Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселеге тоқталып, құқық қорғау құрылымдары мен қаржы нарығын қадағалайтын және бақылау жүргізетін мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізген болатын. Бұл кеңесте Президент ел азаматтарына айтарлықтай материалдық шығын келтірген қаржы-несие ұйымдарының заңсыз қызметіне тосқауыл қою мәселелерін айтқан еді. Мемлекет басшысы қоғамда наразылық тудырған жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Сондай-ақ болашақта мұндай жағдайға жол бермеу керектігін және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарының маңыздылығын атап өткені есімізде.
Ендігі күні еліміздің құқық қорғау органдары мұндай ниеті бұрыс ұйымдармен күресуді мықтап қолға ала бастады. Қаржы пирамидасына қатысты істерді тергеу жұмысы күшейіп, айлакерлердің алдын алуға бағытталған бірқатар қадамдар жасалып жатыр. Өз кезегінде, полицейлердің ауқымды жұмысы ауыз толытырып айтуға болатын нәтижелер барын айғақтап отыр.
«Қаржы пирамидасын құруға қатысты қылмыстар қашан да кең қоғамдық пікір тудырады. Сол себепті, ішкі істер органдарында осы жағымсыз құбылысқа қарсы тұру мәселесіне айрықша басымдық беріледі. Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің тергеу бөлімшелері 250 қылмыстық іс тергеді. Бүгінде соның 120-сы сотқа жіберілген. Қаржы пирамидасын құру және оған қатысу мәселесі бойынша 98 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар 63 адам сот санкциясына сәйкес қамауға алынған», дейді Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, полиция полковнигі Санжар Әділов.
Осы күні елімізде қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істерден зардап шеккен адамдардың саны 25 мыңнан асып жығылады. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 33 млрд 250 млн теңгеден асады. Алаяқтардан жапа шеккендердің басым бөлігі еліміздің батыс және оңтүстік өңірінің тұрғындары көрінеді. Аталған өңірлерде «Гарант-24» ЖШС, «Тиімді займ», «ESTATE ломбард», «Indigo-24 Evolution», «Gold Company LTD» ЖШС, «HomeAutoInvest» сынды ірі қаржы пирамидасы ұйымдары барынша белсенді әрекет еткені анықталып отыр. Қаржы пирамидаларының кесірінен көп шығынға батқан отандастарымыздың басым бөлігі Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары.
«Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті «Гарант-24» ЖШС қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты тергеу амалдарын аяқтады. Осы қылмыстық істен жапа шеккен 18 мыңнан астам адам арызданды. Аталған ұйымның келтірген материалдық шығын көлемі 22 млрд теңгеден асады. Бұл қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Бұл топтың құрамына 150-ден астам тергеуші мен анықтаушы кірді. Ішкі істер органдарының ел аумағындағы барлық аймақтық бөлімшелерінде ауқымды жұмыс атқарылды. Сонымен қатар, осы қылмыстық істі тергеу барысында біз 33 қылмыстық әрекетті тіркедік. Бүгінде 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Соның ішінде 30 адам қамауға алынған. Аталған 30 адамның қатарында қаржы пирамидасының құрылтайшылары аумақтық басшы және менеджерлер бар. Бұдан бөлек, 5 адамға іздеу жарияланды», дейді департамент бастығы.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі жедел-іздестіру шарасын өткізген болатын. Іздеу салынған тұлғалардың басым көпшілігі Қазақстан аумағынан тыс жерлерде анықталып, қолға түсірілген еді. Ұлттық ұланның көмегімен Молдова, Түркия, Қырғызстан мемлекеттеріне арнайы ұшу сапарлары жасалып, мемлекетаралық және халықаралық іздестіруге жарияланған тұлғалар Қазақстанға жеткізілді. Күдіктілерден 70 млн теңгеден астам қаражат тәркіленді. Қылмыстық әрекеттері барысында сатып алған 15 автокөлік, 2 өзі аударғыш жүк көлігі, 2 автокран, қарда жүретін техника, 29 пәтер мен тұрғын үй, 3 жер учаскесі, 5 автокөлік тұрағының орны, 1 кафе-бильярд кешені сынды әртүрлі мүліктерін пайдалануға тыйым салынды. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, тыйым салынған мүліктердің жалпы құны 22 млрд теңгеден асатын көрінеді.
«Сонымен қатар осы «Гарант-24» ЖШС қылмыстық ісіне қатысты 4 тұрғын үйді, 140 пәтерді, 1572 автокөлікті пайдалануға тыйым салынды. Аталған компанияның барлық кеңселерінде тінту жүргізіп, барлық құжаттамалар мен заттай айғақтарды тәркіледік. Бүгінде барлық күдікті тұлғаларға қатысты тергеу амалдары толық аяқталды. Өндірістегі қылмыстық іс тоқтады. Жапа шеккендер мен күдіктілер қылмыстық істің материалдарымен танысу жұмысына кірісті», дейді С.Әділов.
