан Қасым Аманжолов туралы, оның талантты да дарынды ақын екендігін жиі еститінмін» деп жазады.

Айтбай Нарешев 1938 жылдан 1981 жылға дейін Қарағанды педагогикалық институтында, одан кейін университетте қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқыған ұлағатты ұстаз, білгір әдебиетшілердің бірі еді.

– Біз, – дейтін ол, – 1936 жылдары Оралдың А.С.Пушкин атындағы педа­гогикалық институтында Қасыммен бірге оқыдық. Ол студент кезінен-ақ өршіл, лирик ақын, үлкен өнерпаз жан болды. Оның тұла бойы тұнған жыр, жүрген жері ойын-сауық болатын, – деп жазады.

Алаш қайраткері Әлімхан Ермек­ұлы­ның ұстаздық өнегесін алған Қажым Жұмалиевтің алдын көрген Айтбай Нарешұлы аталған жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты (Наркомпрос) жолдамасымен Қарағанды мұғалімдер институтына оқытушылыққа жіберіледі. 1938 жылдың 3 қыркүйегінен бастап 1942 жылдың тамыз айына дейін оқытушы болып қызмет атқарады. Бұл тұста ол оқытушылық қызметімен қатар қоғам­дық істерге де белсене араласа бас­тай­ды. Осы кезең турасында ақын, ғалым, «ЕСЕП» партиясының негізін салушы Бүркіт Ысқақұлы өз естелігінде: «1940 жылы Нұрадан бір топ оқушы (ішінде Е.Бимағамбетов, Ж.Әубәкіров, М.Теміров, Д.Шалабеков, А.Дүйсембаев, Ә.Сүлейменов бар) Қарағандыға келіп, ондағы оқытушылар институтына (ол 1952 жылдан – пединститут, ал 1972 жылдан – университетке айналды) оқуға түстік. Бақсам, баяғы досым Жаппар Өмірбеков те осында оқуға түсіпті. Оны көріп қуанып кеттім. Орта мектепке қа­рағанда, мұнда қазақ, орыс және Батыс Еуропа әдебиеттері кеңірек және тере­ңірек өтіледі. Бұл пәндерден соғыс алдында және соғыс жылдары Мәскеу, Ленинград, Саратов және Ресейдің басқа да орталық қалаларынан ауысып келген атақты оқытушы-профессорлары (мәселен, проф. П.С.Богославский, проф. А.Романовский, проф. Ш.Лиф, доценттер А.П.Спасибенко, С.Ф.Меделец, М.Старков, С.И.Табышева т.б.) сабақ берді. Оның үстіне институт жанында «Жас қалам» атты әдебиет үйірмесі жұмыс істеді және осы аттас қолжазба журнал шығып тұрды. Үйірменің же­текшісі – А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтын бітірген, қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Нарешев болды. Оның жұмысына студенттер Ж.Өмірбеков, Қ.Ыдырысов, Ж.Баяхметов, Д.Мырзахметов, Д.Тұрғанбеков, т.б. белсене қатысады екен. Сол әдеби ор­таға мен де араласып кеттім» деп жаза­ды. Деректе келтірілген институт қабыр­ғасындағы «Жас қазақ» әдебиет үйір­месінен басталған елдік бұлқыныс жас­тардың астыртын ұйымы «ЕСЕП» пар­тиясының құрылуына әкелгендігін көруімізге болады.

Институттағы оқытушылық еңбегінде жас шәкірттерінің санасына елдік қасиет­тер сіңіріп, Алаш ардақтыларының идео­ло­гиялық қысымдағы әдеби мұрасын насихаттайды. «ЕСЕП» партиясының мүшесі Махмет Темірұлы: «Айтбай На­реш­ұлы дәрістерінің маңызы, инсти­туттағы «Жас қалам» аталатын үйірмеге басшылық еткенін айта келіп: «...Бір күні Айтбай Нарешев ауырып қалып, институтқа келмеген соң, Бүркіт екеуіміз үйіне бардық. Төсек тартып жатыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен бір-екі кітап алғызып берді. Оның жеке кі­тапханасындағы кітаптардың көптігінен, бұрын мұндайды көрмеген Бүркіт еке­уіміздің есіміз шықты... Кейіннен аға­сының үйде жоқтығын пайдаланып, інісі Рамазанға жалынып шкафты аштырып көрсек, іші толған «халық жаулары» Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың т.б. кітаптары. Шкафтың ең төменгі түп жағында бізді ерекше қызықтыратын арапша әріптермен жазылған Ахмет Бай­тұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал» кітаптары, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптары сақтаулы екен.

