Руханият • 20 Қараша, 2020

«Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында соңғы жылдары жаңадан 300-ден астам нысан анықталды

619 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қазақ ұлтының салт-дәстүрін, өткен­нен келе жатқан мұраларын дәріптей отырып өркениетті қоғам құруға, ұлт ретінде дамуымызға бағытталған концептуалды құжат.

«Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында соңғы жылдары жаңадан 300-ден астам нысан анықталды

СУРЕТТЕ: Шыңжаң өлкесі Іле-Қазақ авто­номия­лы облысы Көкқамыр жазығын­дағы Әсет Найманбайұлының қабірі.

Осы орайда, Елбасы тапсыр­масына сәйкес «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығы құ­рылып, оның 2017-2021 жылдарға арналған бес жылдық бағдарламасы бекітіліп, жоспарлы жұмыс атқаруда. Аталған орталық басшысы Батырхан Жұмабаев берген мәліметке үңіл­­сек, бүгінге дейін рес­пуб­ли­­калық маңызы бар 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғы­лыми реставрация жасалған екен. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Сауран, Сығанақ, Ақыртас кешенi, Аппақ ишан, Айранбай кесенелерi бар. Сонымен қа­тар Нұр-Сұлтан қа­ласы әкiмдігi мен Мә­дениет және спорт министрлігi Бозоқ қа­ла­шы­ғын жаңартып, ашық аспан астындағы мұражай-кешенін ашу жөнінде жаңа бастаманы қолға алыпты.

Өткен жылы «Ботай қоны­сындағы әлеумет­тік-эко­но­ми­калық және дүние­танымдық контекстерді зерттеу және қайта құру» ғылыми жобасы аясында Ботай музей-қорығының құ­рылыс жұмыстары басталса, келер жылға дейін киелі жерлер туралы толық ақпарат қам­тылған бес томдық энциклопедия шығару жоспарланған. Энциклопедияның алғашқы томына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақмола, Алматы облыс­тарының қасиетті жерлері енсе, екінші томда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау өңірлерінің киелі орындары қамтылған. Ал өткен жылдың соңында басылымның үшінші томы жарыққа шығып, оған Қарағанды, Қостанай, Қы­зыл­орда, Жамбыл облыстары кі­ріпті. Оған қоса, әр өңірдің жеке энциклопедиясын шығару жоспар­ланған. Бұл жұмыстар жалғасуда.

Бағдарламаның тағы бір ма­ңызды тұсы – ішкі туризмді кие­лі жерлер негізінде дамыту. Сол себепті ел аумағында ма­ңыз­ды деп танылған мекендер­ге турист тарту мақсатында «Қасиетті Қазақстан» көпсалалы виртуал картасы жасалып, мәдени мұралар тізіміне енген мекендерді насихаттау жұмысы жүйесін тауыпты.

Бүгінде цифрлы технология төрге озған заман. Осы рет­те жаңа технология шеңберінде қандай жұмыстар атқарылды дегенге тоқталсақ, бұл тарапта да біршама игілікті істер жүзеге асқан екен. Атап айтқанда Германияның Exponential group компаниясының ықпалымен Қазақстанның киелі жерле­рінің жалпыұлттық тізіміне енген 15 нысанның 3D моделі жасалған. Одан бөлек киелі орындар туралы үш тілде мобильді форматта 60 бейнеролик түсі­рілді. Сонымен қатар еліміздің киелі жер­лері туралы 4 деректі фильм түсіріліп National Geographic, BBC секілді шетелдік телеарналарда көрсетіліпті.

Реті келгенде, «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығы­ның жетек­ші­сіне, ««Рухани жаң­ғыру» бағдарлама­сы елге не бе­реді? Ра­сында, рухымызды оятып, санамызды жаңғыртуда ықпалы болды ма?» деген сауалды қойған едік.

– Біз осы жоба арқылы халық­қа, өс­келең ұрпаққа рухани құн­дылық­тары­мызды насихаттаймыз. Жас буынның халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, отаншыл­дық пен патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осын­дай бағдардың маңызы зор. Сондықтан бағдарламаның расында санамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтауға ық­палы бар деп айта аламын. Жас ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысан­дарды тану арқылы ұлттық біре­гей­лікті ұғынып, қазақ халқы­ның сонау тас дәуірінен бері бір ха­лық ретінде қалыптасқан ел екенін санасына сіңіре алады. Яғни осы арқылы тарихи сананы жаңғырта аламыз, – деді Батырхан Елікұлы.

Елбасының «Қазақтың тарихында ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі бар. «Осы ұғымды ұр­пақ санасына сіңіруде сіздер жүр­гізіп отырған бағдарламаның қан­шалықты маңызы бар?» деген сұрақты да іркіп қалмадық.

– Өте маңызды. Біз тарихымыз­бен мақтануымыз керек. Өңір­лерге жасалған экспедиция кезінде өлкетанушылардың, ғалым­дар­дың, жастардың тарихқа қы­зығу­шылығы, ынта-ықыласы зор екенін көрдік, жергілікті жерлер­де кө­не­көз қарияларымыз қасиет­ті жер­леріміздің тізімделіп, жалпы­ха­лықтық құндылық ретінде қа­растырылып жатқанына риза­шы­лығын білдірді. Осыған қа­рап біздің атқарып жатқан жұ­мысымыздың, бағытымыздың дұ­рыс екеніне көз жет­кізгендей бол­дым. Тарихи жәдігерлерді түгендеп, қасиетті орындарды на­сихат ету ел аумағымен ғана шек­теліп қалмайды. Осы орайда республика аймағынан тыс жерлердегі ұлт тарихына қатысты ерекше нысандар да зерттелді. Жұмыстар Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан сияқты көршілес елдерде жүрді. Ташкенттегі Төле би­дің, Нұ­ратадағы Әйтеке бидің кесе­нелеріне, Хиуадағы Сырым Дат­ұлы мен Жалаңтөс Баһадүрдің зиратына бардық.

Ресейдің Астрахань облысын­да жерленген Құрманғазы, неміс жерінде жатқан Мұстафа Шоқай, Мәскеуде Әлихан Бөкей­хан, Кашмирде Мұхаммед Хайдар Дулати, Қытайда Әсет Найманбаев секілді ұлы тұлғаларымыз мәң­гілік тыныс тапты. Зерт­теуді біз алдағы жылдары жал­ғас­тырамыз. Ялтада жерленген Бөкей хан­ның немересі, кавалерия генералы болған Ғұбайдолла Бөкеевтің бейітін анықтадық. Бұл төл тарихымыз үшін мәні зор құнды ақпарат. Осындай мәдени-барлау кезінде 300-ден астам қазақ тарихына қатысты қасиетті жерлерді анықтадық. Рухани жаңғыру бағдарламасы дер кезінде қолға алынған, ұлттың болашағы үшін берері мол ауқымды жоба. Бұл жобаның ел тарихына, тарихи санаға үлкен серпіліс әкелетініне сенімдімін», – деді ол.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист

 

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20