Саясат • 19 Қараша, 2020

Сайлауалды бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр?

444 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері, палатадағы Nur Otan партиясының фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Онда партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалды.

Сайлауалды бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр?

 

Бейнеконференция форматында өткен кеңейтілген жиын­ға Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин, Nur Otan партиясы Төрағасының бі­рін­­ші орынбасары Бауыржан Бай­­бек, сондай-ақ Үкімет мүше­лері қатысты.

Партияның сайлауалды бағ­дар­ламасы туралы айтқан Мәжі­ліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулин, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев парламенттік фракцияның алдына Nur Otan партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің орындал­уына тікелей және қатаң бақылау жасау міндетін қойғанын атап өтті.

Бұл үшін Мәжілістегі Nur Otan фракциясы Үкіметпен өзара іс-қимыл жасай отырып, апта са­йын сайлауалды бағ­дарламаның орындалу барысына мониторинг жүргізіп, сондай-ақ алын­ған міндеттемелерді орындау үшін заңнамалық негіз қалып­тас­тырып, жұмысты жүйелі түрде жолға қойды.

Сонымен қатар Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan фракциясына мүше депутаттар үкіметтік заң жобаларымен жұмыс істеумен қатар, өз­дері де 55 заң жобасына бастамашы болғанына назар аударды.

Өз кезегінде Үкімет басшысы баяндағандай, партияның сайлау алдындағы міндеттемелері негізінен орындалды.

Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, ірі инфра­құрылымдық жобаларды іске асыру, авто және темір жолдарды, заманауи логистикалық жобаларды жаңғырту нәтижесінде, 559 мың жұмыс орны құрылды. Мектептер мен балабақшалардың құрылысы ерекше бақылауда. 4 жыл ішінде 3 мыңнан астам мектепке дейінгі балалар меке­месі салынды. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін 417 мектеп пайдалануға берілді. Биыл – 56 мектеп.

Асқар Мамин атап өткендей, агроөнеркәсіпті қарқынды да­мыту жөніндегі міндет дәйек­ті және жүйелі түрде шешілуде. Ауыл шаруашылығы инфра­құ­ры­лымының 400-ден астам жаңа нысаны іске қосылды.

Үкімет қолайлы іскерлік ах­уал қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту үшін реттеуші орта үнемі жетілдіріліп, кедендік әкімшілендіру жақсартылуда. «Doing Business» бизнесті жүр­гізу жеңілдігі халықаралық рей­тин­гінде Қазақстан әлемнің 190 елі­нің арасында 25-орынды ие­ленді.

«Жаңа әлеуметтік саясат» бағ­дарламасының бағыты шеңбе­рінде атаулы әлеуметтік көмек­тің жаңа моделі енгізілді. Рефор­ма­ланған жұмыспен қамту орта­лықтары әмбебап қызметтердің кең жүйесін ұсынады. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 40%-нан 70%-ға дейін өсті, бұл мұқтаж азаматтардың үлкен санына әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Шағын бизнеске шағын несие беру көлемі 31 млрд теңгеден 83 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасы мен тиім­ділігін арттыру үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Қауіпсіздік және тұрақ­ты­лық» бағыты шеңберінде Үкі­мет Елбасы мен Мемлекет бас­шы­сының халықаралық бастамаларын ілгерілету жөніндегі іс-шараларды дәйекті түрде іске асырды.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин бірлескен жұмыс нәти­желері туралы айта келіп, бұған ең алдымен, тәуелсіздік жыл­дары Елбасы, Партия Көш­бас­­шысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың стратегия­лық бағы­тының арқасында елде тұрақ­ты экономика құры­лып, алтын-валюта резервте­рінің үл­кен көлемінің жинақталуы септігін тигізгенін, бұл сырт­қы сын-қатерлерге жауап бе­руге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Палата Спи­кері Үкімет мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру арқылы сайлауалды бағ­дар­ламаны орындау үшін бар­лығын жасағанын алға тарта келіп, осы жылдар ішінде де­пу­таттық корпус барлық қажет­ті заңнамалық базаны қа­лып­­тас­тырғанын айтты.

Осы орайда Нұрлан Нығ­матулин:

– Nur Otan партиясы еліміз­дегі негізгі және жетекші саяси ұйым болып табылады. Сол үшін партиямыздың Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партия алдындағы барлық міндеттерді, соның ішінде, сайлау бағдарламасын орын­дау туралы үнемі тапсырма беріп келеді. Себебі Nur Otan партиясының сайлау бағ­дарламасы – Елба­сы айтқандай, елді сақтау, тәуел­сіздікті нығайту және ұлт­тың болашаққа баратын жолы. Со­нымен бірге ол – саяси, эко­номикалық, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың кепілі, – деді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, VI шақырылым бары­сында Nur Otan фракциясы депу­тат­тарының сайлау алдындағы мін­­деттемелерін қаржылық қам­тамасыз ету жөніндегі ұсы­­­ныс­­тары республикалық бюд­жет­­тен жалпы 138,3 млрд теңге со­масында қолдау тапты. Бюд­жет шығыстары білім беру, ден­­саулық сақтау салаларын дамы­туға, сумен жабдықтау, су бұру, ауылдық елді мекендерді газ­бен жабдықтау, жалға беріле­тін тұрғын үй салу және т.б. мә­се­лелерді шешуге ұлғайтылды.

– Осының барлығы елдің тұ­рақты дамуы мен қазақ­стан-
­­дық­тардың өмір сүру са­пасын жақсарту жөнін­дегі міндеттерді шешуге мүм­кін­дік берді. Партия Төрағасы Нұрсұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаев және Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мін­дет­тер жүктеді, – деді Мәжіліс Төр­ағасы.

Сонымен қатар жиын бары­сында бірқатар мәселелер бел­гілі себептер бойынша то­лық кө­лемде орындалмағаны атап өтілді. Ең алдымен, олар – на­рықты отандық азық-түлік өнім­дерімен, саны 250 адамнан асатын барлық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларын жекешелендіру.

Отырыс барысында, Нұрлан Нығматулин:

– Коронавирус пандемия­сы әлемдік нарықтардағы тұрақ­сыздық ескерусіз қалдыр­май­тын нәрсе екені түсінікті. Біз Үкі­меттің осы мәселелерді шешуде нақты жолдары бар екенін көріп отырмыз, – деді.

Мәжіліс Төрағасы осы ба­ғытта қойылған мақсаттарға жету үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қолданатынына сенім білдіріп, Парламент тарапынан бақылауды қамтамасыз етуді жалғастыратынын жеткізді.

Кеңейтілген жиын барысында Nur Otan фракциясының депутаттары қазақстандықтар үшін өзекті мәселелерге назар аударды. Бірінші кезекте, ол еліміз бо­йынша, әсіресе ауылдық жерлерде жалға берілетін тұрғын үйлермен қамтамасыз ету. Сондай-ақ депутат­тар қаржыландыру мен құры­лыс көлемін жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұлғайту қажет деп санайды. Жиында осы мақсаттарға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және салынып жатқан үйлердің сапасына бақылауды қатаңдату сияқты басқа да мәселелер қамтылды.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, халықты еңбекпен қамтудың белсенді шараларына тартуды одан әрі жалғастырып, осы бағытта қабылданған мемле­кеттік бағдарламаларды үйлес­тіруді күшейтіп, ол туралы халықты тұрақты ақпарат­тан­дырып тұру қажет.