Әдебиет • 18 Қараша, 2020

Үш өлең

754 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарала сырмақ

Көңілімнен айығар сырғақ-күдік,

Бала күнді толғансам жырлап тұнық.

Анам сонда жүретін тым асығып,

Ою салып, өрнектеп, сырмақ тігіп.

Балалықтың аңсадым құлынды әнін,

Қайда қалдың тым тентек жұлынған үн.

Үш өлең

 

«Келіншек алып берем» – дейтін анам,

«Қайтесің?» – деп сұрасам «мұның бәрін».

Армандаумен өткеріп таңды кілең,

Бір қиял көкірегімде жанды білем.

«Келіншек алу үшін» – деп ойладым,

Өрнекті сырмақ керек алдыменен.

Бәрі де сақталыпты есте берік,

Сырмақтар тігілген соң кестеленіп:

«Көршінің кенже қызын алып бер» – деп,

Қиғылық салдым бір күн кешке келіп.

Шағым ол ойламайтын тереңдей тым,

Қайғының сезінбеген керең кейпін.

Үйіне барсам ылғи әкесі де,

«Қызымды саған ғана берем» дейтін...

Гүл-балалық құшағын тұрады ашып,

Естуге шат күлкіні құлақ асық.

Әйтеуір жалған-шынын біле алмадым,

Анашым келді бір күн құдаласып.

Қуаныш үн көңілді көтерді асқақ,

Енді бәрін көзіммен өтем жасқап.

Жүрдім сосын сыртынан иемденіп,

Ауылда жігіт те жоқ бөтен-бастақ.

Елітіп жастығымның күй ырғағы

Аңсадым арман жолын қиырдағы.

Тігіліп қанша сырмақ бітсе дағы,

Қайтейін көрші қыз да бұйырмады.

Малданып белең берген жырға қылаң,

Кеудемде шертілгенмен сырғалым ән.

«Олжасыз» барғанымда анашым-ау,

Ұялам сол қарала сырмағыңнан.

Жақсылық Қазымұратұлы

 

Ауылдың баласы едім...

Ауылдың баласы едім, аңғал едім,

Тағдырыма көшіргем таңғы әлемін.

Жұлдыздың аққанына тілек айтып,

Бір қыздың аңсаушы едім арлы әдебін.

Жаным ол кез сезімге жаншылмаған,

Арманым да бар еді таусылмаған.

Тайым қалды, мініске үйретілмей,

Қайың қалды, қабығы аршылмаған.

Көлікке отырған сәт, бекет барып,

Көз алдымда тау қалып, етек қалып.

Жүген ұстап жүгірдің несіне аға,

Жылқыны кете алмадым жетекке алып.

Жазылмас жүрек дейтін ет шипамен,

Қалаға сап жіберді шеткі үй сәлем.

Соңғы рет балалықпен дұға жасап,

Атам жатқан мазарға бет сипап ем.

Уысымда тұрғандай кей түн, әлем,

Өлең жазсам – мөп-мөлдір, бейкүнәлі ем.

Нілдің суын білмеймін, көргенім жоқ,

«Кірдің суын баспашы», – дейтін әжем.

Білемін жер – мекенім, көк – тұрағым,

Несіне көп төмендеп, көп бұғамын.

Кірдің суын баспаймын деп жүргенде,

Өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын.

Нұртас Тұрғанбекұлы

Бәйгеторы

Бұл жолы Бәйгеторы бәйге алмады,

Бақыттың осы шығар айналғаны.

Көмбеге бұрын жетті көз алдында,

Көлбеңдеп Көк теңбіл ат қай-қайдағы.

Торының «тақтан» солай тайғаны ма?

Қалды енді бұл тірлікте қай мағына?

«Жұмабайдың жүйрігі екінші алған»,

Құдай-ай, кім сенеді жайға мына?!

Жарықтық Жұмабайда ес қалмады.

Тілегі орындалмай тосқандағы.

Төңірек түгел таныр тұлпарының,

Осылай ұшқаны ма бастан бағы?

Тірлікте тәтті болмас сайран соңы.

Қу көңіл ұғар дейсің қайдан соны.

Сыртынан Мыңбай сыншы күрсінеді:

«Алдына қара салмас қайран, Торы...»

Амал не өкпе артқанмен өткен күнге?

Торыдан сырт айналар жеткен күнге.

Айғайшыл, марапатшыл, даурықпа жұрт,

Қарайды көзін сатып Көктеңбілге.

Баяғы әдетіндей ең бір ескі,

Күншілдер сөзге көміп көлгір Есті:

«Төр бермес, топтан озғыш Торы атыңды,

Көктеңбіл көк шаңына көмді» десті.

Халықтың теңбілге ауып бар назары,

Қорланған жануарда жан-мазалы,

Намысы көкіректе шер боп тұнып,

Ақыры көз жас болып тамды азабы.

Торының кім түсінер ішін тегі?

Белгісіз желік жұртты ісінтеді.

Жылқының адам құсап жылағанын,

Көргендер тілін безеп мүсіркеді.

Бұл күйге Торы ат қалай шыдар енді,

(Бұл қазақ тілдеп құртқан Құлагердi!)

Сол түні ол қорасынан қашып шығып,

Бетке алып ұзақ шапты құба белді...

Халыққа дақпырт дайын қырық күнге,

Із-түзсіз жоққа айналды күлік мүлде.

...Торыны содан кейін таппады ешкім,

Кетті ме, біржолата сіңіп түнге?

Білмеймін...

Шерхан Талап