Экономика • 18 Қараша, 2020

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 216 ауылдық елді мекенде 920 жоба іске асады

1112 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер... Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген еді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 216 ауылдық елді мекенде 920 жоба іске асады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Осы орайда жоғарыдағы Елбасы идеясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Үкіметі 2019 жы­лы 27 желтоқсан күні № 990 қаулы қабылдап, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша өңір­лерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Мұндағы мақсат – инте­грацияланған ауыл тұрғында­рының өмір сүру сапасын жақ­сарту арқылы ауылды дамыту, сонымен қатар шекаралық өңір­дегі елді мекендерді көр­кейту екен.

Аталмыш бағытта бүгінге дейін нендей игі істер атқарылды, қандай жұмыстар қолға алынды? Бұл сауалдарға жауап беру үшін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының мәліметіне жүгінсек, еліміздің аума­ғында 6 443 ауылдық елді мекен бар болса, онда 7,7 миллион адам немесе республика тұрғын­да­ры­ның 41,5 пайызы өмір сүріп жатыр.

Жоғарыдағы елді мекендердің экономикалық және әлеуметтік мәртебесін айқындау үшін  Ұлт­тық экономика министрі 2019 жылы 13 қыркүйекте халық санының өсу серпіні, мал және өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны, халықтың жұмыспен қамтылуы, елді мекен­дердің үлкен орталықтарға жа­қын­дығы т.б. 150-ден астам өл­шемшарттарды басшылыққа ала отырып әдістеме қабылдапты.

Осы құжат негізінде даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктеліп алынса, бұлардың – 1 173-іне тірек және 2 388-іне серіктес ауыл мәртебесі беріліпті. Нәтижесінде, алдағы 2 022 жылға дейін ауыл халқының 87 пайыздан астамы ауылдық аумақтарды дамыту жобасына қамтылатын көрінеді.

Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы Елбасы тарапынан «Нұр Отан» партиясының XVIII съезін­де берген тапсырмасына сәй­кес, 2019 жылы басталғанын айта кету орынды. Жобаны іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арнап республикалық бюджеттен 90,0 миллиард (әрбір жылға 30,0 миллиард) теңге бөлінсе, жобаның өзектілігін ескере отырып, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес іс-шара жоспары 2022 жылға дейін ұзартылды.

Жоба қолға алынған 2019 жылдың қорытынды есебіне үңілсек: 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдық елді мекенде 520-ға жуық игі шара  атқарылып, олардың 247-сі көлік, 193-і әлеу­меттік инфрақұрылымға ба­ғыт­­талса, тұрғын үй коммунал­дық шаруашылығына қатысты атқа­рылған 80-ге жуық шараның нәти­жесінде барлығы төрт мың­нан астам жұмыс орны ашыл­ған екен.

Сонымен қатар 2019 жылы іс­ке асырылған жұмыстар қо­ры­­тындысының талдауына қара­сақ, ауылдық жерлерде ха­лық санының 35,1 мың адам­ға (674,4 мыңнан 709,5 мың дейін) өсуі,
4 822 жұмыс орнының құры­луы, ірі орталықтарға дейінгі сапалы жолдар үлесін 96 пайызға жетуі, ауылдық жерлерді ауыз сумен жабдықтау 92 пайыз қам­­тылуы, ШОБ субъектілері санының 1 389 бірлікке ұлғаюы, инвес­тициялар көлемінің 94,5 тең­геге жетуі сияқты жүзеге ас­қан статистикалық деректерді бай­қаймыз.

2020 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жергілікті атқарушы органдар республи­калық бюджеттен бөлінген 29,2 млрд теңгені немесе жоспардың 99,6 пайыз қаражатын игерсе, даму әлеуеті бар ауылдар­ды өңірлік стандарттарға жет­кізу және алдын ала есептеулер бойынша қолда бар инфра­құрылымдық мәселелерді шешу үшін 2027 жылға дейін 900 млрд теңге қаражат қажет екені айқындалыпты.

Болашақта жобаның қол­данылу мерзімін 2027 жылға дейін ұзарту көзделуде және рес­пуб­ликалық бюджеттен 70 пайыз немесе 630 млрд теңге, ал қалған 30 пайыз немесе 270 млрд  теңгені жергілікті бюджеттерден бөлу қарастырылуда.

Сондай-ақ дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойын­ша Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен 2020 жығы 25 наурыз күні өткен отырыста республикалық бюджеттен қосымша 55 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Бұл қаражат 193 ауылдық елді мекенде (163 тірек, 30 серіктес) әлеуметтік және инже­нерлік ин­фрақұрылымды салу, реконструкциялау және жөн­деу жөніндегі іс-шараларға бағыт­талатын жайлы шешім шықса, оның: 18,7 млрд  теңгесі құрылыс және қайта жаңарту бойынша 78 жобаға; 36,3 млрд теңгесі орташа және күрделі жөндеу бойынша 514 жобаға жұмсалмақ екен.    

Жалпы, жоба шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін республикалық бюджеттен – 84,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 13,8 млрд теңге бөлініп,  216 ауылдық елді мекенде (184 тірек, 32 спутниктік) 920 жобаны іске қосу көзделуде. Нәтижесінде, 16 мың жұмыс орны (868 тұрақты және 15 212 уақытша) ашылып, 10,7 млрд теңге мөлшерінде салық төлемдері күтілуде.