Білім • 19 Қараша, 2020

Онлайн оқытудың олқы тұсы қайсы?

391 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясы адамзаттың өмір сүру қағидаларына көп өзгеріс әкеліп, цифрлы дәуірдің маңызды кезеңі бірден басталып кеткен сияқты. Білім саласына айтарлықтай сынақ болып жатқан қазіргі қысылтаяң шақ ЖОО жүйесіндегі оқытушының рөлін өзгертті. Ол енді студенттердің жауапкершілігін арттыруға атсалысатын, арнайы ресурс­тармен қамтамасыз етуге тырысатын, оларды ынталандыруға жұмыс істейтін тәлімгерге айналды.

Онлайн оқытудың олқы тұсы қайсы?

­Қазақстандағы студенттер мен оқытушылар арасындағы цифрлы фор­мадағы коммуникация түрі жетіл­меген­діктен, оқшаулану кезінде көп­теген мамандықты оқытуда ай­тар­­­лық­тай қиындыққа тап бол­дық. Сту­денттер онлайн кітап­ханамен оқу процесіне қалып­таспағандықтан, зерт­теуге қа­­жетті ресурстарын толық­қан­ды пайдалана алмады. Тек студенттер емес, бұл жағдай оқытушы-профессорларға да ауыр тиды. Осы уақытқа дейін дәріс беруде пайдаланып келген әдістер мен бағдар­ламалардың көбі жарамсыз болып қалды. Тақырыптарды жете қамту үшін техникалық құралдарды аз уақыттың ішін­де жан-жақ­ты игеруге тура кел­ді. Оқу бағдарламаларына өз­геріс­тер енгізіп, сабақ беруде қол­дана­тын әдістерді он­лайнға бейім­деу үшін қосымша жұмыстар ат­қарыл­ды. Бұл жұмыстар қа­зіргі күнге дейін жалғасуда. Себебі қазіргі Қазақ­­станның білім саласындағы жүргізіліп жатқан онлайн дәрістері тек төтенше жағдайларға арналған. Онлайн сабақтарды жүргізудің арнайы зерттеліп, талданып, келісіліп бекітілген бағдарламалары жоқ. Білім­герлер мен бі­лім берушілердің ара-қа­ты­­на­сы физикалық және пси­­хология­лық тұрғыдан зерт­теліп ретке келтірілмеген.

Интернет арқылы білім беру шетелдерде ондаған жыл бойы зерттелуде. Онлайн бі­лім берудің теориялық негі­зі, стандарттары мен білім берудің модельдері, бағалау критерийлері жасалған. Он­лайн білім беру мен төтен­ше жағдайдағы білім беру­дің арасындағы айырмашылық­тарды зерттей отырып аме­рикалық ғалым Чарльз Ходж онлайн білім берудің тиім­ділігі оны дұрыс жоспарлау мен жобалауға байланысты екенін айтады. Barbara Means бас­таған ғалымдар онлайн бі­лім берудің негізгі тоғыз не­гізгі параметрін (Learning Online What Research Tells Us About Whether, When and How) көрсетеді: ерекше әдіс, жыл­дамдықты арттыру, студенттер мен оқытушылардың ара­қатынасы, педагогика, интернеттегі нұсқаушының рөлі, студенттердің желідегі рө­лі, ин­терактивті синхронизм, ин­терактивті бағалау рөлі және кері байланыс көзі. Бұл өлшем­дердің барлы­ғының түрлі нұс­қалары бар. Мәселелерді күр­де­лендіру ар­қылы барлық нұс­қалар бірдей тиімді бола бер­мейді. Оқушылар санына қатысты шешім стратегияларды қол­дану мүмкіндігін едәуір шек­тейді. Оны білім беруші өзі­нің курсының бағыты мен маз­мұнына қарап икемдеуі керек. Мысалы, гуманитарлық топ­тарда өзара талқылау немесе дебат әдістері бар. Топта студент санының көптігіне байланысты білім беруші кері хабарласа алмай қа­луы мүмкін. Сондықтан тех­никалық бағыт бойынша жасалған стандарт немесе модель гуманитарлық са­ладағы курс­тарға сәй­кес кел­мейді.

