Тарих • 16 Қараша, 2020

Маршалдың қазақ ауылында қалған анасы

7270 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында Талдықұм деген ауыл бар. Аудан орталығы – Шалқар қаласынан солтүстікке қарай 43 шақырым жерде. Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев туып-өскен ауыл. Бастауыш мектептің меңгерушісі әрі жалғыз мұғалімі Ідіріс ағай оқушыларымен қоштасып, мектеп есігін бекітіп, майданға аттанған жер. Жүзден астам фашистің көзін жойы­п, Днепрден өту операциясынан соң ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы Ідіріс Үргенішбаевқа Батыр атағы берілді.

Маршалдың қазақ ауылында қалған анасы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Талдықұм қазір Шалқар ауылдық округіне қарайды. Мал-жанға жайлы, құм ішінде отырған қазақы, қонақжай ауыл. Көзге тосын көрінетіні – ауыл іргесіндегі темір мола. «Тухачевская Марфа Петровна (Кеңес Одағы мар­шалының анасы)» деген жазуы бар.

1941-1945 жылдары майдандарда басшылық жасаған 41 маршал мен генералдың аты-жөні белгілі. Осы жылдар ішінде 600 генерал соғыста өлген. Бұл тізімде маршал Тухачевский жоқ. Ол Қызыл Армия мен флоттың сталиндік репрессия тырнағына іліккен ірі әскери шенді офицерлері тізімінің басында тұр.

1920-1930 жылдары КСРО әскери саласында өзара бақталас екі қуатты топ болды. Бірінші топта маршалдар Климент Ворошилов пен Семен Буден­ный. Михаил Тухачевский айналасына екінші топ шоғырланды. 1935 жылы Тухачевский ең жоғарғы әскери шен – Кеңес Одағының маршалы атағын иеленді. 1936 жылы Қор­ғаныс халкомының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 1936 жылы қабылданған әскери доктрина авторы да соның өзі болатын. 1937 жылы 1 мамыр мерекесінде Сталиннің дәл жанында жүрді. Содан кейінгі бір ай ішінде бәрі де астан-кестен болады. «Троцкистердің антикеңестік әскери ұйымы» деген айдар тағылған іс бойынша М.Тухачевский, Киев әскери округы қолбасшысы И.Якир, Белоруссия әскери округы қолбасшысы И.Уборевич, Фрунзе атындағы әскери академия бастығы И.Корк, әскери корпус командирлері Р.Эйдеман, В.Путна, В.Фельдман, В.Примаков, қорғаныс халкомының бірінші орынбасары Я.Гамарник (өзін өзі атып өлтірген) айып­талды. 11 маусымда өткен жабық сот мәжілісінде «сатқындық, шпионаж, әске­ри төңкеріс жасауға дайындалғаны үшін» барлығы да ату жазасына кесілді. Үкім сол күні түнде орындалған.

Қазірге дейін жарияланған деректер бойынша ресейлік зерттеушілер бірнеше нұсқа ұсынады. Ресей ҒА бас ғылыми қызметкері, профессор Юлия Кантордың пікірінше «Тухачевский ісі бастан-аяқ ойдан шығарылған, саяси тапсырыс­пен жасалған жалған іс. Қылмыстық іс материалдары айыпталушылардың өз «қылмыстарын» мойындауынан ғана тұрады. Айыптау хаттамаларында қара­қошқыл дақтар көп, оның адам қаны екенін сараптама дәлелдеді. Яғни ұрып-соғу және барлық отбасы мүшелері мен туыстарын құртамыз деп қысыммен қол қойдырған» дейді. Екінші нұсқа бойынша НКВД жетекшісі Ежовтың тапсырмасымен Тухачевскийдің герман барлау қызметімен байланысы туралы құжаттар алдын ала дайындалған» дейді. Үшінші нұсқада Ворошиловтың өз бақталасы туралы Сталинге жеткізген негатив материалдары айтылады. Маршал және оның әйелдері туралы келесі нұсқада шындық пен өсек-аяң мидай араласып кеткен. Михаил Тухачевский үш рет заңды некеде болған. Маршалдың өмірі мен қызметін шұқшия зерттеген адамдар оның серілік жүрісінің санынан жаңылған. Бір мысалға ғана тоқталайық. Ол Үлкен театрдың солисі Вера Давы­дова. Вера өз мемуарында жиырма жыл бойы Сталиннің сүйіктісі бол­ғанын жазған. Ал Вера мен маршалды таныстырған «ескі досы» Климент Во­рошилов екен. Мұртты көсемді қатты ашуландырған нәрсенің бірі ретінде осы байланыс айтылады.

