Қоғам • 18 Қараша, 2020

Шағын қаладағы «ақылды» тепловизорлар

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лисаковта бірнеше кәсіпкер бірлесіп, қаланың орталығындағы адам ең көп жиналатын көпшілік орындарға үш бірдей тепловизор орнатты. «Қазір әлемнің қай түкпірінде болсын пандемияға қарсы күрес жүріп жатыр. Біз де тек жергілікті биліктің аузына қарап отыра бермей, өзіміз өмір сүріп жатқан қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндігімізше үлес қосуды жөн көрдік», дейді кәсіпкерлер.

Шағын қаладағы «ақылды» тепловизорлар

 

Сергей Старков иелік ететін кондитерлік цехын бүкіл қала жұрты жақ­­сы біледі. Қолы ашық азамат жер­лестерінен қолынан келген жақ­сы­лығын аяп көрген емес. Әлемді жайлаған індет Лисаковқа да жетіп, қаланың үстін қауіп бұлты торлай бастағанда Сергей әкімдікке барып, қандай көмек керек екенін сұрапты.

– Лисаков әкімдігіне барып, ақыл­дасып-кеңесіп, сапалы тепловизор алу керек деген шешімге тоқтадық. Гуанчжоудағы медициналық құрыл­ғылар шығаратын қытайлық зауыт­тар­дың бірімен жақсы байланыстамын. Тікелей тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бұл ойымызды Сергей Берваген, Роман Сухин, Алексей Аман, Әлихан Боранбаев секілді кәсіпкерлер де қол­дай кетті, – дейді ол.

Кәсіпкерлер қолға алған игі баста­маға жергілікті әкімдік «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы шеңберіндегі «Көркейе бер, Қостанай» жобасы аясын­да қолдау білдірген. Әр теплови­зордың құны 445 мың теңге тұрады. Құрылғы қол тазалайтын санитайзермен жабдықталған. Кәсіпкерлер Гуанчжоу зауытына ешбір делдалсыз тікелей тапсырыс беріпті. Бір айдан кейін үш тепловизор Лисаковқа жетіп, қала әкімдігінің фронт-кеңсесіне, халыққа қызмет көрсету орталығына және тұрғындар коммуналдық қызмет төлейтін орталыққа орнатылды.

Сергей Старковтың сөзінше, жаңа тепловизорлар адамның дене қызуын айна-қатесіз дәл көрсетеді екен және күннің ыстық-суығына қарамай, тіпті 40 градустық қақаған аязда да мүдірмей жұмыс істей береді.

– Бұл – «not touch» жүйесімен қамтылған «Sunchip» маркалы тепловизорлар. Кәдімгі компьютер сияқты жұмыс істейді. Дене қызуын тексерген әрбір адам туралы жеке мәлі­мет­терді сақтап, суретке түсі­ріп отырады. Алдындағы адамның маска таққан-тақпағанына дейін тексе­ріп, нәтижесін сақтап қояды. Бұл теп­ловизордың тағы бір ерекшелігі – құрылғы өзінде сақталған мәліметтерді қажет жерге жібере алады. Мысалы, тепловизорды қалалық емханалармен байланыстырсақ, құрылғы өзіндегі мәліметтерді тікелей емханаға жіберіп отырады. Бұл ісі бастан асып жатқан дәрігерлердің де жұмысын сәл де болса жеңілдетеді, – деді кәсіпкер.

Тепловизорлардың бірі қала әкім­ді­гінің жанынан ашылған фронт-кеңсенің кіреберісінде тұр. Фронт-кеңсеге келушілер ғимаратқа кірместен бұрын тепловизордың алдына тоқтап, экранға қарайды. Адамның бет-бейнесі компьютер мониторындағы шекара сызығына сыйып тұруы керек. Ақылды құрылғы дене қызуы қалыпты адамға «Сіздің температураңыз қалыпты» деп жауап қатып, экранда жасыл түс жанады. Егер нәтиже керісінше шықса, экран беті қып-қызыл түске боялып, робот «Дене қызуыңыз көтеріліп тұр! Маска тағыңыздар» деп айқайға басып, дабыл көтере бас­тайды. Лисаковтықтар тепловизор-роботтың адамды тексеруден өткізіп қана қоймай, көпшіліктің көңіл күйін көтеріп, жұртты күлдіретінін қызық көреді. Бағдарламашылар таяу күндері тепловизорлардың барлық мүмкіндігін іске қосады. Осыдан кейін «ақылды» роботтар көпшілік орындардың қауіп­сізді­гін қадағалайтын нағыз санитар-сақшыларша жұмыс істей бас­тай­д­ы.

 

Қостанай облысы,

Лисаков қаласы