Былтыр бұл ауданды газбен қамтамасыз етудің екінші сатысы шеңберінде 270 млн теңге игерілсе, биыл аталған қаражат көлемі 800 млн теңгеге жетті. Келер жылға тағы 750 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа Қамысты-Алтынсарин жоғары қысымды газ құбыры тартылмақ. Құбырдың жалпы ұзындығы – 60 шақырым. Жоба толық жүзеге асқанда 3000-ға жуық халық көмір мен қи жағудың әлегінен құтылады.
– Көгілдір отын құбырына жақын маңдағы Бестөбе және Адаев ауылдары қосылады. Бұл жоба біздің аудан халқы үшін өте маңызды, – дейді аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамбетов.
Алдағы уақытта ауданда іске асырылатын тың жобалар мен жұмыстар көп. Басты міндет – экономиканың әлсіреуіне жол бермеу. Экспорттық әлеуетті арттыру үшін құрама жем дайындайтын цех салынбақ. Аудан экономикасындағы оң өзгерістер бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етуде.