«Тухачевский ісі» армия мен флотты жайпап өткен репрессиялар тізбегінің басы еді. Ресми мәліметтер бойынша 1937 жылдың маусымы мен 1938 жыл­дың қараша айы арасында полковник­тен маршалға дейінгі 1800 офицер сотталған.

Отбасы мен туыстарына кесірін тигізбеу үшін жасамаған қылмысын мойнына алғандар атылып кетті. Бірақ тірі­лерге көмегі болмады. 1935 жылы қабылданған «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері туралы» (члены семьи изменников Родины) КСРО заңы бар еді. 58-ші баппен сотталған адамның отбасы мүшелері де 5 жыл Сібірге айдалатын. 1937 жылдан бастап жаза 8-10 жылға дейін қатайтылды. Сталин 1942 жылы қол қойған «өте құпия» қаулыға сәйкес жау жағына өткен, немістерге қызметке тұрған, шпиондықпен айналысқан адамдардың отбасы мүшелері түгел 5 жылға жер аударылатын болды.

Смоленск губерниясының тұр­ғыны, кедейленген дворян Николай Тухачевский ата-анасының жалғыз ұлы болатын. Әкесі ерте қайтыс болған. Жас помещик қарапайым шаруа Петр Милоховтың бес қызының бірі (Аксинья, Настя, Ольга, Алёна, Мавра) Мавраға үйленген. Бұл некеден төрт ұл, бес қыз туған. Михаил үшінші ұлы.

1937 жылы Михаил Тухачевский атылған соң отбасы мүшелері мен туыс­тары түгел сотталған. Әйелі Нина Гриневичті әуелі жер аударып, кейін бірнеше рет соттаған. 1941 жылы 16 қазанда Астрахань лагерінде Гамарник, Уборевичтің әйелдерімен қатар атылған. Қызы Светлананы жетім балалар үйіне жіберген. Кәмелет жасқа толған соң «Кеңес билігіне қарсы насихаты үшін» деген сылтаумен 5 жылға соттаған. 1948 жылы екінші рет соттап, жер аударған.

Маршалдың екі ағасы Николай мен Александр атылды, әйелдерін жер аудар­ды.

Үлкен қарындасы Ольга 8 жылға Кемер облысындағы Сиблагқа жібе­рілген. 1948 жылы «қоғамға қауіпті элемент» ретінде қайта соттап, Колымаға жер аударған. Мерзімі бітпей тұрып 1952 жылы 10 жылға тағы соттаған. 1956 жылы ақталып Мәскеуге оралған.1957 жылы толық ақталған. 1995 жылы қай­тыс болған. Күйеуі Лев Гейман 5 жылға сотталған.

Екінші қарындасы Елизавета 8 жыл­ға жер аударылып, 1945 жылға дейін АЛЖИР-де болған. 1947 жылға дейін Нұрада жұмыс істеген. 1948 жылы «қоғамға қауіпті элемент» ретінде қайта соттап, Магаданға 5 жылға жер аударған. 1953 жылы бостандық алған. 1956 жылы толық ақталған. 1998 жылы өмірден өткен. Елизаветаның күйеуі Юрий Арватов 1937 жылы атылған.

Үшінші қарындасы Мария 8 жылға Кемеровоға жер аударылды. 1948 жылы қайта сотталып, 5 жылға Магаданға жіберген. 1957 жылы толық ақталған. Мария 1995 жылы қайтыс болған. Күйеуі Максим 1938 жылы атылған. 1926 жылы туған қызы Марианна институттың соңғы курсын бітірер кезде 1951 жылы 8 жылға Красноярскіге жер аударылған.

Төртінші қарындасы Софья 5 жыл­ға сотталып, Қазақстанға жер ауда­рылған. Шамамен 1939 жылы Оңтүстік Қазақстан, Ақбастау ауылында (бұрынғы Глинково) өлген.

Бұлардан басқа маршал Тухачев­скиймен байланыста болған бірнеше әйел сотталған. Азаматтық некеде болған әйелі Юлия Кузминаның сотталып, лагерьге кеткені белгілі. Әрі қарай оның да, маршалдан туған 11 жасар қызының да тағдыры белгісіз. Режиссер Наталья Сац та сотталып, Москваға Сталин өлген соң қайта оралған.

Талдықұмда жерленген маршалдың анасына қайта оралайық.1989 жылы КСРО прокуратурасына Ольга Туха­чевскаяның жазықсыз қуғын көрген анасын ақтау туралы өтініш арызы түседі. 1957 жылы «Тухачевский ісі» бойынша сотталған адамдар түгел ақталған болатын. Сондықтан отбасы мүшелері мен туыстарын ақтауға кедергі боларлық сылтау жоқ. Бірақ Мавра Петровна қашан, қай жерде өлгені туралы ресми мәлімет керек. Прокуратура Ақтөбеге сұрау салады. Бір жыл ішінде біраз нәрсе анықталып, Мәскеуге жауап жіберілген.

