Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында орайластырылған шара барысында Елбасы туындысы түркі әлемі және дала өркениетінің негізгі бағыттарын қаузаған маңызды баяндамалар мен сөйлеген сөздері берілген және дала өркениетінің тарихи һәм рухани мұраларын жаңғыртудың, түркі мемлекеттері интеграциясын дамытудың заманауи үрдістерін қамтитын маңызға ие екені айтылды.
Жиын басында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Кеңсесінің ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Тұрсынов Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің үндеуін оқып берді. Үндеуде «Елбасының бұл кітабы – өзінің мазмұны мен тақырыбы жағынан өте ауқымды әрі бірегей басылым. Жинаққа Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін қалаушы, көрнекті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі мақалалары мен ресми сөйлеген сөздері, соның ішінде Түркі кеңесіндегі маңызды баяндамалары енгізілген. Олар Еуразия аймағын мекендеген көшпелі халықтардың тарихи даму ерекшеліктері мен кезеңдерін, жалпы адамзат дамуындағы түркі өркениетінің рөлін, Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтарының шығармашылық, қоғамдық-саяси мұрасын қамтиды. Әсіресе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтарының рухани мұрасын, мәдениетін, тілі мен дәстүрін жаңғыртудағы, қалпына келтірудегі стратегиялық маңызы бар бастамаларын ерекше атап өту керек. Конференцияға қатысушылардың баяндамалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық көзқарастары мен бастамаларының гуманитарлық және тарихи әлеуетін айқын әрі терең танытуға мүмкіндік береді деп сенемін» делінген.
Одан кейін мәртебелі басқосуды ашып, сөз сөйлеген Елбасы кітапханасының басшысы Әмірхан Рахымжанов Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі еуразияшылығының басты идеологтерінің бірі екенін баса айтып: «Бұл кітап – Қазақстанның мәдени-тарихи дамуы, Ұлы дала ойшылдарының мұрасы, түркі әлемін интеграциялау идеясының мазмұны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жариялаған қазіргі қоғам мен мемлекеттің рухани-саяси дамуының өзекті мәселелері туралы зерттеулерден тұрады. Қазіргі Қазақстанның тәуелсіз дамуы жолында Нұрсұлтан Әбішұлы үш құрлық – Азия, Еуропа және Африка аумағына таралған, халқы 300 миллион адамды құрайтын үлкен кеңістік – Түркі әлемін сақтау, дамыту және интеграциялау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Дүниежүзі тарихында түркілер әлемі тарихи өзгерістердің қуатты катализаторы болып табылады. Өткен ғасырларда Түркі әлемінің маңызы мен қазіргі таңдағы ықпалын түсіну үшін әлемнің географиялық картасына үңілу жеткілікті. Түркі мәдениеті Еуразия құрлығы халықтарының мәдени тарихында ерекше орын алумен қатар, бабалардан қалған мұрасы – түркі өркениеті үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін сарқылмас бай рухани құндылықтар қазынасы», деді.
Осы орайда, Елбасы туындысы жайлы толымды пікір айтып, кітаптың саяси-рухани маңызы және халықаралық кеңістікте алар орны мен түркі әлемін интеграциялаудағы үрдісі туралы ойларын ортаға салған тұлғалардың пайымына назар аударсақ:
Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ,
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы:
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі әлемінің абызы», «Түркі әлемінің көшбасшысы», «Түркі интеграциясының архитекторы» деп атау дәстүрге айналып кетті. Мұндай құрметті атауды түркітілдес халықтар өмір сүретін ұлан-ғайыр территорияның түкпір-түкпіріндегі саясат әлемінің серкелері тарапынан ғана емес, қарапайым халық өкілдері аузынан естіп, шын ықыластарына бөлену – қазіргі заманның саясаткері үшін үлкен мәртебе. Елбасы сонау тәуелсіздік жылдарының бас кезеңінен бастап, бауырлас түркітілдес халықтардың мәдени байланыстарына басымдық берді. Соның арқасында түркі халықтары арасындағы алғашқы халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ 1993 жылы, кейіннен Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен түркітілдес елдердің интеграциялық ұйымдары – ТүркПА, Түрік Кеңесі, Түркі Академиясы құрылды. Бүгінгі таныстырылған кітаптың түрік тіліне аударылып, басылып шыққаны өте жақсы. Ғалымдар мен саясаткерлердің пікірінше, кітапта ұсынылған Елбасының мақалалары қазақ халқы үшін ғана емес, түбі бір түркі жұртының бәріне ортақ бағдарламалық туынды екені маңызды. Сонымен қатар жоба жетекшісі М.Қасымбековке кітапты баспаға дайындағаны үшін алғыс білдіреміз.
