Саясат • 23 Қараша, 2020

Шығыста атқарылған шаруа көп

186 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыру бағытында Шығыс Қазақстан облысында қандай шаруалар атқарылды? Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Даниал Ахметов баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Шығыста атқарылған шаруа көп

Дәл қазіргі уақытта өңірдегі ең өзекті мәселе – коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату. Өйткені соңғы айларда Covid-19 вирусы күрт көбейіп, ха­лық­ты елең­детіп қойғаны жасырын емес. Бү­гін­де облыста вирус­пен ауыр­ғандар саны – 14 402, дәл қазір ауру­ханаларда 659 адам жатыр, нау­қас­танғандардың 95 пайызы ем­деліп шық­ты.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, өңірде 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсектік орын ұйымдастырылды. Биылғы ақпан айынан бері науқастарға ар­нал­ған төсектік орын саны – 12 есеге, реа­ни­мациялық төсектік орын 10 есеге артқан.

Ауыр науқастар үшін иммундық плаз­маның 3 мыңнан астам дозасы да­йын­далды. Бұл бүкіл республика бо­йын­­ша әзірленген дозаның 62,5%-на тең. Қазіргі уақытта 150 пациентке 309 доза плазма құйылды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құ­рал­­дарының тұрақтандыру қоры құ­рыл­ды. Демалыссыз тәулік бойы 15 ком­­пью­т­­ерлік томограф жұмыс істейді. 1 жел­тоқсаннан тағы үш жаңа КТ аппараты іске қосылады. Медициналық құ­рал­­дармен толық жабдықталған жедел ме­ди­циналық жәрдем көлігі 2,5 есеге көбейді. Індетті уақтылы анықтау үшін ПТР зертханалар жұмыстарын күшейтті.

– Мен күнделікті аудан, қала әкім­де­­рімен байланысқа шығып, өңір­лер­­дегі санитарлық-эпиедмиялық жағ­­дайды тұрақты бақылауда ұстап отыр­мын. Әзірше Өскемен, Алтай, Рид­дер, Серебрянка қалаларында және Глу­бо­­кое ауданында ауру белгілерінің өске­ні байқалады. Вирустың таралуы тұр­ғын­дардың санитарлық талаптарды сақ­тауына, бақылаушы орган­дар­дың қыз­ме­тіне, климатқа және ден­сау­лық сақтау саласының жағдайына бай­ла­ныс­ты. Індет ең көп жұғатын орын­дар­­дың бірі – қоғамдық көліктер. Ал кә­сіп­орындарда аурудың жұғуы аз. Мә­се­лен, «Казцинк» зауытында бүкіл кезең ішін­де небәрі 104 адам ғана вирусқа шал­дыққан, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Облыстағы шектеу шаралары білім бе­ру жүйесіне де айтарлықтай әсер еткен. Өйткені мұғалімдер қысқа мер­зім ішінде жаңа форматқа көшуге мәж­бүр болды. Ал оқушылар кедергісіз бі­лім алу үшін жалпы мектептерге 33 мыңнан астам компьютер сатып алынды. Оқушылардың 90 пайыздан астамы ин­тернет желісіне қосылып, балалардың 6 пайызы роутермен қамтамасыз етілді.

Карантиндік шаралардың енгізілуіне бай­­ланысты «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» бағдарламасы жүзеге асы­ры­ла бастады. Баспасөз конференция­сын­­да Даниал Ахметов аталмыш бағ­дар­ла­ма аясында 479 әлеуметтік нысан­ға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 21 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Семейдегі перинаталдық орта­лық­та, Аягөз, Глубокое, Жарма және Ұлан аудан­дарындағы ауруханалар­да күр­де­лі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Ше­мо­найха қаласында дене шынық­ты­ру-сауықтыру кешенінің, Семейдегі радио­логиялық орталықтың, сондай-ақ екі пә­терлі 37 үйдің құрылысы аяқталуға тая­ды.

Үй құрылысы демекші, өткен жыл­дың басында баспана кезегінде тұрған 906 отбасының 563-і баспанаға қол жет­кіз­ді. Жыл соңына дейін өңірде 1038 көп­­балалы отбасы қоныс тойын той­ла­мақ.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына келер болсақ, соңғы он айда атқарылған жұмыстар аз емес. Кәсіп­керлікті қолдау картасы аясында экс­порттық өндірістерді құру үшін 2020 жылдан 2025 жылға дейін облыс­та 10 мың жаңа жұмыс орнын құруға ба­ғытталған 32 жоба іске асы­рыл­мақ. Аймақ басшысының айтуын­ша, ма­ңыз­ды жобалардың бірі – жылдық қуаты 200 тонна уран өндіретін АЭС-ке арнал­ған жылу бөлетін зауыт құрылысы. Бұл жоба Азия нарығына бағытталып отыр. Сондай-ақ «Қаршыға» кен ор­ны­ның кен байыту кешенінің және «Суықтыбастау» учаскесінде әктасты қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталып қалды. «Қызылқайың» кен учаскесінде қуаттылығы жылына 25 млн тонна кен өндіретін байыту комби­на­тының құрылысы басталады. Ол кәсіпорын өнімдерін Ресей мен Қытайға экспорттауды көздеп отыр.

Экспортқа шығаратын дәнді-дақыл­дар­дың көлемін арттыру бойынша да нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр. Күзгі жиын-теріннің өнімі 340 млрд тең­г­еге бағаланып, өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 130%-ға өсті. Барлығы 804 мың тонна дәнді дақылдар жиналса, оның 626 тоннасы – майлы дақылдар.

– Әлемде бұршақ және майлы да­қыл­дарға сұраныс жоғары. Біздің тұты­нушымыз – Қытай. Елімізде өсірі­летін күнбағыстың 66%-ы Шығыс Қазақ­станға тиесілі. Сондықтан өсімдік ма­йының алуан түрін өндіру бойынша көшбасшы болатын мүмкіндігіміз зор. Майлы дақылдар егістігін 23%-дан 40%-ға дейін ұлғайту қажет, – дейді аймақ басшысы.

Бұдан басқа, тиімділігі жоғары жү­ге­рі, соя, рапс сияқты дақылдардың ал­қап­тарын ұлғайтып, егістіктерді әр­та­рап­­тандыру жұмыстары қолға алын­ған.

Аймақ басшысы мал шаруашылығы сала­сындағы жетістіктерді де тілге тиек етті. Сүт және ет өндіру көлемі бойынша өңір алдыңғы орында. Биыл 7 мың бас ірі қараға арналған үш бордақылау алаңы пайдалануға берілді, 1600 басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы салынып, реконструкцияланды. Бес сүт қабылдау пункті іске қосылды.

Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Халықты ауыз сумен қамту бойынша жобаларды жыл сайын қаржыландыру көлемі 2015 жылдан бастап 3,6 есеге дейін өскен. Су құбырлары 209 елді мекенге тартылып, 240 мың адам ауыз сумен қамтылды. Қолға алынған сумен қамтудың 41 жобасы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұдан басқа 51 блок-модульді станса орнатылып, 21 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Оның ішінде шека­ра­лық ауданның тұрғындары да бар.

Сонымен қатар Даниал Ахметов өңір­дегі іске асып жатқан инновациялық жо­балар туралы да сөз етті. Тың жоба­ла­р­дың бірі – Шығыста травматоло­гия мен ортопедияға арналған медициналық импланттар өндіруді бас­таған. Қазақ­стан­дық импланттардың са­пасы ғана емес, бағасы да тиімді. Орто­педиялық протездер шикізаттың өзін­дік құнының төмендігіне байланысты шетелдіктерден 70%-ға арзан екен.

Әлеуметтік-экономикалық міндет­тер­ді жүзеге асыру бойынша жасалған баяндамадан соң Д.Ахметов журналис­тер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сол сауалдардың бірқатарына тоқ­талайық.

– ПТР-тестің құны тым қымбат, оны тұрғындар үшін тегін етуге болмай ма? Об­лыстағы әр аудан орталығына бір-бір­ден компьютерлік томограф (КТ) құ­рыл­ғы­сын орнатуға бола ма?

– Иә, алғашында тест құны 18 500 теңге болды, кейін 11 500 теңгеге арзандады. Қазір – 8 125 теңге. Бұл мәселені Үкі­мет қарастыруы тиіс. Бізде ондай мүм­кіндік жоқ. Тек бекітілген 10 санат­та­ғы азаматтарға ғана тест тегін жасалады. Томографтар туралы айтсам, облыс­та қазір 18 КТ аппараты істеп тұр. Әр 250 мың тұрғынға 1 құрылғыдан келеді. Алдағы уақытта Зайсан, Күршім, Тар­ба­ғатай аудандарына томограф алуды қарас­тырып отырмыз. Томограммаға кезекте тұрған азаматтар жоқ.

– Көпір құрылысынан тәжірибесі жоқ компания Бұқтырма көпірін салу тендерін қалай ұтып алды?

– Бұл – жалған ақпарат. Тендерді жеңген компанияның бұл салада үлкен тәжірибесі бар, әлеуеті де жетерлік.

– Шығыс Қазақстан облысындағы бас­ты мәселелердің бірі экологияға қа­тыс­ты. Осыған орай өңірдегі зауыттарда тазарту құрылғыларын орнату ісі қалай жүруде?

– Әрине экология өңіріміздің бас­ты проблемаларының бірі болып қа­луда. Соңғы кездері мәселені шешуге 35 миллиард теңге қаржы салын­ды. Шығарылатын қалдықтар 10 мың тоннаға азайып отыр. Ең ірі кәсіпорынның бірі – «Казцинк» 15 жылда шығарындылар көлемін 41,7 пайызға кемітті. Бүгінде біз кешенді бағдарлама әзірлеп отырмыз, оны іске асыруға 50 миллиард теңге көз­делген.

– «Өскемен – Рахман қайнары» жо­лының құрылысы қашан жалғасады?

– Құрылыстың жобалық-сметалық құ­жат­тамасы қайта қаралып жатыр. Ны­сан құрылысы міндетті түрде аяқ­тала­ды.

– Бұқтырма көпірін салуға облыс сұраған 5 млрд теңгенің өтінімін Үкімет қабылдамай тастады. Атыраулық компания іске қашан кіріседі?

– Жоба бар, 200 миллион теңге са­лын­ған. Жұмыс жуық арада басталады.

– Әлеуметтік желілерде сіздің Өске­мен­де Пушкин ескерткішін орнату туралы тапсырма беріп жатқан видео тараған болатын. Білгім келгені, бір қалаға екі Пушкин ескерткіші көптік етпей ме?

– Бұл әлі басы ашық мәселе. Нақты шешім қаланың қоғам өкілдерімен өте­тін бірлескен жиында қабылданады.

 

Шығыс Қазақстан облысы