Бүркіт екеуімізді ерекше қызықтырған тағы бір кітап Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1-бөлім, ұлт­шылдық – байшылдық дәуір. Қазақстан баспасы. 1932 жыл. Қызылорда. Латын әріптерімен жазылған) деген кітабы болды. Бүркіт екеуіміз бұл кітаптарды біртіндеп қана білдіртпей алып, ешкімге көрсетпей оңаша оқып шықтық. Өзімізге ұнаған өлеңдерді дәптерге жазып алып, жаттап отырдық», – дейді.

Осы турасында біздің 2011 жы­лы Махмет Темірұлымен болған сұхбаты­мызда асыл аға сол бір күндерді: «Өлеңді оқып отырған кезде, бізде сүйіспеншілік пайда болды. Мысал үшін Сәкендердің өлеңін оқыған кезде заманның күйін сездіртіп, ал Мағжанның өлеңдерін оқы­ған кезде, тіпті керемет әсер беретін болды. Сөйтіп, біз қазақтың Алаш ақындары, Алаш қайраткерлері «шіркін-ай, совет өкіметінде комунистік партия емес, Алаш партиясы болса қазақ халқы мұндай қырғынға ұшырамас еді» деп ойлайтын едік. Қазақ халқы өзінің асылдарын сақтар еді. Ендеше коммунистік партия емес, елін сүйетін, елі үшін қызмет ететін жаңа партия керек деген ұран тастадық. Сөйтіп, біз қазақтың қамын ойлайтын жаңа партия құрмақ болдық. 1941 жылы партия құрдық. Оның атын ЕСЕП – Елін сүйген ерлер партиясы деп қойдық. Халқы үшін қызмет ететін партия керек деп, 1941 жылдың бас кезінде өзімізше партия ұйымдастырып алдық», – деп еске алған-ды.

Айтбай Нарешұлы 1942 жылы 9 та­мызда партиялық мобилизациямен со­ғысқа аттанып, 1945 жылдың қазан айы­на дейін әскерде реактивті снаряд (РС) жүйесінде қызмет етеді. Екінші дүние­жүзілік қан-қасап соғыстың майдан даласына баруының өзі тұлғаның зерттелмей жатқан қыры. Қолда бар деректерге жүгінер болсақ, сұрапыл соғыстың ал­дыңғы шебінен Қарағанды облыстық партия комитетіне келіп түскен өтініш хатта реактивті снаряд (РС) жүйесі қыз­метіне білікті мамандар керектігі баса көрсетіліпті. Сол хаттың негізінде, Қара­ғанды қаласынан Жарков, Кузубаев, Гриб, Жомартов, Панкретов, Лысенко, Емельяновтар қатарында А.Нарешұлы да таңдап алынады. «Катюша» далалық зымырандық артиллериялық жүйелерінде майданда болған сегіз қарағандылық жауынгерлер жөнінде сол кезеңнің өзінде соғыс жылдарындағы басылымдарда құн­ды мақалар жарияланған болатын. Сондықтан да Екінші дүниежүзілік со­ғыстың мәлім де беймәлім жылнама­сын зерттеп, зерделеуде аталған қара­ғандылық соғыс ардагерлерінің елеусіз ерлігі назардан тыс қалмағаны абзал.

Майдан даласынан оралған Айт­бай­дың жеке өмірбаяндық құжаттарынан төмен­дегідей деректерді оқимыз: «Демо­би­лизациядан кейін 1945 жылдың 11 қазанынан 1950 жылдың шілде айына дейін Қарағанды облысының мәдени-ағарту мекемелері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. 1950 жылдың шілде айынан 1951 жылдың ақпан ара­лы­ғында Қарағанды мұғалімдер инсти­тутында оқытушы және факультет бөлі­мінің меңгерушісі болдым. 1951 жыл­дың 28 ақпанынан 1956 жылдың 17 шіл­десіне дейін 58-баппен сотталып, саяси қылмыскер атандым. 1956 жылдың 17 қараша күні КСРО Жоғары сотымен ақ­талдым».

