Спорт • 16 Қараша, 2020

Самбодан да талай саңлақтар шықты

592 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

16 қараша – халықаралық самбо күні. Бұл орыстар ойлап тапқан спорт түрі саналғанымен, онда кезінде КСРО-ның боданында болған халықтардың ұлттық күресінің көптеген маңызды элементтері қамтылды. Мәселен, қазақтың қырқа шалу, жамбасқа салу, іштен шалу және тағы басқа әдістер самбоны күрделендіріп, байыта түсті. Сол себепті де күрестің бұл түрі қандастарымыздың оң жамбасына келді. Самбоның тәсілдерін тез-ақ меңгерген жерлестеріміз уақыт оза үлкен ареналарда талай толағай табыстарға қол жеткізіп, барша Алаш жұртын қуантты.

Самбодан да талай саңлақтар шықты

 

Қанша тепіріш көрсе де, Кеңес Одағы тұсында да қазақ­стандық самбошылардың табысы қомақты болды. Әңгімеміздің әл­қиссасын КСРО чемпиона­тынан бастайық. Айтулы дода­ның тұсауы сонау 1939 жылы кесілді. Алғашқы кездері жер­лестеріміздің жолы болмағаны рас. Әу баста Мәскеу мен Ленин­градтың балуандары бас жүлдені өзара бөліске салды. Олардың өзге­лерден мысы басым болды. Көп ұзамай Ресейдің өзге аймақ­тары мен Кавказдың қырандары қарқындарын күрт күшейтті. Бірте-бірте үздіктер санатына Ук­раина, Беларусь және Балтық жағалауының жігіттері қосылды. Ал Қазақстанның самбошыларына Кеңес Одағы біріншілігінің жүлдесі алғаш рет алпысыншы жылдары бұйырды.

1961 жылы Тбилисиде ұйым­дас­тырылған XV КСРО чемпионатында 66 кг салмақ дәрежесінде белдескен Лев Москалев күміс медальды мойнына ілді. Ол Ресей­дің Саратов қаласында туып-өскенімен, Алматының «Буре­вес­т­ник» клубының намысын қорғады. Финалда Москалев гру­зия­лық Тенгиз Арабулиден айла­сын асыра алмады. Дәл сол Сара­товтан келген сары жігіт 1962-1965 жылдар аралығында өткен КСРО чемпионаттарында тағы екі күміс және бір қола медальды иеленді.

Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары Алек­сандр Пушинца есімді мықты балуан болғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ново­сібірдің тумасы үш рет әлем чемпионатын ұтып, екі мәрте Еуропа біріншілігі мен әлем кубогында топ жарды. Міне, сол даңқты балуанның сыңары Қазақстанның туы астында өнер көрсетті. 1975-78 жылдар аралығында Владимир Пушница КСРО біріншілігінде үш мәрте үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар1965 жылы Евгений Волгин мен 1988 жылы Владимир Короев айтулы жарыс­тарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Өз қандастарымыз жайында айтар болсақ, 1977 жылы Қара­ған­дыда ұйымдастырылған додада 48 кг салмақта бақ сынаған Алмас Мұсабеков ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста эсто­ниялық Дмитрий Самощукке жол беріп, күміс медальды енші­леді. Осылайша, Жамбыл облысы өкілінің есімі КСРО чемпиона­тында жүлде алған тұңғыш қазақ самбошысы ретінде тарихта қалды. Дәл сол Алмас 1981 жы­лы өзінің командалық әріптесі Айт­жан Шаңғараевпен бірге қан­дас­тарымыздың арасынан ал­ғашқы болып Кеңес Одағының чемпионы атанды. Бұл жарыс та Қарағанды да өткен еді. Олардың бірі – 48 кг, екіншісі 52 кг салмақтарда күресті.

Жоғарыда есімдері аталған Алаштың айтулы қос азаматы КСРО чемпионатында тағы бірне­ше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әйгілі бапкер Марат Жақи­тов­тың қол астында жаттық­қан Алмас Мұсабеков КСРО-ның екі дүркін чемпионы (1981, 1984), екі дүр­кін күміс (1977, 1985) және төрт дүркін қола (1978, 1980, 1987, 1989) жүлдегері атанды. Бар­лығы – 8 жүлде! Ал Темірхан Досмұхамбетовтен тәлім-тәрбие алған Айтжан Шаңғараев Одақ­тың басты додасын екі рет (1981, 1984) ұтты.

Ағайынды Байшолақовтарды білмейтін жанкүйер жоқ-ау, сірә! Қарағандының Жаңаарқа ауда­нында туып-өскен олар сексенінші жылдары қазақ спор­тының абыройын асқақтатты. Қанат – КСРО чемпионатының күміс (1981) және екі дүркін қола (1980, 1985) жүлдегері. Талғат – бір рет екінші орын (1984) алса, екі мәрте үшінші сатыға (1985, 1986) табан тіреді. Бағымызға туған Байшолақовтарды көптеген сам­бо саңлақтарын тәрбиелеген әйгілі Марат Жақитов пен даңқты Диқанбай Биткөзов сынды майталмандар баптады.

