Күздігін сойып, сорпасын қанып ішкен отандастарымыз әне-міне дегенше соғым іздей бастайды. Тіпті кей тұрғындардың соғым союға кірісіп кеткені туралы да арагідік естіп қаламыз. Барымташылардың бағы жанатыны да – осы кез. Мал – семіз, сұраныс – көп. Ұрлық жасап елді зар қақсатып үлгергені де аз емес.
Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қалдырған емес. Өткен жылы сәуірде ел Президенті Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, мал ұрлаушыларға қатысты заңды қатайтуды тапсырған еді. Дәл сол жылы маусымда Мемлекет басшысы Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесу кезінде «Соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», деген еді.
Өткен жылы қазанда Президент өзінің Twitter-дегі жеке парақшасында «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет», деп жазды. Осылайша өткен жылдың соңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» туралы жеке бап енгізілгенін жеткізді. Осы бап бойынша, мал ұрлығымен айналысқандарға қатысты жаза қатаңдады. Бұған дейін еліміздегі Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 147-бабына сәйкес, заң бұзушыларды қамауға алуды бұлтартпау шарасы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған азаматтарға ғана қолданылып келген еді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 68-бабына сүйеніп, аса ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған барымташы жәбірленушімен, арыз берушімен татуласқан (соның ішінде медиация тәртібімен), келтiрген зиянның орнын толтырған жағдайда жазадан әп-сәтте құтылып шығатын.
Ендігі күні осы олқылықтың орны толып, қылмыскерлер жауапкершіліктен құтыла алмайтын болды. Өткен жылдың соңында Президент еліміздегі қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Соның ішінде осы мал ұрлығына қатысты бап та бар. Бұдан былай қылмыстың осы түрін жасағандар үшін «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама алынып тасталды. Жаза да күшейді.
Енді бөтен адамның төрт түлігіне қол салған адам ең аз дегенде 7 млн теңге көлеміндегі айыппұлмен ғана құтыла алады. Бұл – жазаның ең жеңіл түрі. Мал ұрлаған адам 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер көп адам болып топтасып, ұрлыққа алдын ала сөз байласып барған болса қылмыскерлердің бас бостандығынан айырылу мерзімі 7 жылға дейін созылады. Осы адам сүйгісіз әрекетке бірнеше рет барса немесе мал қораға кіріп ұрлық қылса жазалау мерзімі 10 жылды құрайды. Сонымен қатар ұрлық аса ірі көлемде әрі қылмыстық топ болып жасалса қылмыскерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңдағы бұл өзгерістер мен түзетулердің бұрынғысынан тағы бір ерекшелігі сол, осы санаттағы қылмыстар бойынша татуласуға мүлде рұқсат жоқ.
Бүгінде ішкі істер органдарының қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы күрес саналады. Жүзі қаралар жасқанбай жасайтын қылмыстардың 50 пайызы да осы ұрылардың үлесінде. Жағымсыз әрекетке барып, мүлік иелеріне айтарлықтай материалдық және моральдық шығын келтіретін де осылар. Бұл өз кезегінде азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру деңгейіне де кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына ұрлықтың алдын алу мен қылмысты ашуға қатысты ерекше міндет жүктеледі.
«Осы мақсаттарға жету үшін Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қылмыстық заңнамаға «қылмысты бірнеше рет жасағаны» және «үй-жайға заңсыз кіргені» үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Осы белгілерді ауыр қылмыстар санатына ауыстыру – күдіктілердің татуласуға байланысты жауапкершіліктен құтылып кетуіне тосқауыл болды. Нәтижесінде, елімізде жасалатын ұрлық санын 51,6%-ға (108718-ден 52602-ге дейін) төмендеуіне қол жеткізілді», деп отыр Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев.
Оның айтуынша, бүгінде мал шаруашылығы тұрғындар өмірінің негізгі тірегі, ел экономикасының маңызды бағыты саналады. Ауыл азаматтары үшін төрт түлік – тіршілік көзі десе де болады. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен биылғы ақпан айынан бастап Қылмыстық кодекске мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жазаны қарастыратын жекелей 188-1 «Мал ұрлығы» бабы енгізілген. Бұл бап пен ұрлықтың арасындағы негізгі айырмашылық жауапкершіліктің қатаңдауы.
Мәселен, жыл басынан бері мал ұрлағаны үшін 350 күдікті ұсталып, қамауға алынды. Күдіктілердің 77%-на қатысты (270 адам) «қамауда ұстау» туралы шешім шығарылды. Бұрын бұл көрсеткіш 30%-дан аспайтын еді. Ветеринарлық бақылау қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен үнемі жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері 32 облыстық және республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Өткен аптада (16-21 қараша аралығында) тағы бір республикалық профилактикалық іс-шара өткізіліп, соның нәтижесінде 251 мал ұрлығы ашылды. Мал ұрлығына қатысы бар 229 адам ұсталды. Сондай-ақ 6 мыңға жуық (5700) автокөлік құралдары тексеріліп, малдарды, сондай-ақ ет өнімдерін тиісті құжаттарсыз тасымалдау және сату бойынша ветеринария саласындағы 510 құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, 2,5 мың мал сату орындары мен 5,5 мың шаруа қожалықтары, мал айдау орындары тексерілді», дейді полиция қызметкері.
Бүгінде мал ұрлығымен ұйымдасып айналысатындармен күресу үшін өңірлерде жедел іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарларына, мал сойылатын жерлерге және малдың көптеп сатылатын орындарына тексеру жүргізеді. Жыл басынан бері мал ұрлап ұсталғандардың бір бөлігі, дәлірегі 145-і топтасып әрекет еткендер болып отыр.
Мәселен, Түркістан облысындағы полиция департаментінің қызметкерлері үш адамнан құралған қылмыстық топты анықтады. Бүгінде аталған қылмыстық топтың Кентау аумағында 19 мәрте мал ұрлығын жасағаны дәлелденіп отыр. Биыл сәуір айында Батыс Қазақстан облысында мал ұрлаушылар тобының қылмыстық іс-әрекеттері ауыздықталды. Олар 54 мәрте мал ұрлығын жасап, 170 бастан астам төрт түлікті қолды еткен көрінеді.
Жалпы, кейінгі 5 жылда мал ұрлығы 42%-ға азайғаны байқалады. Егер 2015 жылы барымташылық мәселесіне қатысты 8 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 4,5 мыңды құрады. Ұрланған малдың саны 25 мың бастан 16 мыңға дейін азайды (38%-ға). Бұл үрдіс биыл да қайталанып отыр. Мәселен, осы жылдың 10 айында мал ұрлығы 41%-ға (3789-дан 2248-ге) азайса, ұрланған малдың саны 11276-дан 8888-ге дейін төмендегені байқалады.
– Бұған пандемияға байланысты карантиндік шаралардың енгізілуі де айтарлықтай әсер еткені белгілі. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстардың 60%-дан астамы еркін жайылымдарда жасалады (2248 қылмыстың 1529-ы). Жайылымдарда жануарлар бірнеше апта, тіпті бірнеше ай бойы қараусыз жүреді. Осыған байланысты, біздің бастамамыз бойынша жергілікті атқарушы және өкілетті органдарға ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша заңды өкілеттік берілді (Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 28 қазандағы № 268-VІ заңына сәйкес). Оны бұзғандар үшін Әкімшілік кодекстің 408-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Яғни заң бұзушылар 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалауы мүмкін, – деп отыр полиция полковнигі.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған осы ережелердің негізінде аймақтарда жер бедері мен мал басын ескере отырып жеке ережелер қабылданатын болады. Ережеге сәйкес, қазір ауыл шаруашылығы жануарларын жайылымға қараусыз жіберуге тыйым салынады. Бұл өз кезегінде төрт түліктің ұры-қарылардың жетегінде кетпеуіне ықпал ететін көрінеді. Сондықтан мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жасау үшін полицияның ғана емес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың да күш-жігері қажет.
Өткен аптада ұрлықтың алдын алуға және ашуға бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған меншікті қорғаудың ведомстволық бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама азаматтардың мүлкін, соның ішінде малын сақтандырудың халықаралық тәжірибесін пысықтайды.
– Өзгеге қолды болмауы үшін төрт түлікті сақтап қалу ісіне мал иелері де бір кісідей атсалысулары керек. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, малды қараусыз қалдырмаған жөн. Сондай-ақ ұрының жағымсыз әрекетіне тосқауыл болатындай етіп қора-қопсыны да қымтап, берік ұстау керек. Сонымен қатар малға таңба басу мәселесін де ұмытуға болмайды. Бұл әрекет мал ұрлау фактілерін анықтауға және малшылар арасындағы келіспеушіліктерді шешуге оң ықпал етеді. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, соның ішінде мал ұрлығына қарсы іс-қимылда алға қойған міндеттерді орындауды әрі қарай жалғастыратын болады, – дейді Д.Таев.