Оның үстіне онлайн білім алушы пайдаланатын кеңістік пен интернет желісінің сапасы, ұлттық менталитет, пси­хо­ло­гиялық ахуал, елдегі эконо­микалық факторлар да онлайн білім берудің оң нәтиже беруіне кері әсер етуі мүмкін.

COVID-19 пандемиясына қатысты Назарбаев Универси­теті арнайы өз оқытушы профессорлар құрамына «НУ оқы­­­тушыларын дамытуға ар­нал­­ған конкурстық гранттар бағдар­ламасы» негізінде мамыр айын­да конкурс жария­лады. Кон­курс нәтижесі бойынша қыр­к­үйек айынан бастап экономика, саяси ғылымдар, психология, білім беру және басқа да ба­ғыттар бойынша университет ғалымдары зерт­теулер жүргізіп жатыр. Осы бағдарлама бойынша қазақ тілі және түркітану депар­таментінің ұжымы ассистент профессор Фунда Гувен­нің жетек­шілігімен студенттерге арналған онлайн-курс­тар оқы­­туды ұйымдастырудың пе­­да­гогикалық негізін жасау, тех­ноло­гиялық құралдарды анық­­­тау және оны негіздеу мақ­сатында зерттеу жұмысын жасауда.

Ф.Гувен ханымның бұл салада біраз тәжірибесі бар. Түр­кия мен АҚШ-та түрік тілін оқы­­тудың бағдар­ламаларын жа­саған. Бұл зерттеудің негі­зінде департаментте жүр­гізі­летін курс­тарды оқыту фи­ло­со­фиясын қай­та қарау мәсе­­лелері жатыр. Жұмыс ауқы­­мы кең. Жоба өз мақсатына жету үшін ең алды­мен студенттер мен оқы­тушылар, ата-ана­­лар, оқу орын­дарының әкім­­шіліктері арасында жүр­гізілетін кеңей­тілген сауал­дама құрастырылды. Қазір­гі уақытта сауалдаманы жүргізу­дің тәр­тібіне байланысты НУ Ғылыми зерттеулердің инсти­туционалдық әдеп комитетінен рұқсат алу процесі жү­руде. Са­уал­дамалардың нәтижелі болуы үшін Қазақстанның бір­неше жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушы-профессорлары құрамын, әкім­шілікті қамту жоспарланып отыр. НУ Президенті Ши­гео Катсу мамыр айын­да семестр­дің өте күрделі болғанын айта келе, «семестр талаптарының ең күрделі шегі – онлайн-курс­тарға ауысудан бастап, алынған сабақтарды және оларды жазғы семестрге және келешекте болатын онлайн семестрлерге қа­лай қолдануға болатынын қоры­тындылау уақыты», деп көрсетті.

Университет басшылығы өз тәжі­рибемізбен басқа да ЖОО-лармен бөлісуді ұсына­ды. Осыған байланысты біз зерт­теулерімізде бірнеше оқу орнындағы жағдайларды да қарас­тырамыз. Жоба студенттер мен оқытушылар құрамы, әкімшілік қыз­­меткерлерінің проблемаларын бі­луге, цифр­­лы технологияның сапа­сын және онлайн-оқыту әдіс­темесін жақ­­сар­туға бағыт­талған. Жоба­ның со­ңында департамент­тің «студенттерге бағыттал­ған онлайн-оқыту» тұжырым­дамасы нақтыланып, жаңа әлем­дік тенденцияларға сәйкес әзір­ленеді.

Біздің атқарып отырған жұмы­сы­мыз тек бір саланы қам­туы мүмкін. Еліміздегі ЖОО-лар мыңдаған ма­ман­дық бойынша білім береді. Бәрінің арнайы стандарттары мен бағ­дар­­ламалары болуы шарт. Оф­лайн оқытудың стандарттары мен бағ­дарламаларының талаптарын онлайн, қашықтан білім беруге қолдану тиімсіз. Онда синхронды және асин­хронды сабақ­тардың ара­қатынасы, оқы­тушы мен студенттің тех­­­никалық құ­рал­­дарды пай­­да­ланудағы фи­зикалық ерек­шеліктері, психологиялық ахуал сияқты қызметтер ажыратылып көр­сетілу қажет.

 

Жазира АҒАБЕКОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

Назарбаев Университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры