Тарих • 18 Қараша, 2020

Қаратөбе қасіреті

1412 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақтың дархан даласындағы қай тасты аударсаңыз да тарихтың тереңінен сөйлеп қоя береді. Табаныңыздың астында ашылмаған қаншама сыр жатқанын білмейсіз. Жуырда Төлеби ауданы Қаратөбе ауылында бие байлап, қымыз ашытатын Ақбөпе Сманованы саумал ішеміз деп іздеп барғанбыз. Ол биелерін бір қырат басына арқандайды екен. Біз сол қыраттың басына шықтық. «Мына жерде Ойрантөбе деген төбе бар. Басына Барақ, Секер деген батырлардың қабірі бар» деді ол бір сөзінде. Найманнан тараған көкжал Барақ батырды білуші едік.

Қаратөбе қасіреті

Сонда бұл қай Барақ болды екен? Арқа мен Алатау, Ертіс пен Еділ ара­сындағы Ойрантөбені де тарих­тан білеміз. Райымбек батыр Жеті­суда жоңғарлармен соғысқан жер­де Ойрантөбе атты тағы бір төбе бар. Ал Меркі мен Құлан ауыл­­да­рының арасында Алатаудың Сан­дық жайлауындағы Ойранды аталатын шатқалдың жөні бір бөлек. Сонда Ойрантөбе Қазақ жерінде үшеу болғаны ғой.

Осыдан соң осы ауылдың тума­сы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім саласының ардаге­рі, «Құрмет» орденді Көшкінбай Елікбаевтан Секер, Барақ тарихын сұрастырдық. Жасы сексенге келсе де ширақ та тың Көшкінбай көкеміз бізді Ойрантөбеге қиналмай алып шықты. Ойрантөбе көкеміздің бау-бақшасының іргесінде-ақ қол созым жерде екен. Ойрантөбе Қаратөбе атты биік төбенің жанында оқшау тұр. Айналасы ор болып қазылған. Кезінде осы ор бойымен су келіп, сырттан келген жау төбе басындағыларға өте алмаған. Төбе басына Барақ пен Секерге арнап белгі қойылыпты. Осы белгі басында Көшкінбай көкем қырағыттап құран оқыды. Мен Ойран­төбе оқиғасы, Секер, Барақ тари­хы туралы ақсақалдан суыртпақтап сыр сұрадым. Құлағының қалтасы бар Көшекең оқып-тоқығандарын, естігендерін ұмытпаған.

Расында, бұл Барақтың Көкжал Ба­раққа тікелей қатысы бар болып шықты. Бұл былай. Сиқым Көш­кін­­шінің Маса, Қоғыл деген екі ұлы да жоңғарлармен жағаласып өт­кен батырлар болыпты. Қоғыл кезін­де кіші жүз қолымен бірге Еділ бо­йын­дағы Астрахан қаласын жау­дан қорғауда батырлықпен қаза та­бады. Қоғыл бәйбішесінен бала сүй­меген. Кейін ағасы Масаның айтуы­мен Көкжал Барақтың айдай сұлу қарындасын алып қашып келіп, үйленеді. Үзеңгілес жүрген батырдың қарындасына көзі түскені үшін Көк­жал Барақ оның бұл қылығын ке­шір­ген деседі, оның үстіне қыздың со­ңынан келген қуғыншыларды жақ­сылап күтіп, мол дүние-мүлікпен шы­ғарып салады. Көкжал Барақ жиеніне «мендей батыр болсын!» деген ниетпен өз есімін берген деседі.

Қоғылдың екінші ұлына Секер деген атты кіші жүздің батыры Тайлақ қойған. Кіші Барақ кіші жүздің атақты батыры Тайлақтың қарындасына үйленеді. Негізінен бұл некеге Қоғылмен үзең­гілес жүрген Тайлақ батырдың өзі ық­пал етсе керек. Тайлақ батырдың қарындасынан туған тұңғыш ұлға Нар есімі беріледі де, кейінгісін на­ға­шысының құрметіне Тайлақ атайды. Сонымен ұлы жүз Сиқым еліне орта және кіші жүздің екі батырының есімі сіңіседі.

