– Мобильді бригада мамандары чек-парақтар арқылы қауіпті індет ағынының ауырлығына байланысты науқасты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдай алады. Мұндай шешімге дене қызуының көтерілуі, ентігу секілді белгілер болғанда ғана емес, науқастағы ілеспе аурулардың және адам өміріне қауіп төндіретін факторлардың бірқатар параметрі ықпал етеді, – дейді Нұрфия Қизатова.
Дәрігердің айтуынша, қауіпті індет жедел респираторлы вирустық инфекциясымен қабаттасып келуі мүмкін. Сол себептен COVID-19 инфекциясының симптомсыз түріне шалдыққан науқас медицина маманының бақылауына алыну тиіс. Осы орайда медицина маманының көмегімен науқастың өзі толтыратын чек-парақтың маңызы зор.
Ал №2 облыстық инфекциялық ауруханасының директоры Мағжан Сиджановтың пікірінше, тұрғындар қауіпті індеттің алдын алу шараларынан ұдайы хабардар болуы керек. Індет жұқтырмаудың ең тиімді жолы – адам көп жиналатын жерлерге бармау.
– Қазір мектептердегі кезекші сыныптарда сабақ басталды. Ата-аналардан балаларын қорғауды сұраймыз. Балалардың жай-күйін бақылап отырған жөн. Дене қызуы көтерілген болса, мектепке жібермеу қажет. Эпидемия кезеңінде өзге де инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы екпелерді алу үшін емханаға уақтылы барған дұрыс, – дейді М.Сиджанов.
Атырау облысы