ҰҚК архивінде жұмыс істеу барысында «ЕСЕП» партиясында болған тұлғаларға қатысты көптомдық қылмыс­тық іспен жан-жақты танысуға мүмкіндік алдық. «ЕСЕП» партиясына байланыс­ты Қазақстан Республикасы Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бо­йынша департаменті архив құжатында тір­келген ЕСЕП партиясы мүшелеріне арналған қылмыстық іс бойынша материалдарында 1951 жылғы 19 қаңтарда істі қабылдау және жүргізу туралы қаулы қабылданғаны жазылған.

Осы қылмыстық іс бойынша Б.Ыс­қақ­ұлы, М.Темірұлы, А.Нарешұлы, Р.На­реш­ұлы, Ж.Қалиұлы, М.Азанбаев, А.Аман­құлов қудаланып, тұтқындалды. Айтбай Нарешұлын 1951 жылы 23 ақпанда қамауға алу туралы қаулыда: «...Өзінің дұшпандық сенімімен совет­ке қарсы ұлт­шылдық үгіт-насихат жұмыс­тарын жүр­гізіп, айналасындағы адам­дарға Алашорда жазушыларының шығар­маларын таратады» – деп көрсетілді.

1951 жылы 23 ақпанда бұлтартпау шарасын таңдау туралы, 1951 жылы 28 ақпанда Қарағандыдан Алматыға этаппен айдау туралы қаулы қабылданады. 1951 жылы 28 ақпандағы тұтқынға алу туралы ордер негізінде Қарағанды қаласы Ленин көшесіндегі №48 пәтеріне тінту жүргізілді.

Архив құжаттарындағы А.Нарешұлы­ның отбасына қатысты деректерде әйелі Галина Маденованың 1917 жылы туғаны, балалары Асқар 1937 жылы, Аян 1939 жылы, Наурызбай 1942 жылы, Ноян 1947 жылы дүниеге келгені жазылған.

Алматыда 1951 жылы 15 қаңтардағы айып тағу туралы жүргізілген тергеу қау­лысында «ұлтшылдығы»: «...Іс бойын­ша тергеу тарихын қарап, Айтбай Наре­шевтің 1940-1942 жылдардағы совет өкіметіне қарсы дұшпандық көзқарасын білдіре отырып, Қарағанды мұғалімдер институтында жұмыс істеген кезеңде жас­тарды советке қарсы ұлтшылдық рухта тәрбиелегені, оларды совет өкіметіне қарсы ұйымдасқан күреске бағыттағаны айғақталды. Ол со­ғыстан кейінгі уақытта да советке қарсы жұмыс жүргізді» – деп көрсетілген. Де­мек, жаппай репрессия жылдары «халық жаулары» атанып аты­лып кеткен Алаш қайраткерлерінің оқуға тыйым салынған кітаптарымен студент­терді таныстырған Айтбай Нарешұлы болғанын архив құжат­тары дәйектей түседі.

Айтбай Нарешұлы – тәуелсіздік жо­лында күрескен Алаштың асыл перзент­терінің ұлттық идеясын тарихи сабақ­тастықта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. «ЕСЕП» партиясының мү­шелері сол бір қытымыр жылдары әлеу­мет санасына Алаш идеясын сіңіріп, тарих тағылымына бойлауларына серпіліс дарытты.

1951 жылы 36 жастағы жалынды жігіт Айтбай Нарешұлы Қазақ КСР Жо­ғарғы сотының Қылмысты істер жө­ніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 14-15 маусымдағы үкімі бойынша РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-10, 58-11 баптарының 2-тармағымен айыпталып, 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айы­рылады. Оған қосымша 5 жылға аза­маттық құқығынан шеттетіледі. Елім деген есіл ер отыз жылды арқалап итжеккенге кете барды. Осы жерде айта кететін бір жайт, ОГПУ-КГБ қызметкерлері адам айтқысыз қатыгездіктерімен қаншалықты ұрып-соғып, қинағанымен алдын ала тергеу барысында да, сотта да тағылған айып­тар бойынша өзін кінәлі деп танымаған жалғыз тұлға – Айтбай Нарешұлы болға­нын архив құжаттары айғақтайды.

Лагерьде жазасын өтеп жүрген ке­зең­дері қиындықтарға мойымай, ар-ұж­­данын қорғау мақсатында КСРО Жо­­ғарғы соты Төрағасына өтініш жа­зады. Өтініштері қарастырылып, КСРО Жоғарғы соты Қылмысты іс­тер жөнін­дегі Коллегиясының 1956 жыл­ғы 17 қара­ша­дағы қаулысымен «ЕСЕП» партиясы мүшелері толық ақ­та­лады. 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қа­зақ­стан Республикасы «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ту­ралы» заңымен «ЕСЕП» партия­сы мүшелерінің құқықтары қалпына келтірілді. Өкініштісі, Айтбай Нарешұлы сынды «ЕСЕП» партиясының кейбір мүшелері тарихи әділдік салтанат құрған күндерді көре алмай өмірден өтті.

ГУЛАГ жүйесінің қанды тезінен өт­кен Айтбай Нарешұлы оқытушылық қыз­­метіне қайта оралады. Бұған қатысты өмір дерегінде: «1956 жылдың 15 қараша мен 1957 жылдың 16 маусым аралығында Қарағанды облысының мұғалімдер білік­тілігін арттыру институтында әдіскер қызметінде болдым. 1957 жылы 16 мау­сымнан 1958 жылдың 15 сәуірі ара­лығында Қарағанды педагогикалық инс­титутында оқытушы, 1957 жылдың 15 сәуірінен бас­тап қазіргі уақытқа дейін сырттай оқыту бойынша директордың орынбасары болып қызмет атқарамын. 1942 жылдан бастап Кеңес Одағының Коммунистік партиясы мүшесімін», – деп жазады. 1981 жылы 24 сәуірге дейін Қарағанды университетін­де әртүрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сол арқылы ұлттық ру­ха­ния­тымыздың өркендеуіне, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті мамандарын дайын­дауда өлшеусіз үлесін қосты. Елшіл тұлға, отаншыл аза­мат қандай болу керектігін ісімен дә­лелдеп өтті.

Біз осы мақаланы жазу барысында, Айтбай Нарешұлының немересі Ли­ка апа­мызбен кездесіп, сұхбаттасқан едік. Лика Науанқызы сол бір келмес күндер елесін: «Әкем – Науан атамның тұңғыш баласы. Әжем – Гүлзағипа Мәлік­қызы Сейфуллина қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған жиен қарындасы болып келеді. Өзінің баласы болмағандықтан, туған қызындай өсірген екен. Сәкен Сейфуллин ұсталғанда, әжем Мәскеуде оқып жүрген. Тығылып жүрген әжеме Сәкеннің жақын танысы Галина Серебрякова қашуға көмектескен. Содан Галина Маденовна Маденова болып аты-жөнін толық өзгер­тіп тастаған. Мен бұларды әкемнің айт­қаны бойынша айтып отырмын», – деп жеткізген-ді.

Лика Науанқызы: «Атам ұсталған ке­зінде әжеме: «Саған балаларды өсіріп, жеткізу керек, сондықтан да мені күтпе, тұрмысқа шыға бер» деп айтып кеткен екен», – дейді. Мерзімін өтеп, 1956 жылы толық ақталып отбасына келген Айтбайды әйелі Гүлзағипа аяғы ауыр болып қарсы алады. Содан екінші мәрте Мариям анамызға үйленеді. Қарап отыр­саңыз, жауыңызға тілемейтін қорқы­нышты көрініс, тоталитарлық жүйе осындай қаншама отбасын ойрандап, тағдыр-тәлкегіне ұшыратты десеңізші!

Түйіп айтқанда, әміршіл-әкімшіл жү­йе­нің қитұрқы саясатына қарсылық танытып, күреске шыққан елшіл жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» партиясы қазіргі Отандық тарихта әлі де толық бағасын алған жоқ. Бұл бағытта қолға алар, атқарылар істер жетіп артылады.

Туғанына жүз бес жыл толып отыр­ған ұстаз, тәлімгер, педагог Айтбай Нареш­­ұлының қайраткерлік тұлғасы жү­йелі зерт­теуді қажет етеді. Сталинизм жыл­­дары қуғындалған туған бауыры Рама­зан Нарешұлының да өмірі мен шығар­машылығы байыпты қарастыруға мұқтаж.

Алаш идеясын Кеңес дәуірінде жаң­ғыртып, «ЕСЕП» партиясын құрған тұл­ғалардың қоғамдық қызметі БАҚ жүйе­сінде кеңінен насихатталып, олардың аяулы есімдері ұлықталуы қажет. Елін сүйген ерлерді қастерлеу – елдікке сын!

 

Сағымбай Жұмағұл,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Әділет Жағыпар,

тарихшы