Тарих • 24 Қараша, 2020

Көкшелік Алаш тұлғалары

801 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің өткенін жаңғырту – әр азаматтың қасиетті борышы. Қазір мамандарға тарихты шынайы қалпына келтіру міндеті қойылып отыр. Халықтың ұлттық сана-сезімін оятуда, оның рухани жаңғыруында ел үшін еңбек еткен ұлттық интеллигенция өкілдерінің қызметін ғылыми тұрғыда талдап, түсіндірудің қажеттілігі өте зор. Осындай тұлғалардың қатарында «Алаш» қозғалысының қайраткерлері де бар.

Көкшелік Алаш тұлғалары

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

1937-1938 жылдары саяси қу­ғын-сүргін жеке тұлғаларға қарсы ұйым­дастырылған шаралардың ең шарықтау кезеңі болды. Қазақтың зия­лы қауымы партия қайраткерлерінің асыра сілтеуін қатты сынға алды. Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті еңбек жылдары ‒ ақыл һәм жүрек айбатымен күрескен 1907 жылдан 1937 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды. Мамырдың соңғы күнін қазақ қоғамы қара жамылып қарсы алады. Себебі бұл күн саяси қуғын сүргін-құрбандарын еске алатын азалы күн, қазаққа қарсы жасалған геноцидтің таңбасы күнтізбеге басылып, ресми түрде аталып келе жатқанына ‒ 23 жыл.

 Алаш идеясы ‒ қазақтың ұлттық идеясының темірқазығы болды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан Алаш зиялы­ларының істері де, қалдырған асыл мұралары да орасан зор. XIX ғасыр­дың соңында бірқатар әкімшілік және сот реформалары жүргізілді. Нә­тижесінде, жергілікті өзін өзі бас­­­қарудың қалдықтары жойылды, пат­­шалықтың әлеуметтік базасын кеңейту үшін шаруалар, казактар, ше­неуніктер түріндегі еуропалық ха­лықты қазақ жерлеріне көшіру бо­йын­ша кең ауқымды науқан жүзеге асырылды, байырғы тұрғындар тұр­ғылықты жерлерден мәжбүрлеп шы­ғарылды.

Бюрократиялық және империялық озбырлықпен қатар жүретін әлеуметтік және ұлттық қысым халықтың жаппай наразылығын тудырды. Наразылық қозғалыстың өсуіне 1905-1907 жыл­дардағы бірінші орыс революциясы қатты әсер етті. Осы жағдайда зия­лы қауым өкілдері ұлт-азаттық қоз­ға­лысты басқаруды өз мойнына алды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов және тағы басқа ұлттық элита патшалық сая­сатқа қарсы күрестің заңды нысандарын таңдады. Петиция құрастыру, мем­лекеттік Думаның мінберін пайдалану, партияны ұйымдастыру, газет шығару тәрізді іс қолға алынды. Елде жүріп жатқан саяси идеологияны көкшелік Алаш тұлғалары қолдап, тарих сахнасында ерекше орын алды. Солардың ішінен атап ай­татын болсақ, ерекшеленетіндер Ж.Тілеулин, Ә.Досов, З.Темірбеков, Х.Болғанбаев, А.Тұрлыбаев, Ш.Әлжа­нов, М.Кәшімовтер.

ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінің болашағы үшін Алаштың азаттығы үшін күреске түскен, ерлер­дің ішінде әлі де болса есімі анық айтылмай жүрген қайраткерлер бар. Әбілқайыр Досов ‒ мемлекет және қоғам қайраткері. Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында (қазіргі Ақмола облысы) туған. 1916 жылы Омбы орыс-қырғыз (қазақ) жетім балалар пансионына орналасып, қазақ оқушы жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту үйірмесіне мүше болған. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Омбы қырғыз (қазақ) кеңесі және облыстық революциялық трибунал мүшелігіне сайланды. Кейіннен төтенше комиссияның ерекше отрядын басқарған. Көкшетау облыстық төтенше комиссиясының инспекторы, Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің Сібір бюросы жанындағы татар, қырғыз (қазақ) секциясының хатшысы, «Кедей сөзі» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. 1920 жылы қазан айында өткен Қазақ кеңестерінің 1-құрылтай съезінде Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төралқа мүшесі және хатшысы болып сайланған. 1922-1926 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, Түркістан облыс­тық революциялық комитетінің, Орал облыстық атқару комитетінің төра­ғасы қызметтерін атқарды. 1926-1927 жылдары Қазақстанның Бүкіл­ресейлік Орталық Атқару Коми­теті жа­нындағы өкілі болды. 1927-1930 жылдары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті төралқасының мүшесі, 1930-1937 жылдары Бүкіл­одақ­­тық Коммунистер партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1936 жылы Оң­түс­тік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, 1937 жыл­­дан Шымкент қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қыз­меттерін атқарған. 1933-1937 жылдары Бүкілодақтық Коммунистер партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті және Қа­зақ Орталық Атқару Комитетінің мү­шесі болып сайланған. Әбілқайыр Ысқақұлы 1937 жылы 28 қарашада жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының үкімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы 12 қазанда ақталған.

Алаш қозғалысының айтулы қай­раткері, Көкшелік тұлғалы аза­мат Зарап Темірбеков ‒ белгілі қоғам қайраткері, журналист. 1923-1925 жылдары Петропавл педагогика техникумында, 1931 жылы Мәс­кеудегі коммунистік журналис­тер институтында оқыды. 1925-1929 жылдары Петропавл, Ақтөбе, Жетісу губерниясының комсомол коми­теттерінде қызмет атқарды. 1930 жылы «Еңбекші қазақ» («Егеменді Қазақстан») газетіне партия бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. 1931-1934 жылдары Атбасар, Ақмола ауданы партия комитеттерінде, «Ленин туы» газетінде қызмет істеді. 1934-1935 жылдары Қарағанды облыстық ком­­со­мол комитетінің хатшысы, 1935-1937 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Өмірінің соңғы кезінде Қазақстан К(б)П ОК-де бөлім меңгерушісі болып қызмет жасады. «Жаңа өмір», «Жанталас» шығармаларымен қатар Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне аударған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Зарап Мұсаұлының жары халық жауының жары ретінде сотталды және жеті жыл бойы Отанына опасыздық жасағандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагеріне қамалды. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде кінә­сіз сотталған Зарап Мұсаұлының адал есімі ақталғанша 25 жыл өтті.

Саяси күрескер, жалынды жур­на­лист, қазақ баспасөзінің қалып­тасуына атсалысқан тұлғаның бірі – Хайретдин  Болғанбаев. Ол 1894 жылы дүниеге келген. Көрнекті Алаш қайраткері, журналист, Орынборда Хусаиния медресесінде оқып, білім алған. Алғашқы мақалалары «Қазақ» газетінде жарияланған. 1917 жылы өткен І және ІІ жалпы қазақ-қырғыз съезіне делегат болып қатысқан. 1917-1918 жылдары Алаш комитетін құруға жәр­демдескен. 1918-1919 жылдары Ташкент қаласындағы педагогикалық курс­та оқиды. 1919-1921 жылдары Ташкент, Орынбор қалаларында мұ­ғалімдік қызмет атқарады. Оның ту­ған елі мен жеріне арналған мақа­ла­лары «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жиі жарияланып отырды. Бірнеше жыл бойы «Бірлік туы» атты баспасөз газетінде  жұмыс атқарады. Ағарту ісіне өте көп үлес қосты. Ол Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқушыларға сабақ беріп, оқу-білім саласын ұйымдастырып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ағарту ісін дамытты. Бұл жөнінде замандастары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқайдың еңбекте­рінен айқын байқауға болады. Хай­ретдин Болғанбаев та Алаш қоз­ғалысының белсенді мүшесі, Түр­кістандағы жаңа мемлекет құруға бар күш-жігерін салған ірі тұлға. Пе­тропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мек­тебінің мұғалімі, кеңес партия мек­тебі оқу бөлімінің меңгерушісі қыз­метін атқарды. Жазықсыз жала­мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы ОГПУ-дың 1930 жылы 4 сәуірдегі тергеу қаулысында «1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орталық Азиядағы Валидовпен байланыс жасағаны үшін және Голощекинге қастандық әрекет жа­сауға тырысқаны үшін» деген айыппен сол жылдың үкімімен Архан­гельск пен Сыктыв­кар­ға айдауға жіберіледі. 1934 жылы көктемде айып­­талу мерзімі аяқталып еліне қайта оралады, бірақ бас қалада тұ­руға рұқсат бермей, оңтүстіктегі Қапланбек зооветтехникумында ұс­таздық қызмет етуге жіберді. Осында 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, 21 қарашада Ташкентте атылды. XX ғасырдың басында қазақ елінде озық ойлы, халқының болашағы үшін еңбек сіңірген, ел мүддесін корғаған зиялы кауым калыптасқаны белгілі. Санының аздығына қара­мастан казақтың ұлттық-демокра­тиялық ин­тел­лигенциясы зор әлеу­меттік, қоғамдық-саяси мәні бар мә­селелермен айналысты. Солардың катарында көк­шетаулық Науан Хазірет, Мәмбетәлі Сердалин. Айдархан Тұр­лыбаев, Шәймерден Қосшығұлов та болды.

 

Жанаргүл ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы