Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында: «Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді», деді. Аталған норманың сақталып-сақталмай жатқанын білу мақсатында бірнеше компанияға хабарластық. Көпшілігі ғылым мен технологияны қолдауға белгіленген қаржыны уақтылы бөліп отырғанын жеткізді. Жарайды, қаражат қарастырылады делік, бірақ бұл қалай және қай бағытта жұмсалады? Соған назар аударып көрелік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған ERG тау-кен өндіріс компаниясы 2018-2019 жылдары ғылым мен технологияны дамытуға 9 млрд теңге бөліпті. Бұл – мемлекеттің 3 жылға бөлген қаражаты. Естеріңізде болса, Үкімет жас ғалымдардың жобаларын 3 жыл бойы қаржыландыруға 9 млрд теңге қарастырған еді. Егер әр компания жылына мемлекеттен 3 есе көп қаражатты тек ғылымға бөліп отырса, онда неге ғылым дамымай келеді? Әлде қарастырылған қаржы қажетті иесіне жетпей қала ма?
Бұл сұрақ бойынша «ERG-дің ғылыми-зерттеу және инжиниринг орталығы» ЖШС Басқарма төрағасы Сергей Опанасенконы сөзге тарттық.
– Компаниямыздан ғылымға бөлінетін қаржы өнімнің жаңа түрлерін шығару, алынатын өнімнің қасиеттері мен өндірістік техникалық және экономикалық көрсеткіштеріне технологиялық параметрлердің әсерін модельдеу әдістері арқылы зерттеп, талдау, жаңа қуатүнемдеуші, қоршаған ортаға шығарындыларды азайту, өндіріс қалдықтарын залалсыздандыру мен оларды қайта өңдеу технологияларын әзірлеу, зерттеу және сынақтан өткізуге жұмсалады. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – құрамында хромшпинель бар қождарды флотациялық байыту технологиясын әзірлеу. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қара металлургия кендерін байыту ісінде флотация әдісі өндірістік ауқымда пайдаланылмайды. Жаңа әзірлеме Ақтөбе облысындағы Дөң кен байыту комбинаты кенінен алынатын хром үлесін арттыруға сеп болмақ. Тек биыл аталған технологияны патенттеу үшін екі өтінім берілген. Қазір тәжірибелік-өндірістік сынақ жүріп жатыр. Қалдықты қайта өңдеу де ғылыми-зертеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) бағытының басым бағыттарының бірі саналады. Мәселен, қазір кенді балқытуға дайындау мен тасымалдау барысында түзілетін құрамында хромы бар ұсақ кендерді қайта айналымға жіберу технологиялары әзірленіп жатыр. Осы ұсақ кендерді кесектеу ісі тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өтуде. Бұл технология тек құрамында хромы бар ұсақ кендерді өндіріске қайтарып қана қоймай, кенді қалпына келтіруші пештердің өнімділігін арттырып, апаттың орын алу қаупін төмендетеді, – деді ERG өкілі.
Компанияның жанынан құрылған ғылыми-зерттеу бағытындағы орталықтың басшысы С.Опанасенконың айтуынша, ERG тұрақты атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстың тағы бірі – электрлі балқыту алдында кен материалдарын қалпына келтіру технологиясын әзірлеу. Өз кезегінде бұл жоба балқытуға кететін электр қуаты шығынын азайтуға ықпал етеді. Сәйкесінше, пештердің өнімділігі мен өңдеудің тиімділігі артады. Оның үстіне бұл ферроқорытпалар өндірісінде қолданылатын құны қымбат қалпына келтіргіштердің орнына табысты кәдеге жарап жүрген көмірді пайдалануға сеп болмақ.
Енді қараңыз, барлық компания немесе кәсіпорын ERG секілді ғылым мен бизнестің егіз ұғым екенін ұғынып, қаржыландыруды жолға қойып әрі оны осылай бақылауда ұстап отыр ма? Әлде жалған жобаны желеу етіп өз ішінде бөліске салып жатыр ма? Қаражаттың іс жүзінде емес, есептерде ғана ғылымға жұмсалғанын анықтау үшін орталықтандырылған бақылау керек қой. Мұндай сөзді «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясындағы Ғылым департаментінің басшысы Арман Өмірғали да айтып отыр. Оның пайымдауынша, ғылымға қаржыны бөлу бар, ал одан да маңыздысы – бөлінген қаражатты басқару.
– Ғылым мен технологияға компаниялардың 1 пайыз табысын аударып отыруы ең алдымен, отандық ғылымды дамыту мақсатында қолға алынды. Бұл жерде қолданбалы ғылымды емес, іргелі ғылымды дамыту мәселесін де ұмытпауымыз керек. Ал аталған мәселеде ашықтық пен әділдік неліктен өзінің өзектілігін жоймай келеді? Себебі қаражаттың тиімді және қажетті жұмсалуын қадағалап отырған құзырлы орган жоқ, тиісінше жер қойнауын пайдаланушылар ақшаға қатысты есебін ғана береді. Олар әдетте келісімшартқа бөлінген ақшаның көлемін көрсетеді. Шын мәнінде, қаражат көп жерде техникалық жабдықтар алуға жұмсалып кетіп жатады. Оның ғылымға қатысы бар ма? Бұл анықталуы тиіс қой. Бөлінген қаражатқа не алынды, қандай ғылыми жоба іске асырылды? Міне, дәл осы маңызды жұмыс бақыланбайды. Біздіңше, түйткілдің барлық түйіні – осында. Мұндай мәселені шешу үшін компаниямызда арнайы ғылыми-техникалық кеңес құрылған. Осының негізінде біз компаниядан бөлінген қаражатты бақылауда ұстап отырмыз. Ұлттық ғылыми кеңес жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан бөлінетін бірнеше трлн теңгені жалғыз бақылай алмайды. Сондықтан оны бірнеше сала мен құрылымына қарай бөліп қарастыру керек. Әр бағыт пен сала бойынша бөлек Ұлттық ғылыми кеңестер құрылуы қажет. Мұндай жауапты кеңестер қаражатты қадағалауы тиіс. Ал жалпылама бақылау деген нәтиже бермейді, – дейді А.Өмірғали.
