Саясат • 18 Қараша, 2020

Қазақстан мен Корея арасындағы үкіметаралық комиссияның 9-отырысы өтті

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Корея арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-отырысы бейнеконференция режімінде өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан мен Корея арасындағы үкіметаралық комиссияның 9-отырысы өтті

Қазақстан жағынан комиссияның тең төрағасы - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Корея тарапынан осы елдің Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо.     

Үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібінде Қазақстан-Корея серіктестігінің барлық негізгі салалары: сауда және экономика, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп және энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет және туризм мәселелері қамтылды.     

263

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысын ашқан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі екенін атап көрсетті. Елімізде қазіргі уақытта корея капиталының қатысуымен 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 15 жылда Кореядан Қазақстанға 12 млрд. АҚШ долларына жуық тікелей инвестия салынған.    

Министр Сон Юн Мо атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық білдіріп, «Самал жел» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында елдеріміз арасында 58 түрлі бағыт бойынша ынтымақтастық орнатылғанына тоқталды.      

Отырысқа қатысушылар екі жақты сауданың қазіргі жағдайы мен көлемін қарастырып, Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымын әрі қарай арттыру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, Корея Республикасының Президенті Мун Чже Инннің өткен жылдың сәуір айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдетуге елеулі үлес қосқанын атап өтті.    

Сонымен қатар тараптар Hyundai Motor Company және Astana Motors компанияларының Алматы қаласында автомобиль құрастыру зауытын сәтті іске қосқанына тоқталып, елімізде автомобильге арналған құрастырушы бөлшектер өндірісін арттыруға мүдделілік танытты.  

Логистика, транзит және контейнерлік жүк тасымалдары, жер қойнауын пайдалану, сандық технологиялар және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде инфрақұрылымдық жобаларды дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, қалалар мен негізгі автомагистральдарда Крио жанар-жағармай стансаларын салуды жалғастыруға, оңтүстік кореялық технологиямен Қазақстанда энергия үнемдегіш шамдар өндірісін жолға қоюға қызығушылық білдірді.

Қазақстан делегациясы экспорттық әлеуеті зор қазақстандық тауарлар тізімімен Кореяның импортер компанияларын таныстыруға ұсыныс жасап, ауыл шаруашылығы саласында «нақты егіншілік» және «ақылды фермерлік», құрылыс саласында ВІМ-технологияларын енгізуге мүдделілік танытты.  

Корея тарапынан отырысқа қатысушылар Қазақстанның спутниктік бағдарламаларына қатысуға қызығушылық білдірді. 

Жиын қорытындысында екі елдің министрлері Комиссия жұмысы барысында екі жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мен шешуде пәрменді механизм және қолайлы алаң ретінде көрсеткенін атап өтті.    

Қазақстан мен Корея арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-отырысының қорытындысында тиісті хаттамаға қол қойылды.