Тергеу департаменті Ақтөбе облысындағы «Gold Company LTD» ЖШС-нің ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істі де аяқтады. Аталған ұйым азаматтардың қаржысын тартумен және оны қайта бөлумен айналысып келген болатын. Осы қылмыстық іс бойынша 2,5 мыңға жуық жапа шегушіден арыз келіп түсіпті. Залал көлемі 1,5 млрд теңгеден асып отыр. «Gold Company LTD» ЖШС қылмыстық ісі бойынша тінту кезінде 32 млн теңгеден астам қаражат, әртүрлі кеңсе техникасы тәркіленді. Қазақстанға қылмыстық әрекетін іске асыру үшін арнайы келген Ресей Федерациясының 2 азаматы қамауға алынды.
Сонымен қатар Тергеу департаменті «Questra World», «TeleTrade Central Asia», «Indigo Evolution», «Ailin forever» сынды өзге де қаржы пирамидалары бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ең алдымен отандастарымызды келтірілген шығынның қалай қайтарылатыны алаңдатады. Сондықтан осы күні құқық қорғау органдарының барлық әрекеті қылмыстық жолмен ұрланған қаражат пен мүліктің, салымшылардың активін анықтауға, оны уақытылы бұғаттауға бағытталып отыр. Ал шығынның орнын толтыру мен пайдалануға тыйым салынған мүліктің тиістілігін анықтау мәселелерін сот қарастыратын болады. Әрине, күдіктілердің барлық мүліктері сот ұйғарымы бойынша жапа шеккендердің материалдық шығынының орнын толтыруға бағытталады.
Қылмыстық істерді тергеу тәжірибелері қаржы пирамидалары – тез байып кеткісі келетін отандастарымыздың көзсіз сенімділігінің және салымның жоғары табыс әкелетініне кепілдік беретін тартымды жарнамалардан бас тарта алмайтындығының нәтижесі екенін айғақтап отыр. «Біз отандастарымызға БАҚ арқылы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындарды қаржы пирамидаларының әрекеті туралы ескертеміз. Соның өзі аздық етіп отыр. Ішкі істер министрлігінің, жауапты мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің ауқымды жұмысы – тұрғындар алдында қаржы пирамидаларының бет-бейнесін ашуға, оның қаупін түсіндіруге бағытталуы тиіс. Отандастарымыз мұндай ұйымдарға қаржы салу – ақыр соңы материалдық шығынға батыратынын түсінуі керек», дейді полиция полковнигі.
Әрине, әр азамат өзінің материалдық қорын, қаражатын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Оның өскенін, еселеп пайда әкелгенін қалайды. Осы мақсатпен түрлі қаржылық ұйымдардың қызметіне көз жүгіртіп, барынша тиімдісіне, қауіпсіз әрі ұтымдысына салым жасауға шешім қабылдайды. Алайда аңдап басатындардың өзі көп жағдайда айлакерлердің алдап-соғуына сеніп, қаражатынан қағылып жататыны мәлім. Сондықтан ұтудың орнына ұтылып, пайдаға кенелудің орнына тұтылып қалмау үшін нені білу керек? Салым салғыңыз келген ұйымның қаржы пирамидасы екенін қандай белгілерге қарап білуге болады?
«Қылмыстық істерді тергеу амалдары барысында анықтаған, өзіміз үшін қандай да бір қорытынды шығарған қаржы пирамидаларының басты белгілеріне тоқталайын. Ең алдымен, мұндай қаржы ұйымдары өз салымшыларын еш негізсіз бірден жоғары пайдаға кенелтеміз деп уәде береді. Мәселен, құйған қаражатты 25, 30, 50 және одан да жоғары пайыздық үстемелермен қайтарып алуға болатынын айтады. Қазіргі экономикалық жағдайға қарап-ақ мұндай пайдаға кенелудің мүмкін емес екенін аңғаруға болады. Ұйымның қаржы пирамидасы екенін айғақтайтын келесі белгі – тартылған әр қатысушы үшін бонустың төленуі. Яғни қаржы пирамидасының өкілдері «соңыңыздан тағы екі-үш адамды шақырыңыз» деп үгіттейді», дейді С.Әділов.
Оның айтуынша, үшінші белгі ретінде, ұйымға қатысушыларға пайыздық үстемені кейін қосылған қатысушылардың қаражаты есебінен төлеуді айтуға болады. Мұндай ұйымдарға қатысушы тартсаңыз соның қаражаты есебінен пайдаға кенелесіз деген сөз. Төртінші белгісі – қаржы пирамидалары ешқандай да заңды қаржылық ұйымға жатпайды. Мұндай ұйымдардың жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге реттеуші берген рұқсаты (лицензиялары) жоқ. Яғни қаржылық ұйымда жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, қаржы нарығын реттеуге және оны дамытуға рұқсаты болмаса бірден күдіктену керек.
Қаржы құйғыңыз келген ұйымның қаржы пирамидасы екенін айғақтайын соңғы белгі – оның нақты қызмет бағытының болмауы. Яғни кез келген қаржылық институт не болмаса инвестициялық компания өзінің құрылтай шарттарын, құқық белгілеуші құжаттарын көрсетуі керек. Бұл шарттар мен құжаттардың барлығын қаржы құймай тұрып оңай тексеруге болады.