Жақсы, бөлінген ақшаны бақылайтын органдар құрылып, ғылыми кеңестердің жұмысы жанданды делік. Бірақ елімізде соңғы уақытта ғылыми жобаларға қаржы қарастыратын Ұлттық ғылыми кеңеске қатысты даулы пікірлер жиі айтылады. Демек, бақылайтын органның өзі бақылауда болуы тиіс. Бұл туралы Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бақытбек Әміров:
– Ғылымды қаржыландыру ісінде олқылықтар жетерлік. Соңғы жылдары ғылымды сараптаушы және бақылаушы органдардың өзінде де жемқорлықтың жайлағаны туралы әлеуметтік желілерден жиі біліп отырдық емес пе? Гранттық немесе нысаналы қаржыландырудың тағдырын шешетін Ұлттық ғылыми кеңестің құрамын әлі де болса жан-жақты сараптап, қайта қарау керек сияқты. Бұл кеңестің құрамында бұрын ұзақ жылдар ғылымды басқарушы немесе ұйымдастырушы органдарда протекционистік және консервативтік сарынмен жұмыс істеген азаматтар емес, іздену қабілеті мен шығармашылық белсенділігі жоғары және прогрессивтік заманауи біліммен қаруланған өрелі ғалымдардың болғаны абзал. Екінші жағынан дәстүрлі ғылыми мекемелерді ұзақ басқарған аға буынның менталитеті мен кейін ғылымға келген, әсіресе дамыған шетелдерде білім алып немесе жетекші ғылым ордаларында жемісті тағылымдамадан өткен, соңғы ғылыми технологияларды жете түсінетін ғалымдарымыздың көзқарасы сәйкес келе бермейді. Одан соң өнеркәсіп пен өндірістің дамуына нақты қажетті әрі іске асырылатын жобаларды ғана қаржыландыру саясатына жүгінуіміз керек. Кейінгі кезде үрдіс алып кеткен әртараптандыруды желеу етіп кейбір салаларда ғылымға бөлінетін қаржыны «бұрын Қазақстанда қарастырылмаған жаңа тақырып» деп түкке тұрғысыз жобаларға бөлу де кездесіп отыратыны шындық. Мұндай өндіріске қажетсіз дүниелер қазіргі жобалардың ішінде жетіп артылады, – дейді.
Ұлттық ғылыми кеңес демекші, оның құрамында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Кей ғалымдар көбіне осыған шағымданады. Олардың айтуынша, палатаның өкілдері – ғылымға қатысы жоқ жандар, жобаны сараптамадан өткізгенде қажетті жобаларға қиянат жасайды. Негізі палатаның өкілдерін кәсіпкер қауымның атынан қосқан еді. Дегенмен жобаларға қаржыны палата бөлмейді ғой. Неге құрамға ірі кәсіпкерлердің өзін тікелей тартпасқа? Міне, осы мәселені жауапты ведомство қайта қарастырғаны жөн секілді. Әйтпесе Ұлттық ғылыми кеңестің құрамын жаңартуға қатысты ұсынысты, палата өкілдері туралы ойды айтқан ғалымдардың жобалары – шынымен де халыққа пайдалы, мемлекеттің дамуына аса қажетті дүниелер.
Бәрін айт та бірін айт, қаражаттың жырын айт. Иә, білім, ғылым, мәдениетке жауапты БҰҰ-ның UNESCO ұйымы жариялаған «Зерттеулер мен әзірлемелердің (жобалардың) шығындары-2019» зерттеу-есебіне сүйенсек, технологиясы мықты дамыған Израиль ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4,95 пайызын бөледі. Жарайды, «Еуропа елдері бізден 100 жыл алда» дейтін уәжді ескеріп, өзіміз орналасқан Азия құрлығындағы Оңтүстік Кореяны алайық. Бұл ел ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4,81 пайызын береді. Ал біз бұл көрсеткішті небәрі 1 пайызға жеткізе алмай жатырмыз. Керісінше жылдан жылға төмендеп (2016 жыл – 0,17; 2017 жыл – 0,14; 2018 жыл – 0,13; 2019 жыл – 0,12 пайыз) барады. Сондықтан мемлекеттің қаражатынан бөлек ғылымға бөлінетін компаниялар мен ірі өндіріс орындарының қаржысы ғылымға ауадай қажет. Демек, шикізат өндірісімен айналысатын кәсіпорындар табысының 1 пайызынан жыл сайын түсетін триллиондаған қаражатты орталықтандырып бақылайтын жүйе, болмаса қаржының ғалымдар мен олардың ғылыми жобаларына тікелей бөлінуін жолға қоятын, осы жұмысты жандандыратын жол картасы секілді заңды күші бар құжат қабылдау – кезек күттірмейтін іс болып тұр.