Ауыр атлетика • 20 Қараша, 2020

Пактың парасаты

460 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан ауыр атлетикасының өрлеуіне айрықша еңбек сіңірген мамандардың бірі әрі бірегей Вилорий Пак екені дау­сыз. Ұзақ жылдар бойы Сыр бойында еңбек еткен айтулы азамат бір шоғыр дарынды жастың томағасын сыпырып, атақты спортшыларды тәрбиелеп өсірді. Сол саңлақтар арасынан оза шапқаны – даңқты Илья Ильин. Бақандай 10 жыл бойы көптеген халықаралық додаларда қарсылас шақ келтірмеген ол өзінің спорттық карьерасында тек алтын тұғырдан ғана қол бұлғады. Жерлесіміз 2005-2015 жылдар аралығында төрт дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Басқа да толып жатқан атақтары тағы бар. Ал көптің ішінен Ильиндей асқан дарын иесін жазбай таныған сол майталман маман жайында біз не білеміз?

Пактың парасаты

Вилорий Пак Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының Ша­ған ауылында дүниеге келді. Әуелде ол еркін күреспен айна­лыс­ты. Спорттың бұл түрінде пәлендей табысқа қол жеткізе алмаса да, өз қатарының алды болды. Алайда бірте-бірте жас жігіттің аңсары ауыр атлетикаға ауды. Облыс орталығына қоныс аудар­ғаннан кейін Өмірзақ Жолым­бетовтің қол астында жат­тықты. Бұл есім оқыр­мандарға жақсы таныс. Ке­зінде елі­мізде танымал зіл­те­мірші­лер­дің бірі болған Өмірзақ Шәріп­­байұлы кейіннен спорт журна­­лис­­тикасына түбегейлі бет бұрды. Республикалық басылым­дарда қызмет атқарып, көп­теген сү­белі мақалалар жазды. Жолым­бе­тов­тің қаламынан шық­қан кітаптар да оқырмандар көңі­лінен орын тапты.

Вилорий ауыр атлетикаға тез бе­­йімделді. Жаттығып жүр­ге­­­­ніне бір жыл толмай жатып, жас­­­тар арасында Қазақстан бірін­­­­­ші­лігінің жеңімпазы атанды. Ке­йін­нен ерлер сайысында аз­ды-кемді табыстарға қол жет­­кізді. Алайда Пакқа атақты зіл­­темірші болу бақыты бұйыр­мады. Есесіне ол өз бақытын бап­­кер­ліктен тапты. Бұл ретте оған бағыт берген Қызылордада спорт мектебі директорының орын­­басары Вла­димир Ким екен.

1

– Кезінде жасөспірімдер ара­сында әлемдік рекордты жаңар­тып, КСРО спорт шебері атан­ған Владимир бірде маған «Сені көптен бері байқап жүр­мін. Балаларды жақсы жаттық­ты­расың. Ұмтылысың ұнайды. Келе­шекте сенен жақсы бапкер шы­ға­тынына еш күмәнім жоқ. Ол үшін біліміңді жетілдір. Ленин­градқа барып, Петр Лесгафт атын­дағы бапкерлер даярлайтын мем­лекеттік университетке оқуға түс» деп кеңес берді. Білікті ма­манның ақылына құлақ асып, Нева жағалауына аттан­дым. Бірақ ол жақта жолым бол­мады. Еңсем түсіп, елге оралдым. Сол кезде Аманкелді Рымқұ­лов пен Владимир Тян сын­ды ма­ман­дар маған көп қолдау көрсетті. Жөн сілтеп, ағалық ақыл-кеңес­терін берді. Содан 1973 жылы Ал­матыда орна­ласқан Дене шынықтыру институ­тына оқуға түстім. Оны аяқтаған­нан кейін Қызылордаға қайта орал­дым. Кейінгі 45 жыл өмірімді толығымен осы салаға арнадым, – дейді Вилорий Викто­рович.

Қырағы маман кейіпкерімізге дұрыс бағыт-бағдар берген екен. Расында да, бапкерлік қызметте Пак толағай табысқа қол жет­кізді. Үш бірдей шәкірті Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ата­ғын алды. Олар – Илья Ильин, Ал­мас Өтешов және Александр Зай­чи­ков. Бүгінгі таңда бұл зілтемір­шілердің барлығының да есім­і спорттық тарихымызда алтын әріптермен жазулы. Мәсе­лен, Ильиннің қандай биік белес­терді бағындырғанын жоғарыда айттық. Одан бөлек, ол Бей­жің мен Лондонда алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында алтын тұғырға көтерілді. Алайда Илья­ға «допинг қолданды» деген айып тағылып, ол қос бірдей ғалам­дық додада жеңіп алған алтын медаль­дарынан айырылды. Күллі қазақ­стандық жанкүйерлер дара туған ұлдың ондай арзандыққа бар­ға­нына еш сенген жоқ. Бірақ құ­зырлы органдар кесімді сөзін айтып, өз дегеніне жетті.

Алмас Өтешовтің ел спорты тарихында өшпес із қалдырғаны еш дау туғызбаса керек. Ол – ауыр атлетиканы серік еткен қан­дас­тарымыздың арасынан алғашқы болып әлем чемпионатын­да жеңіс тұғырына көтерілді. Ол – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған тұңғыш қазақ зілтеміршісі. Жастар арасында Азия чемпионы атағына қол жеткізген ал­ғашқы қандасымыз. Азия ойын­дарында жүлде алып, Лондон Олимпиадасында жетінші орынға табан тіреді. Осылай тіз­бектей берсек, Сыр бойында туып-өскен саңлақтың бұл салада қол жеткізген табысы зор екеніне анық көз жеткізуге болады.