Ағайынды Барақ пен Секер жыл­қылы бай атанды. Қаратөбе бау­райын жайлады. Балдыберек өзе­нінен мыңдаған жылқы су ішіп, жай­лауда жайылып жатты. Олар Сай­рамдағы өзбектермен тату еді. Өз­бек ағайындардың қолынан келмей­тіні, таппайтыны болушы ма еді? Олар­дың қай-қайсысы болса да жыл­қылы ауылға керек. Ал Барақ пен Секер жоңғарлармен шайқаста оларды да қызғыштай қорғады, ет пен қымыздан тарықтырған жоқ. Кіші Тайлақ өзбектен қыз алып, екі ел құ­дандалы болды.

Бұл оқиға 1757 жылдың көкте­мін­де орын алады. Қаратау мен Алатау­ды жоңғар қалмақтары шегірткедей жайлап, елдің шып-шырғасын шығармай уысында ұстап, білгендерін жасап басына бастайды. Онымен де қоймай, жалғыз-жарым отырған ауылды қы­рып-жойып, ішке сұғына түсті. Жау­дың жауыздық ниеті белгілі еді. Олар Сайрамды бағындырып, өзбек қыздарының арасынан таңдап жүріп 350 қызды тұтқынға алады. Оларды алдарына салып, өз елдеріне айдап әкету үшін арнайы жасағы да да­йын тұрды. Осы ащы хабар Төле би мен Қойкелді батырдың да құлағына тиген. Екеуі ақылдаса келе, қазақ жасақтарын атқа қондырды.

Жоңғар қалмақтары Қаратөбе ар­қылы Алатау асып, одан әрі елде­ріне кетуші еді. Осыны білетін қазақ­тар Қаратөбе түбінде топтасты. Алай­да соңдарынан негізгі күш келіп жет­пегендіктен, қазақ жасағының саны қалмақтарға қарағанда тым аз бо­латын. Оның үстіне қалмақтарда зең­біректер бар.

Көшкіншіден тараған Маса, Қо­ғылдың ұрпағы жауға топ болып аттанды. Іштерінде әрине, Барақ пен Секер де бар еді. Олар өз жасағының көп екенін көрсету үшін алдарына үйір-үйір жылқы салып алды. Маңай тұтасқан шаңға бөкті. Қалмақтар зең­біректерімен үсті-үстіне оқ жау­дырған соң маңай азан-қазан болып кетті. Бұл кезде Қаратөбе бау­райы қалың арша екен. Найзадай болып аспанға шаншылып тұр­ған аршаның көптігінен оның ішіне жа­сырынған жанды табу қиын болатын. Жоңғарлар міне, осы арша арасына зеңбіректерін мықтап тұрып тыққан-ды. Жаужүрек Барақ пен Секер жау­дан тайсалған жоқ. Зеңбірек отта­рынан да қаймықпады. Төбеден до­малап түскен жаудың бастарынан шашыраған қарақошқыл қан то­пы­раққа сіңіп жатты. Ағайынды батырларды найза мен қылыштың ұшымен ала алмасын білген қалмақтар енді зеңбіректің ұңғысын екеуіне қарай бағыттады. Оқпаннан атылған жау оғы ағайындыларды мерт етті. Осы кезде Барақтың балалары Нар мен Тайлақ атой салып ұрысқа кіріскен еді. Олар зеңбірекке қарай ұмтыл­ды. Жанкешті шеріктер зеңбіректі қайта оқтаймыз дегенше жетіп барып, олар­ды қылышпен аямай осқылады. Зеңбіректің запыран үні өшкен соң қалмақтарда зәре қалмады, тонап алған дүние-мүліктерін, тұтқын өзбек қыздарын тастай қашты. Осы кезде Қаратаудың әр қатпарынан қазақ қолы да көріне бастаған еді. Алдымен Сәмен бастаған Ботбай қолы, артынша Борас ұрпақтарының батырлары мен Рысбек тобы жетті. Көп ұзамай Төле би мен Қойкелді бастаған жасақ та келіп үлгерді. Жансауғалап қашқан жаудың желкелеріне жебе қадалды, кеуделерін найза күйретті, денелерін қылыш осқылады. Алайда үш жүздің баласы үшін Барақ пен Секердің қа­засы ауыр тиді. Олар жиналып, аға­йынды батырларды осы маңға арулап жерледі.

