Қоғам • 17 Қараша, 2020

Қоғамдық ұйымдар бас қосты

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда облыстық ІХ Азаматтық форум отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, облыстық басқарма басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері мен қала, аудан әкімдері қатысты.

Қоғамдық ұйымдар бас қосты

Жиынды ұйымдастыру­шы «Қостанай облысының азаматтық альянсы» қоғам­дық қорының төрайымы Динара Өтебаеваның айтуынша, жыл басынан бері аймақта үкіметтік емес ұйымдардың мұрындық болуымен отыздан астам қайырымдылық акциясы, елудің үстінде онлайн пікірталқы шаралары өтіп, қоғамдық бірлестіктер мен түрлі мекемелердің және бизнес қауымдастығының өз­ара байланысы нығая түс­кен. Бұл өз кезегінде «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын тиімді енгізу­ге және мемлекет пен биз­нес­тің және үкіметтік емес ұйым­дардың өзара тиімді әріптес­тігінің іліп алар үлгісі болып отыр.    

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жұмыла атқарған жұмыстары нәтижесіз емес. Мәселен, бүгінде азаматтық қоғам институттарымен бір­лесе отырып жұмыс жүргізу­дің түрлері мен платформалары қалыптасты, ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдаудың тетік­тері көбейді. Қоғамдық бір­лестіктерге мемлекеттен келіп түсетін әлеуметтік тап­сы­рыстар, гранттар мен сый­ақылардың көлемі ұлғайды. Мемлекеттік органдардың жанынан қоғамдық кеңестер ашылып, «Ашық Үкімет» қалыптастырудың құқықтық негізі қаланды.  

Форум жұмысы барысында Қостанай облысы кәсіп­одақ орталығының төрайымы Екатерина Смышляева, об­лыстық мәслихаттың депу­та­ты Гүлмира Қапенова, Қазақ­стан Президенті жа­нын­­­­дағы мемлекеттік бас­қа­ру ака­демиясының доценті Татьяна Зуева, «Ел Ер­теңі» жас­тар қоғамдық бірлесті­гі­нің төрағасы Болат Қалиев сияқты шешендер азаматтық секторды қолдау мен дамыту­дың өзекті мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды.   

Сонымен қатар облыс­тық форумда ҮЕҰ өкілдері мен салалық басқарма­лар­дың қыз­меткерлері кезде­сіп, аймақта мемлекеттік тапсырысты жү­зеге асыру барысында көл­денең шығатын кейбір мәсе­ле­лерді талқылады.   

– Қазақстан Республика­сында қазіргі кезде қоғам­дық бақылау институтын бел­­­­сенді жүзеге асыруын қам­­­­тамасыз ететін тиімді инс­­­­ти­­туционалдық-құқық­тық не­гіз толық қалыптасып бол­­ды. Бұл орайда, Елбасы­ның «100 нақты қадам – Ұлт­тық жоспары», атап айт­қанда, транспарентті және есеп беретін мемлекет қалып­­тас­тыруға бағытталған бе­сін­ші реформа шешуші рөл атқарады. Мемлекеттік бас­қару органдарының жұмы­сын бағалаудың бұ­рын-соңды бол­маған жаңа жү­йесі ен­гізілді. Бұл жүйе сырт­қы тәуел­сіз аудит міндет­те­ме­лері­нің қағидаттарына, көп­ші­лікке ашық, қоғаммен ты­ғыз байланыста болуға, бас­шы­лардың жеке басының жа­уап­кершілігіне негізделеді, – деді Гүлмира Қапенова.   

Елімізде бірнеше инс­ти­ту­цио­налдық құрылым­дардың  табысты жұмыс істеп келе жатқанын тілге тиек еткен  Гүлмира Қапенова бүгінде көптеген маңыз­ды шешімдердің қабыл­дануына халықтың тікелей қаты­суын қамтамасыз етіп, аза­мат­тар­дың құқық­тарын қорғауға белсенді атсалысып отырған қоғамдық кеңестердің, омбу­дс­мендердің, ақылдастар кеңесі мен комиссиялардың, сондай-ақ ведомствоара­лық мониторингтік топтар­дың азаматтық қоғам қалып­тас­тыруға айтарлық­тай үлес қо­сып отырғанына тоқталды. 

Отырысқа қа­тысу­­шы­лардың пікірін­ше, ай­мақта қоғамдық бірлес­тік­тердің белсенділігі жыл санап өсіп келе жатқанымен, қоғамдық бақылау тетіктері мем­­ле­кеттік институттар мен жер­гілікті атқарушы ор­ган­­дар қызметінің тиімділі­гін арт­тыруға әлі де болса жет­­­кілікті мөлшерде ық­пал ете алмай отыр. Елім­із­де қа­лып­­тас­қан қоғамдық бақылау ық­палы­ның деңгейі мен сипаты уақыт пен халықаралық тәжірибе қолданысындағы стандарттардың талабына  сәйкес келе бермейді. Бұл белгілі бір деңгейде қоғам­дық бақылау субъектілері қызме­тінің бүтін бір жүйе ретінде қалыптаса қоймағандығымен байланысты. Жүйелі әрі ықпалды қоғамдық бақы­лау қалыптасу үшін мұндай құрылымға негіз болатын арнайы заң қабылданып, оның қызметі мен міндетіне, мақсат-мүддесіне заңнамалық тұрғыда нақты айнықтама беріліп, реттелуі тиіс.

– Бүгінгі форумдағы ең негізгі әрі басты мәселенің бірі волонтерлық тақыры­бы деп білемін. «Волонтер жылы» аяқталып келеді, алай­­да форум барысында волон­­тер­лердің алдында әлі де қыруар іс күтіп тұрғаны айтыл­­ды. Бүгін үкіметтік емес ұйымдармен тәжірибе алмаса отырып, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыру жолдары, жұмысты ұйым­дастыру, нақты бір мә­селе бойынша белгілі бір нәтижеге қалай қол жеткізуге болатыны туралы пайдалы ақпарат алдық, – деді «Ел Ертеңі» жастар қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Болат Қалиев.     

 

Қостанай облысы