Футбол • 19 Қараша, 2020

Ұлттар лигасында Қазақстан Литвадан ұтылды

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттар лигасындағы соңғы тур ойынын Алматыдағы Орталық стадионда Литва құрамасына қарсы өткізген Қазақстанның футболшылары бұл жолы да өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Кездесуді жап-жақсы бастаған жерлестеріміз кездесудің соңғы секундтарында өз қақпасына гол жіберіп алды. Шыны керек, маусым соңында біздің жігіттер дәл осылай сүреңсіз өнер көрсетеді деп ойлаған жоқ едік.

Ұлттар лигасында Қазақстан Литвадан ұтылды

Қазақстандықтар бұл матчқа мынадай құрамда шықты: Покатилов, Марочкин, Логвиненко, Әліп, Вороговский, Тағыберген, Әбікен, Досмағамбетов, Қуат, Щеткин және Айымбетов.

Литваның намысын мына ойыншылар қорғады: Шведкаускас, Вайткунас, Гирдвайнис, Бенета, Миколюнас, Воробьев, Шимкус, Сиргедас, Сливка, Новиковас және Лаукжемис.

Алғашқы жарты сағатта қос команданың ойыншылары алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, көгілдір экранға көз тіккен көрермендер елең ете қалатындай еш нәрсе болған жоқ. Қақпаға соққы бағыттау былай тұрсын, тіптен айып алаңында болған аса бір қауіпті сәтті көре алмадық. Әйтеуір, бірде Қазақстанның, бірде Литваның футболшылары арам тер болып, әрлі-берлі жүгіріп жүрді. Ойынның 38-минутында алаң иелері бұрыштама беру мүмкіндігіне ие болды. Қақпа маңына бағытталған допқа Эгидиюс Вайткунас пен Абат Айымбетов қатар секірді. Сәл шапшаңдау қимылдаған қандасымыз қорғаушының алдын орап кетті. Абаттың баспен соққан добы қақпа торынан табылды. Қазақстан алға шықты – 1:0.

Шыны керек, Абат Айымбетовтің әдемі де әсерлі голына қуантып та үлгермедік. Арада екі минут өтпей жатып, таразы басы теңесті. Бұл ретте Эгидиюс Вайткунастың еңбегі ерен. Соның алдында ғана өрескел қателік жіберген қорғаушы сол қапталмен жанұшыра алға ұмтылды. Айып алаңына жақындаған тұста Модест Воробьевқа жақсы пас берді. Ол өз мүмкіндігін қалт жібермеді – 1:1.

Екінші кезең басталған бетте екінші рет сары қағаз алған Исламбек Қуат алаңнан қуылды. Алаңда бір ойыншысы кем болса да, қазақстандықтар қарсыластарына тізгінді бермеді. Балтық жағалауынан келген жігіттер де жағдайды шиеленістіруге асықпады. Өйткені, тең ойын оларды қанағаттандырады. Осылайша, ойын бір сарынды өрбіп жатты. Қос команда да осы есепке келіскендей әсерде болдық. Алайда негізгі уақытқа төреші қосқан төрт минуттың соңғы секундттарында қонақтар таразы басын теңселіп кетті. Дәл айып алаңындағы сызықшаның қасына келген бетте Арвидас Новиковастың шірене тепкен добы нысанаға дәл тиді – 1:2.

Сөйтіп, Қазақстан ұлттық құрама командасы айтулы жарыстың С дивизионындағы 4 тобында ең соңғы орында қалып қойды. Біздің футболшылар небары төрт ұпайды қанағат тұтты. Көш басында – Албания (11 ұпай). Екінші және үшінші орындарды Беларусь (10 ұпай) пен Литва (8 ұпай) иеленді. 

Соңғы жаңалықтар