Руханият • 18 Қараша, 2020

Әнуар Әлімжанов әлемі

1994 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талдықорғанда мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжановтың 90 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті. Әдеби шараға еліміздің мәдениет, ғылым, әдебиет, өнер өкілдері қатысты.

Әнуар Әлімжанов әлемі

 

Жазушыны еске алуға арналған конфе­ренцияның шымылдығы түрілерден бұрын облыстық мәдениет басқармасы дайындаған арнайы көрмеге келушілер наза­рына ұсынылды. Мұнда Әнуар Әлім­жанов көзі тірісінде қолданған жазу машинкасы, тіршілік барысында тұтынған бұйым­дары мен киімдері де көзайым тәбә­рік ретінде қойылған екен. Көрмедегі зиялы қауым назарын аударған ерекше жәдігердің бірі ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ғұмырын арқау еткен «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы болды. Сондай-ақ қаламгердің бірнеше очерк, әңгімелер кітабы, «Көгілдір таулар», «Отырардан жеткен сый», «Қарасұңқар көпірі», «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұс­таздың оралуы», «Адамдар жолы», «Таным» тәрізді повесть-романдары да кітап сөресінен орын тапты.

– Кәтепті қара нардай, қажымас журналист-жазушы соңына теңдессіз әдеби және публицистикалық мұра қалдырды. Шығармаларында халықтық тасқынды күш-қуат, ұлттық идеяны тың белеске кө­терді. Анасы аштықтан көз жұмып, әкесі нақақтан «халық жауы» атанып, өмірден өткенін көрген жастың ақиқат пен күрес жолына бас тігуі заңдылық еді. Ұлттық сананы көтеру үшін алдымен тарихи сананы негіздеудің қажеттігін ерте түйсінген қаламгердің тарих тақырыбына, ел мен жердің кешегісіне құлаш сермеуінің сырын да осы өрістен іздеуіміз шарт. «Оты­рардан жеткен сый», «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» роман­дары рухты айрықша асқақтатты, – деді кон­ференцияда жасаған баяндамасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Әміре Әрін.

Ал жазушының кіндік қаны тамған Жетісу өңірі Әнуар Әлімжановтың саналы ғұмырында Қазақ елі үшін атқарған өлшеусіз еңбегін үнемі дәріптеп келеді. Қайраткер қаламгердің 90 жылдығына орай өткізіліп отырған шара да соның айғағы.

1

– Әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен, көркем дүниелерімен келешекке мол мұра қалдырған тұлға – Әнуар Әлімжанов. Жас ұрпақ үлгі тұтатын абзал азамат, талантты жазушы, қазақ халқының ұлы перзенті, көрнекті қаламгер облысымыздың Алакөл ауданына қарасты Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Әнуар Әлімжановтың шығармаларында бүгінгі өмір кешегі та­рих­тың заңды жалғасы ретінде сурет­теліп, халықтың жарқын болашақ жолындағы жасампаздық күресі, арман, мүддесі шынайы көрініс тапты. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер шығармалары ұлт­тық мұрамызға мол үлес қосты, оны жаңа мазмұнмен байытып, биікке кө­терді. Әнуар Әлімжанов бір сөзінде «Қа­зақ қоғамы үшін ағарту дәуірі әлі аяқ­тал­ған жоқ» деген екен. Жазушының бұл сөзі қазір де өзектілігін жойған жоқ, – де­ді жиында конференция қонақтарын құт­тықтаған облыс әкімінің орынбасары Рус­там Әли.

Кезінде Әнуар Әлімжановтың халық алдындағы қызметіне риза болған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Егер І Петр Еу­ропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлім­жанов – Азияға айқара аш­ты» деген екен. Әнуар Әлімжановтың өзі де Мұхтар Әуезовті ұстаз тұтып, шә­кірті ретінде бас иіп өткен екен. Ал «Қар­лы­ғаштан» қанат қаққан қағілез бала бүкіл ғұмырын ұлт руханиятына арнады. Ол Қазақ мемлекеттік универ­сите­тінің журналистика факультетін бітірген соң «Ленинская смена», «Огни Алатау» газеттерінде қызмет жасады. «Литературная газета» және «Правда» газеттерінің Қазақстандағы меншікті тіл­шісі қызметін атқарды. Еліміздің Жазу­шылар одағын басқарды. Сондай-ақ Мәс­кеудегі республикалар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, Қазақстанның тарих және мәдениет қорының төрағасы болып сайланған. Қазақ қаламгері Кеңес Одағының Азия және Африка жазушыларымен байланыс жасау жөніндегі ко­митеті төрағасының орынбасары, Бей­бітшілік қорғау комитетінің мүшесі бола жүріп шығармашылықтан да қол үзбеген. Оның әдеби туындыларының даңқы ел, одақ көлемінен асып, әр жыл­дары халықаралық сыйлықтарға ие болып жатты. Жазушыға берілген Джава­харлал Неру, Агостиньо Нето атындағы халықаралық сыйлықтар соның айғағы.

– Әнуар Әлімжанов әлем аралаған саяхатшы, жолжазба жазған қарапайым жазушы емес, ол сонау Африка, Азия елдеріне сапар шегіп, бодандықтан бостандыққа ұмтылған тағдырлас ұлттардың тамыр соғысын, таным-пайымын зерттеген ас­қан қайраткер қаламгер еді. Оның шы­ғармалары негізінен ұлттық рухқа бағышталса, әрбір туындысы тарихтан тамыр тартып, алты Алаштың аспанында ба­балардың өр рухы жаңғырып тұрғанын тебірене термелеуді мақсұт тұтып, соны ұр­паққа аманат етуді көздеген мұратшыл тұлға болатын. Әдебиет саласында жалынды ақын Махамбет, шығыс данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби туралы қалам тербесе, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайды ақтап алу, Семей полигонын жабу туралы алғашқылардың бірі болып мәселе көтергені күні бүгінге дейін көз алдымызда сақталып, жадымызда жаңғырып тұр, – деді конференцияның құрметті қонағы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлық­бек Есдәулет жиында сөйлеген сө­зінде.

Ал конференция соңында жазушының қызы Динара Әлімжанова сөз алып, игілікті іске мұрындық болған облыс азаматтары мен зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысын айтты. Ғибраты мол шарадан кейін Әнуар Әлімжановтың мерейтойына орай Алматы облысы әкі­мінің қолдауымен жарық көрген естелік кітаптың тұсауы кесілді.

 

Алматы облысы