Александр Зайчиковтың да қадамы құтты болды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында ол 12-орында қалып қойса, араға төрт жыл салып, сол олқылықтың орнын толтырды. Рио-де-Жаней­ро­дағы ойындарда отандасымыз қола медальді мойнына ілді. 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чем­пионатында бас жүлдені олжалады.

Вилорий Пак тек жоғарыда есімдері аталған саңлақтарды тәрбиелеумен шектеліп қалған жоқ. Сонымен қатар ол Асқар Мең­дияров, Сергей Радаев, Олег Шин, Қуаныш Рахатов, Роман Русяновский, Айбол Алда­бер­генов, Дәурен Шәутеев, Ерболат Жоламанов және тағы басқа мық­ты зілтеміршілерді баптады. Солардың алды халық­аралық жарыстарда жасындай жарқыраса, кейбірі білікті бапкер ретінде өзде­рінің мықтылығын мойындатты. Пак мырза барлығы 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 60-тан аса спорт шеберін даярлады.

– Мықты жаттықтырушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді, – деп жал­ғас­тыр­ды өз әңігімесін Вилорий Вик­торович. – Бұл – өте қиын кәсіп. Жасыратын несі бар, 45 жыл­дың ішінде түрлі жағдай басымыздан өтті. Тіптен, бірде әйелім мені тастап кете жаздады. Өйткені мен үйде өте сирек боламын. Сансыз оқу-жаттығу жиын­дары мен түрлі жарыстардан қол босай бермейді. Жұбайым соған ашуланды. Бірде ол «Сен отбасыңнан жұмысыңды жоғары қоясың. Бұл – дұрыс емес. Маған ондай ердің қажеті жоқ» деп байбалам салды. Ажырасу үшін арыз беруге де оқталды. Алғашында не істерімді білмей дал болдым. Мен үшін отбасым да, әйелім де, жұ­мысым да, бәрі де қымбат. Бұлар­дың ешқайсысына бөле-жара қа­рай алмаймын. Әрі ойланып, бе­рі ойланып, ақыры әйелімді айт­қаныма көндірдім. «Мына жа­­сы­мызда ажырасып, абырой тап­пай­мыз. Оның үстіне балалар есей­ді, немерелеріміз өсіп келеді. Есті­ген елден ұят», деп тоқтау айт­тым.

Расында да, бүкіл мейірімін шәкірттеріне төгіп, бар білгенін соларға үйретіп, апталап, айлап үйдің босағасын көрмейтін жаттықтырушының жұмысы оңай емес. Десек те әр нәрсенің өз қа­йыры бар. Бұл ретте Вилорий Вик­тор­овичтің бағы жанды деп нық сеніммен айтуға болады. Күні-түні ізденіп, талпынып, еңбек­теніп жүріп, мықты шәкірттер тәрбиеледі. Талай адам­ның ақ батасын алып, ел-жұрт­тың алғысына бөленді. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрама командасының аға жат­тықтырушысы болды. Ел спор­тына сіңірген еңбегін ескерген Мемлекет басшысы Пак­тың кеудесіне «Парасат» пен «Құрмет» ордендерін тақты. Қы­зыл­ордадағы Қорқыт ата атын­дағы мемлекеттік университет пен Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының құр­метті профессоры атанды. Қызы­лорда облысы Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы деген атағы тағы бар.

Тағы бір айта кетерлігі, Ви­ло­рий Пак мемлекеттік тілді же­тік меңгерген. Мақал-мәтелдеп сөйлегенде еш қазақтан кем түс­­пейді. Қазақша өлең де ай­та­ды, ән де шырқайды. «Осы­ның бәрін қайдан білесіз?» деген сұра­ғы­мызға кейіпкеріміз: «Қазақ­тың жерінде туып-өсіп, қазақ­тың қасиетті топырағынан нәр алған азаматтың қазақ тілін біл­меуі ұят жағдай. Мен тілді ғана емес, қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын да жақ­сы білемін. Біздің ауылда қазақ­тар­мен қатар корейлер мен чешендер де тұрды. Барлығымыз тонның ішкі бауындай араласып, тату-тәтті өмір сүрдік. Ұлттық мәсе­леге байланысты ешқандай жанжал немесе кикілжің болған емес. Бала кезімізден жергілікті салт-дәстүрді бойымызға сіңірдік. Одан еш қор болған жоқпыз. Жастайымыздан қазақ әндерін жат­тап өстік. Мен Абайдың «Жел­­сіз түнде жарық ай» әнін қат­ты ұнат­тым. Шәмшінің ән­дері жү­ре­гіме жақын. Жұмекен Нәжі­­мед­инов пен Нұрсұлтан Назар­баевтің сөзіне жазылған Шәм­ші Қалдаяқовтың «Менің Қазақ­станым» атты әні мемлекетіміздің әнұранына айналғанда өз басым қатты қуандым. Бұл өлең­ді мен «Қазақстанның әр аза­ма­тының патриоттық рухын оятып, отаншылдық сезімді бо­йы­на ұялататын керемет туынды деп бағалаймын», деп жауап қа­йырды. Міне, Сыр бойының тумасы Вилорий Викторович Пак осындай азамат!