Оралдық Асқар Шайхиев Кеңес Одағы біріншілігінде үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Батыр Қуанышевтің шәкірті 1987 жылы Ташкент пен 1988 жылы Омбыда күміспен күптелсе, 1989 жылы Алматыда алтын медальды мойнында жарқыратты. Жаңарқалық Сергей Волобуевтың аталмыш жарыстың жеңімпазы (1989) және күміс жүлдегері (1991) деген атағы бар. Бұл балуанның ұлты орыс болғанымен, есейе келе Ислам дінін қабылдады. Намаз оқып, сәждеге жығылды. Есімін Әли-Сұлтан деп өзгертті. Сондай-ақ ересектер арасындағы КСРО чемпионатында Тұрмыс Халелов (1983 жылы – ІІІ орын), Мәден Қалиеков (1984 жылы – ІІІ орын), Айбатыр Махмұтов (1988 жылы – ІІІ орын), Марат Темірболатов (1988 жыл – ІІІ орын, 1989 жыл – ІІІ орын). Одан бөлек, сол кездері КСРО Халықтары спартакиадасы мен КСРО Кубогы үздіксіз өтіп тұрды. Бұл жарыстарда да бір­қатар қазақтың самбошылары жасындай жарқырады. Әңгімеміз тым ұзаққа созылмау үшін айтулы бәсекелерге тоқталуды жөн көрмедік.

Халықаралық додалардағы табысымыз да қомақты болды. Кеңес Одағы дәуірінде қазақ сам­бошылары арасынан екі әлем чемпионы шықты. Олар – Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиев. Қанат 1984 жылы Мадридте өткен додада дараланды. Жаңарқалық жолбарыс финалда Болгарияның беткеұстары Димитар Димитровті еш қи­налмай ұтты. 1987 жылы Асқар Шайхиевтің асығы алшысынан түсті. АҚШ-тың Нью-Джерси ша­татында жалауы желбіреген жарыста Оралдың оғыланына тең келер ешкім табылмады. Ақтық сында ол да Димитровтен басым түсті.

Өкінішке қарай, әлем чемпионы атанған қос қандасымыз да қазір арамызда жоқ. Екеуінің де өмірі келте болды. 2000 жыл­дың мамыр айында Шайхиев Асқар өзінің туған жері – Орал қаласында қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. Асқар небәрі 37 жаста еді. 2011 жылдың 5 ақпанында Қарағанды мен Жезқазаған тас жолының бойында самбодан әлем және Еуропа чемпионы, КСРО кубогының иегері Қанат Байшолақовты КамАЗ қағып кетті. Боранды күні атақты балуан мінген жеңіл көлік жолдың жиегіне шығып кетіп, ол өзге жүргізушілерден көмек сұрамақ болады. Ауа райының қолайсыздығынан КамАЗ-дың жүргізушісі Қанатты байқамай қалған екен. Алаштың алтын асықтай азаматы 50 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.

Қарт құрлықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілген қандастарымыз аз емес. 1982 жылы Варнада қос қазақ күміс алды. Олар – Қанат Байшолақов пен Алмас Мұсабеков. 1984 жылы Бильбаода Айтжан Шаңғараев бас жүлдені қанжығасына байласа, 1986 жылы Ленинградта Алмас Мұсабеков дәл сондай құрметке бөленді. 1987 жылы ағайынды Бай­шолақовтар атой салды. Қанат Еуропа чемпионы атанса, Талғат күміс медальды мойнын­да жарқыратты. Міне, Кеңес Ода­ғы дәуірінде Қазақстанның самбошылары осындай нәтиже көрсетті. Байыптап қарсаңыздар, жүлде алғандардың дені қазақтың өр мінезді ұлдары.

– Әрине, бұл саладағы табы­сымыз одан да қомақты болу керек еді. Бірақ ол кездегі саясат сондай еді. Қазақтың атақты балуандарының тағдыры боз кілем­де таза айқас үстінде ше­шілсе, біреуге кінә тағып неміз бар? Мәскеудегі спорт басшы­ла­рының кесірінен талай мықты сам­бошымыз тасада қалып қой­ды. Егер сондай әділетсіздік бол­мағанда қазақтан шыққан әлем чемпиондарының саны қа­зір­гіден көп болар еді, – деп Қа­зақ­стан самбосының академигі Керей Қойшыбек өз өкінішін білдірді.

Біз бүгінгі мақаламызда тек әлем, Еуропа және КСРО чем­пионаттарындағы нәтижелерді ғана тілге тиек еттік. Одан бөлек, бас­қа мәртебесі биік жарыс­тар үздіксіз өтіп тұрды. Ол бәсе­ке­лер­де де талай жігіттеріміздің бақ жұлдызы жанды. Одан кейін алып империя ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет және дербес команда ретінде дүбірлі додаларға қатыса бастады. Ал 1992 жылдан бастап осы кезге дейінгі табысымыз тіптен толағай. Бұл жайында кейінгі бір мақаламызда кеңінен әңгімелеп берерміз.