Саясат • 18 Қараша, 2020

Канадада парламентаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Канада Парламенті қауымдар палатасының спикері Энтони Ротамен бейнеконференция форматында кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әңгімелесу барысында А.Камалдинов екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті, әсіресе Канада генерал-губернаторы Джули Пайеттің 2018 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапарын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдомен 2020 жылғы ақпандағы кездесуіне ерекше тоқтады.

Дипломат Канада Парламентінің спикерін Қазақстандағы саяси өзгерістер мен Мемлекет басшысының елде жүргізіп отырған демократиялық реформалар туралы хабардар етті, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауына дайындық туралы хабардар етті.  А.Камалдинов 2019 және 2020 жылдары Қазақстанда бірқатар заңдарға енгізілген түзетулер азаматтық қоғамды дамыту, көппартиялы жүйені құру, саяси бәсекелестікті және Қазақстандағы пікірлердің плюрализмін дамыту жолындағы елеулі ілгерілеу болып табылатынына назар аударды. Ол жаңа заңнамалық түзетулердің арқасында тұңғыш рет парламенттік оппозиция институты құрылғанын, ал алдағы мәслихаттар мен Мәжіліске сайлау алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өткізілетінін атап өтті.

Осыған байланысты, Елші парламенттік дипломатияның сенімді диалог пен ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті, сондай-ақ екі елдің заң шығарушы органдарындағы ынтымақтастық топтары деңгейінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етуге дайын екенін айтты.

Э.Рота өз тарапынан Қазақстанмен екіжақты парламентаралық диалогты нығайтуға қызығушылық білдірді. Оның пікірінше, осындай байланыстардың дамуы екі жаққа да тиімді болмақ. «Екі елдің де ұқсастықтары көп және Қазақстан аймақ үшін, оның ішінде демократиялық реформалар саласында да, үлгі болып табылады. Осыған байланысты алдағы парламенттік сайлау ерекше назар аударуға тұрарлық. Біз Қазақстанның табыстарына қуаныштымыз және Президент Қ.Тоқаев жүргізген реформалардың жалғасатынына сенімдіміз», - деді Э.Рота.

Сондай-ақ, канадалық депутат Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйіне қызығушылық танытып, екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту үшін осы фактордың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Жалпы айтқанда, бұл кездесу парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты қатынастардың барлық салаларында ынтымақтастықты нығайтуға  канадалық тараптың қызығушылығы бар екенін көрсетті.