Ялчын ТОПЧУ,
Түркия Республикасы Президентінің Кеңесшісі:
– Елбасы осы құнды еңбегінде мәдениетіміздің барша түркі әлеміне, өткені мен бүгіні және болашағына, әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы баяндайды. Түркі әлемінің азаматы ретінде көкірек көзімізді ашқан осынау құнды еңбекті берген Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылығымды білдіргім келеді және оған зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ТҮРКСОЙ Бас хатшысына, басқа да әріптестеріме және маңызды шараны ұйымдастырған барша жандарға алғысымды жеткізгім келеді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Алдымен жоба жетекшісі – Махмұд Базарқұлұлы бастаған ғалымдар тобының айтулы еңбегін атап өткім келеді. Екіншіден, бұл жұмыстың бүгінгі күн үшін де және болашақ ұрпақ үшін де құндылығы өте зор. Қазіргі жастар: «Біз кімбіз, тамырымыз бен шыққан тегіміз қандай, қашан пайда болдық? Тарих толқынында қандай дауылдар мен шыңдардан өттік? Біз әлемдік өркениеттің дамуына қандай үлес қостық?» дегендей сұрақтар қояды. Ал бұл кітапта осы сұрақтардың бәріне жауап бар. Бұл еңбек – Елбасының түркі интеграциясы мен ынтымақтастығы бойынша атқарған қызметінің қорытындысы іспеттес.
Сұлтан РАЕВ,
Түркі кеңесі Бас хатшысының
орынбасары:
– Түркі әлемі Орталық Азия және Еуразиямен бірге адамзаттың әлемдік тарихи-мәдени мұрасында жетекші орындардың біріне ие, дәл осы кеңістік мегарухани орталық әрі адамзаттың өркениеттік факторы болып саналады. Өркениеттің дамуына түркілердің қосқан үлесі орасан зор және басым мән беріп, терең зерттеуге лайық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы дала мұрасы» кітабында түркі өркениеті мен түркілердің жаһандық мәдениеттегі рөлі, тарихы жарқын жазылған. Елбасының аталған еңбегінің негізгі үндеуі – Ұлы даланың әлем тарихындағы рөліне жаңаша көзқарас екені анық.
Низами ДЖАФАРОВ,
Әзербайжан Республикасы Парламентінің депутаты:
– «Ұлы дала мұрасы» кітабы – автордың ұлы тарихи қызметін және тұлғалығын түсіну, сондай-ақ қазақ халқының рухына терең үңіліп, жаңаша қарау болып саналады. Бұл мұра тек Қазақстанда, я түркі елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде оқылып, талданатынына сенімдімін. Бұл туынды сарқылмас рухани қазына ретінде тарихи құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында тек қазақтардың ғана емес, жалпы түркі халықтарының – түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағы туралы айтады.
* * *
Сонымен қатар конференция барысында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Анкара университетінің ректоры, профессор Н.Унувар, Гази университетінің ректоры, профессор М.Йылдыз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Д.Қамзабек және тағы басқалардың шағын баяндамалары тыңдалды.