Көп жұмбақтың жауабы басқа жолмен Тухачевскийдің қарындастарына да жеткен. Хрущевтің «жылымық жылдары» және Горбачевтың қайта құру саясаты кезінде репрессия құрбандары жүздеп ақталып жатты. Тағдырлас, мұңдас жандар бір-бірін іздеп, бастан кешкен бейнеттерін ашық айта бастаған уақыт. Қыздарға анасымен бірге болған Пелова Хана Марковна хат жазады. Ол Астраханьда және Қазақстанда мар­шалдың анасымен бірге болғанын, бастан өткен оқиғаларын жіпке тізіп жазған екен.

68 жастағы Мавра Петровнаны әуелі Астраханьға жер аударған. Немістер Сталинград түбіне жақындап қалған кезде сотталғандарды түрмеге жинап, этаппен жан-жаққа жібере бастаған. Баржаға тиелген көп адамды 15 тәулік Еділ өзенінің ағысымен жүзіп Каспий теңізіне әкелген. Баржадан кемеге мінгізіп, Түрікменстанның Красноводск портына жеткізген. Келесі күні жүк вагондарына мінгізіп, аштық пен шөлден әбден қалжыраған, тоңған байғұстарды желтоқсан айында Шалқар стансасына әкеп түсірген. Келесі күні қарлы аязда тоғыз сағат жүріп Талдықұмға жеткен. Еріксіз келген оншақты адамды колхозшы Сәтен Ордабаевтың екі бөлмелі жертөлесіне орналастырған.

«Бір бөлмеде біздің отбасының бес мүшесі, тағы бір балалы әйел және Мавра Петровна болды. Жолда бәріміз қатты тоңдық. Бетімізді, аяқ-қолымызды үсітіп алдық. Қазақтар бізге таңырқай қарады. Сосын қой етін әкеліп берді. Мавра Петровнаның саулығы күрт нашарлады. Ыстық шай беріп төсекке жатқыздық» деп жазады Хана Пелова. Ауыл тұрғындарының әңгімесі осы мәліметті толықтыра түседі.

«Осы мола бала кезімізден бар. Ауылдың үлкен кісілері айтып отыратын. «Соғыс кезінде бір топ адамды солдаттар алып келді. Солдаттар кеткен соң бардық. Бір-екі адамның аяқ-қолында кісен бар екен. Ауыл ұстасы кісенін алып тастады. Әр үй жағдайына қарай азық-түлік жинап берді. Содан кейін де көмектесіп тұрдық. Олар да қарап отырмайды. Шұлық, қолғап тоқып береді. Анда-сонда әскери киімді адамдар келіп оларды тексеріп кететін. Екі иығын көрсетіп жылай беретін кемпір болды. Сырқаттанып қайтыс болыпты. Ауыл адамдары жертөленің сыртына апарып жерледі. Сталин өлгеннен кейін жер аударылып келгендерді солдаттар алып кетті. Кеңес Одағы ыдырау­дан бұрын біреулер іздеп келді. Сол кемпірдің қызы мен күйеу баласы екен. Жерленген орнын көрсеттік. Қабірін қоршап, басына аты-жөнін жазып қойды. Маршалдың анасы екенін сонда ғана білдік. Иықтарын көрсетіп жылайтыны погон таққан баласын меңзегені екен ғой». Бұл ауыл адамдарының жадында қалған, әкелерінен естіген деректер.

Содан бері де отыз жылдан астам уақыт өтті. Заман, қоғам өзгерді. Өзгер­меген «Тірінің қадірін біл, өлген­нің қабірін біл» дейтін қазақы қағида. Тал­дықұм ауылының адамдары қабірді күтімге алған. Жылына бірнеше рет айналасын тазалап, темір қоршауын жалтыратып сырлап қояды екен. Ешкімнің аманаты немесе тапсырмасы емес. Бү­кіл отбасы саясаттың құрбанына айналып, ұл-қыздары мен немерелері тоз-тоз болған, уайым-қайғы мен бейнеттен 72 жасында көз жұмған репрессия құрбанына деген құрмет. Қазіргі уақытта Мавра Петровнаның ұл-қыздары да, немерелері де өмірден өткен. Қазақ ауы­лының іргесінде, топырақ бұйырған жерде маршалдың анасының сүйегі қалды. Сонда бұл кемпірдің мемлекет алдында қандай қылмысы бар? Ешқандай қылмысы жоқ. Большевиктер құрған сұрқия қоғамның саясаты сондай болды. Ол саясат өзіне жан-тәнімен қызмет еткен қызыл маршал Тухачевскийдің өзін де, айналасын да түгел жалмап тынды.

 

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

тарихшы