«Облыс әкімдігі биыл резидентурада білім алған 100 шақты маманның оқу ақысын төлеп берді. Оның өтеуі ретінде жас мамандар облысымыздың емдеу мекемелеріне келіп еңбек етуі тиіс. Осылайша, биыл оқу бітіргендердің бір бөлігі Рудныйға келіп отыр. Нәтижесінде, штатымыз бірден 12 маманмен толықты. Оның ішінде екеуінің ғана еңбек өтілі бар. Біз зәру болып отырған акушер-гинеколог, терапевт, невролог, рентгенолог сияқты мамандар келіп қуанып қалдық», дейді қалалық аурухананың бас дәрігері Талғат Қайкенов.
Бас дәрігердің айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімінің грантымен оқып жатқан кардиологтар да кеншілер қаласына келіп, жұмысқа орналасуы тиіс. Олар бес-алты айдың ішінде оқуын аяқтайды. Рудныйға келген әрбір жас дәрігерге бірден баспана беріледі. Мұның сыртында жұмысқа кірісімен қолға тиетін 1 млн теңге көлеміндегі көмек қаржы тағы бар.
Рудный ауруханасына таяуда ғана жұмысқа тұрған жас маманның бірі – УДЗ дәрігері Гүлбаршын Бабасова. Жас та болса, Қарағанды медициналық университеті мен Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың резидентурасын тәмамдап үлгерген. Резидентурада оқыған дәрігерлер білім мен тәжірибені қатар алып жүретіндіктен, оқуды бітірген соң екі жыл жұмыс өтілі қосылады екен. Гүлбаршын да – екіжылдық тәжірибесі бар УДЗ дәрігері. Жас маман терапевт, кардиолог, хирург, невропотолог дәрігерлердің жолдамасымен келген науқастарды зерттейді.
– Науқастарды ультрадыбысты диагностикадан өткізіп, соның негізінде қорытынды шығарамын. Дәрігерлер науқастарды мен шығарған қорытынды мен талдау нәтижелеріне сүйене отырып емдейді, – деді Гүлбаршын.
Жұмысқа жаңа келген жас маманның бірі Индира Үсенбек те – Қарағанды медицина университетінің түлегі. Қарағандыда оқуын тәмамдаған соң Алматыға барып, Қазақстан-Ресей медуниверситетінің интернатурасы мен Асфендияров атындағы медицина университетінің резидентурасында білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады. Қазір Рудный ауруханасының неонатолог-реанимотологы шала туған сәбилерге дәрігерлік көмек көрсетеді.
– Басты міндетім – шала туған сәбилерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету. Салмағы 500 грамнан асып туған шақалақтарға дәрігерлік күтім қажет. Мұндай сәбилерді біраз уақыт бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмек көрсетеміз, – деді жас маман.
Индира интернатурада оқи жүріп, оңалту орталығында педиатор болып жұмыс істеді. Мұнда жүйке жүйесінің дамуы тежелген, сал болып туған, аутизммен ауыратын балалар емделеді. Ата-аналардың көбі балаларының туабітті дертке ұшырағанын айтып, жас дәрігерге мұң шағатын.
– Осыдан кейін егер мен неонатолог-реанимотолог мамандығын таңдайтын болсам, көптеген сәбидің жарық дүниеге аман-сау келіп, төрт мүшесі түгел, дені сау адам болып өсуіне, азамат болып қалыптасуына септігімді тигізуім мүмкін деген ой келді. Өз мамандығымды осылай таңдадым. Бұл жағдайда көп нәрсе дәрігер мен перинаталдық орталықтың қажетті медициналық құрылғылармен жеткілікті деңгейде қамтылуына байланысты. Біздің ауруханада өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін құрылғы, жаңа туылғандарды жетілдіруге қажет кювездер бар, қысқасы, ана мен балаға, оларға көмек көрсететін дәрігерге қажет жағдайдың бәрі жасалған, – дейді И.Үсенбек.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы