16 Сәуір, 2010

БИЗНЕСКЕ ЖОЛ АШАТЫН “ЖОЛ КАРТАСЫ” НЕМЕСЕ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ ҚАЛАЙША КӨРСЕТІЛМЕК?

721 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
“...Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады. “Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржы­ландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады”. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық—жаңа экономикалық өрлеу—Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауынан. Мемлекет басшысының берген тап­сыр­масын жүзеге асыру мақсатында үстіміз­дегі жылдың 13 сәуірі күні өткен Үкімет оты­рысында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының бекітілгені белгілі. Отырыс барысында Үкімет пен бүкіл кә­сіп­керлік ұйымдар арасында бірегей үйлестіру ке­ңе­сінің құрылғанын айта келіп, “Бұл өткен жыл бойына өмір сүріп, өз жұмысының тиімділігін көр­сеткен бұрынғы дағдарысқа қарсы үкіметтік ке­ңестің қисынды жалғасы. Бұл біз оперативті режімде шешімдер қабылай алатын орган. Яғни біз кәсіпкерлік және банктік ортамен өзара қа­рым-қатынастардың жұмыс органын құрдық”,  деп атап көрсетті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдар­ламасының бекітілген нұсқасы догма емес, қажеттілік болғанда және оны жүзеге асыру тәжірибесі барысында оны жетілдіре түсу мақсатында қажетті түзетулер енгізіліп тұратын болады. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов атап өткендей, “Бизнестің жол картасы-2020” —бұл экономикалық қана емес, сонымен бірге, бірінші кезекте саяси да мәселе. Нақты сектордағы әртараптандырудың тағдыры мен Қазақстанның сыртқы рыноктардағы бәсекеге қабілеттілігі біздің бизнестің осы бағдарламаға қаншалықты қосыла алатындығына байланысты болмақ. Дәл ұлттық бизнестің өзі Қазақстан экономикасын дамытудың локомотиві болуға тиіс”. Мәселені қарау кезінде Премьер-Министр 2010 жылы ресурстардың елеулі бөлігінің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сауықтыруға жұмсалатынын айта келіп,  келесі  жылдан бастап біздің банктік ортаның қаржы ресурс­тарының нақты экономиканы несиелеуге қарай бетбұруын ынта­лан­дыруымыз үшін, сол сияқты біздің қай бағытқа қарай бет алып бара жат­қа­ны­мыз­ды көрсету үшін жаңа жоғары тех­но­логиялы өн­дірістерді  құрудың негізгі мақсатқа айналатындығына назар аударды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дарламасы Қа­зақ­стан­ды үдемелі ин­дустриялық-ин­но­­вациялық да­мы­тудың 2014 жылға дейінгі кезеңге арналған мем­ле­кеттік бағ­дар­ла­ма­сын жүзеге ас­ы­рудың тетіктерінің бірі болып табылады. Бағдарлама жеке кәсіпкерлікті дамыту тұр­ғысында шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсету, әкімшілік кедергілерді төмендету, тауарлар сатып алу мен қызметтер көрсетуде қазақстандық мазмұнды ұлғайту үшін қажетті жағдайлар жасауды қарастырады. Бағдарламаның мақсаты—экономиканың шикізаттық емес секторларындағы  өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты да тепе-тең дамуын  қамтамасыз  ету,  сол сияқты  қазіргі  бар жұмыс орындарын сақтап, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу. Бағдарламаның мақсатты индикаторларына мынадай көрсеткіштерді жатқызуға болады. -жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден кем болмайтын несиелерді жыл сайын төмендетіп отыру. 2015 жылға қарай: - өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ құрылымындағы үлесін 12,5 пайыздан  кем емес деңгейге жеткізу; - шикізаттық емес экспорттың үлесін жалпы экспорт көлемінің 40 пайыздан кем емес деңгейіне жеткізу; - шикізаттық емес сектордың көлемін өңдеу өнеркәсібінің жиынтық өндірісі көлемінің 43 пайыздан кем түспейтін деңгейіне жеткізу; - өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 1,5 есеге ұлғайту. “БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020” БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ: 1.Жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету. 2.Кәсіпкерлік секторды сауықтыру. 3.Экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсету. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткізілмек немесе басты мақсаттар қандай? Бірінші, индустриялық-инновациялық дамуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында жеке сектордағы кәсіпорындар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру. Екінші, жеке сектордың, бірінші кезекте банк­тердің қаржыларын экономиканың ши­кізаттық емес секторларындағы инвести­циялық жобаларды жүзеге асыруға тарту. Үшінші, жеке сектордың, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қаржылық-экономикалық тұрақтылығын арттыру. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңдері. І саты—2010 жылдан 2014 жылға дейін, бұл орайда 2010 жыл қанатқақты жыл ретінде болады; ІІ саты—2014 жылдан 2020 жылға дейін. Қажетті қаржылар және оларды қаржы­ландыру көздері. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін респуб­ликалық бюджеттен 2010 жылы 30 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде: жаңа бизнес-баста­маларды қолдауға—11,2 миллиард теңге; кәсіпкерлік секторды сауықтыруға—16 миллиард теңге; экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсету үшін  2,8 миллиард теңге бөлінбек. Осы орайда Үкімет бас­шысының мына бір сөзін еске сала кету орынды. “Бөлінген қаржыларды пайдаланудың мөл­дірлігін қамтамасыз етудің маңызы орасан зор. Біздің дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша  бірлескен  тәжірибеміз  оған нақты дәлел болып табылады. Осындай маңызды жұмысты респуб­ликалық және өңірлік деңгейлерде  жалғастырудың  маңызы  зор  деп есептеймін”,  деп атап көрсеткен болатын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет отырысында. Енді бизнес-бастамаларға қалайша қолдау көрсетіледі деген мәселеге келер болсақ, бұл ретте мына төмендегідей маңызды міндеттердің шешім табатынын атап көрсету қажет. Олар: 1.Жобаларды жүзеге асыру үшін банктер берген несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау. 2.Жобаларды жүзеге асыру үшін банктер берген несиелерді ішінара кепілдендіру. 3.Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдарды дамыту. 4.Бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету. 5. Кадрлар  даярлау,  жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру. Келесі бағыт немесе кәсіпкерлік секторды сауықтыру. Ол қалай жүзеге асырылады? Сауықтыру шеңберінде мынадай қолдаулар көрсетілуі мүмкін: -Борышкерге банктер несиелері бойынша бұрыннан бар және  жоба қолдау тапқаннан кейін пайда болатын бір несиелік желідегі жаңа борыштар бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау; -Борышкердің салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді  (дербес табыс салығынан өзге)  төлеуін  кейінге, яғни  өсімақы  есептеместен 3 жыл мерзімге қалдыра тұруды заңдық деңгейде қарау; -кәсіпорынды қаржылық-экономикалық сауықтыру жоспары шеңберіндегі өзге де сауықтыру шаралары, оның ішінде Қазақ­станның қор биржасында орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлар алдындағы борыштар. Бағдарламаның бұл бағытына экономи­каның басымдықты секторларындағы кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Үшінші бағыт—экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсету. Бұл ретте  мемлекеттік  қолдау бұрыннан бар банк несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаның бұл бағытына тау-кен және металлургия өнеркәсібі  кәсіпорындарынан тыс,  экономиканың  былайғы  барлық сектор­ларында өндірген өнімдерінің 10 пайыздан астамын  экспортқа шығаратын кәсіпкерлер қатыса алады. Бұл жағдайда пайыздық ставкалары суб­сидияланатын несиелердің сомасы бір заем алушыға шаққанда 3 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі одан әрі 10 жылға дейін ұзарту мүмкініктерін қарастыра отырып, 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімді құрайды. 2010 жылы бағдарламаға қатысушы банк­тердің сыйақы ставкалары 12 пайыздан аспайтын болуы керек. Бұл жағдайда экс­порттаушы 4 пайызын төлейді де, мемлекет 8 пайызына өтемақы береді. 2011 жылдан бастап субсидиялау мөлшері банк сыйақысы ставкасының 70 пайызын құрайтын болады. Пайыздық ставкаларды субсидиялау және банктердің несиелері бойынша кепілдік беру тәртібін бағдарламаның барлық бағыттары бойынша да Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын болады. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz