Ескерткіштің ашылу рәсіміне Семей ядролық сынақ полигоны аймағында әскери қызметін өтеген ақтөбелік ардагерлер, қала тұрғындары, жергілікті билік өкілдері қатысты. Алдағы уақытта бұл жер сынақ полигоны зардабын тартқан актөбелік ардагерлердің бас қосатын, салтанатты шаралар өткізетін, өмірден озған жолдастарын еске алатын орынға айналмақшы.
1949-1991 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 11 мыңнан астам ақтөбелік әскери міндеттерін атқарған. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметі бойынша, бүгінде өңірде Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарға қатысқан 1800-ден астам адам тұрса, олардың 268-і мүгедек жандар. Көпшілігі өмірден ерте өтіп кетті.
Қазіргі кезде әр жылдары Семей полигонында қызмет еткен азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыстары біртіндеп жолға қойылып келеді. Оларды дәрі-дәрмекпен қамту, емдік-сауықтыру және оңалту орталықтарына жолдамалар беру жолға қойылды. Сондай-ақ олар коммуналдық төлемдер үшін жеңілдіктерге қол жеткізіп, мүгедектерге арналған тегін такси қызметін пайдалана алады. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Семей ядролық сынақ полигонында қызмет еткендерге материалдық қаржылай көмек беріледі. Жергілікті атқарушы билік тарапынан полигон ардагерлерін мүмкіндігінше жұмысқа орналастыру жолдары да шешіліп келеді.
АҚТӨБЕ