Қазақ пен қалмақ қырқысып жат­қанда Нар мен Тайлақтың жалғыз қа­рындасы құрбыларымен бірге Сай­рамсу бойындағы қалың қоға ара­сына барып жасырынып қалған еді. Олар қалмақтардың бытырай қашып кеткенін көріп сыртқа шық­қанымен Нар мен Тайлақтың қарын­дасының жүрегі әлденеге зуылдап, ілгері басқан аяғы кері кете бер­ді. Сол кезде олардың құлағына Тай­лақ­тың сыбызғысының зарлы үні келді. Сыбызғы тілі сұмдық жайтты сұң­ғыла бір сыбырмен жеткізіп тұр­ды. Тұла бойы түршіккен бойжет­кен сол жерде аңырай құлап, жоқтау айтты. Оған барлық қыздар қосылды. Қара жамылған топқа жақындап кел­генде қыз өзін ұстай алмады. Сол қыздың зарлы жоқтауы ел жадында «Ойрантөбе ойылды, Секер, Барақ қо­йылды. Секер, Барақ әкекем, Се­кер, Барақ әкекем!» деп жатталып, Ықылас Дүкенұлының «Секер-Ба­рақ» атты күйіне ұласқан. Естігенде қа­бырғаны қайыстыратын бұл күй ел ішінде әлі де орындалады.

Содан кейін Тайлақ Ойрантөбе­нің басына шығып алып, сыбызғы­сын сарнатып, әкесі мен ағасын жоқ­тауды бір күнге де үзген жоқ. Оған қарындасы қосылды. Ойрантөбе басында айтылған жоқтау төңіректегі ел-жұртты түгел күңірентті. Бұдан былай да Нар мен Тайлақтың, оған қосылып қарындасының жоқ­тауы тиылмайтындықтан ауыл ақсақал­дары амал іздей бастады. Оны Тай­лақ­тың өзі тапты. Әулиеатадан асып, Ақыртөбе маңына жеткенде осы маң­ның табиғатына ұқсас Жарлысу, Сар­дала деген жерді талай көргені бар. Қайғыны ұмыту үшін амал жоқ, туған жерді тастап, олар күздің бір күні Қордай асып, Ақтерек маңына қоныс аударды.

– Ойрантөбе мен Қаратөбе ма­ңын Тоғатай Сиқым ұрпағы иен жай­лап отырған. 1913 жылы оларды Ре­сейден көшіп келген мұжықтар ығыс­тырады. Селоны ұлы империяны билеген әулеттің үш жылдығына орай Романов атайды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында осы жердегі ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, «Советский» ұжымшары атанды. 1937 жылы қанқұйлы Голощекин осы төңіректің барлық жылқысын маң­қа ауруына ұшырады деген же­леумен аттырып тастайды. Беріге де­йін Барақ, Секердің аттарын атауға да қорықтық қой. 1993 жылдың 10 тамызында Жамбыл облысы Ақыртөбе маңындағы ағайындар келіп, бір жылқы сойып, Барақ пен Секерге үлкен ас берді. Олар осында 3 автобус болып келгені есімде. Ойрантөбенің үстіне Барақ пен Секерге арнап белгі тас қойып кетті. «Қайта айналып со­ғамыз. Бабаларымыздың басына ескерткіш қойып, Ойрантөбені тарихи орынға айналдырамыз» десіп кеткен еді. Замана ауаны дес бермеді ме, басқа да себептері болды ма, бұл әзірге тоқтап тұр. Дегенмен тарих па­рағынан олардың ерлігі өшпейді, – деді бізге Көшкінбай қарт.

Барақ пен Секердің тұсында осы маңда Тайлақ тоғаны болған деседі. Оны Барақ баласына арнап арнайы салдырған көрінеді. Көштекең бұл әңгімені естігенімен дәл қайсы тоған екенін нақты айтып бере алмады. Бәлкім, колхоздастыру кезінде бұл тоған бұзылып кетті ме екен?

Оқшау тұрған Ойрантөбе бүгінде жан-жағын қоршаған үйлерден, тал-теректен анық көрінбейді. Жанынан өткен былайғы жұрт көп төбелердің бірі деп қана кетуі мүмкін. Осы ретте ауылдың баскөтерер азаматтары Ойрантөбені қайта жаңғыртып, басына ескерткіш қойып, оған барар жолды ретке келтірсе ұрпақ үшін бұл да бір сауап тірлік болар еді. Сонда ұмыт қалған ағайынды қос батыр рухы қолдап жүрмес пе? Тарихты алыстан іздемей-ақ үй іргесінен тап­қан ұрпақ бабалар ерлігін саналарына сіңіріп алмас па?

Орманды ойға батқан Ойрантөбе үн қатпайды. Ал оған тіл бітіретін бүгінгі ұрпағы емес пе?

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі