Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифингте осы мәселенің жай-жапсары жайлы кеңірек әңгімеледі.
– 15 қарашаға дейін емхана ауыстыру мүмкіндігін 10 мың алматылық пайдаланды. Ал тіркеу науқанына 77 медициналық ұйым қатысты. Медициналық сақтандыру қорымен келісім аясында жұмысын 2021 жылдан бастайтын жаңа ұйымдар да бар. Емхананың үй маңына жақын болғаны дұрыс. Бұл қажет болған жағдайда дәрігердің үйге келіп жедел көмек көрсетуіне ыңғайлы болады. Әсіресе пандемия жағдайында емхананың үйге жақын болуы өзектілігін дәлелдеп отыр. Сондай-ақ бір отбасының бір емханаға тіркелгені жөн. Отбасылық дәрігер отбасы мүшелерін түгел білгендіктен, науқасқа мейлінше тиімді ем тағайындайды, – деді Т.Әбілдаев.
Оның айтуынша, егер азамат тұрғылықты жерін, жұмысын және оқуын ауыстырса, сонымен қатар тіркелген емхана қайта құрылса немесе жұмысын тоқтатса тіркелген емханасын ауыстыра алады. Тұрғындардың емхана ауыстыруына бір жылда бір рет қана мүмкіндік беріледі.
Биыл 9 айда медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша медициналық көмек үшін 307 млрд теңге бөлген. Қаңтар-қыркүйек аралығында стационарлық медициналық көмек көрсету мақсатында 19 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сондай-ақ диагностикалық-кеңес беру бағытында 6,5 млрд теңге жұмсалған. Азаматтар үшін ең өзекті қызметтің МРТ екені анықталған. 5,9 млрд теңгеден аса қаржы жоғары технологиялық қызметтер үшін бөлінген. Қаражаттың қалған бөлігі профилактикалық шаралар, қалпына келтіру көмегі мен медициналық сауықтыруға бағытталған.
– 2017 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың қарашасы аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Алматы қаласынан 85 млрд теңге түсті. Оның 70 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілердің қаражат бөлуінен құралған. Қалған сома жеке кәсіпкерлердің жарнасы мен азаматтық келісімшарт арқылы жұмыс істейтін азаматтардан түсті, – дейді спикер.
Тіркелу кампаниясы кезінде тұрғындардың таңдауы негізінен мемлекеттік медициналық ұйымдарға түскен. Сонымен қатар спикер жеке емханаларға мемлекет тарапынан қандай талаптар қойылатынын да айтты.
– Жыл сайын жеке клиникалар саны артып келеді. Бұл жақсы үрдіс бәсеке мен сапаны да арттырады. Талапқа келсек, олардың медициналық қызметті көрсетуге лицензиясы болуы керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасына талаптарға сай тіркелуі тиіс. Сол базаға тіркелген емханалар ғана тіркелу науқанына қатысады, – деді Т.Әбілдаев.
Емханаға тіркеу былтырдан бері электронды үкімет порталы арқылы жүргізіледі. Спикердің айтуынша, тіркеудің автоматты түрде жүзеге асуы емханаға сырттай тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Бұған соңғы жылдары тіркеуге қатысты шағымдардың күрт азаюы дәлел.
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