Ұлы державалық мүдделер, империялистік өктем саясат, қоғамдық пікірлердің құлы болған саяси қайраткерлердің солқылдақ немесе сауатсыз шешімдері дау-дамайлардың, соғыс ошақтарының көбеюіне, мемлекетаралық, конфессияаралық қайшылықтардың өршуіне, экстремистік, лаңкестік топтардың белсенді іс-қимылға көшуіне, адам құқығының тапталуына тікелей әсер етіп отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Осынау үдерістердің өзегінде өзгенің көзқарастары мен ұстанымдарына төзімсіздік таныту, менмендік пен тәкаппарлық, басқаныкін жасық, өзінікін жаһұт санайтын өзімшілдік пиғылдар жатыр. Осындайда өзара келісім, толеранттылық сынды ең қажетті құндылықтардың кейінге ысырылып, бір-біріне жұдырық ала жүгіру тәсілінің «аты озып» тұрғанын еріксіз мойындайсың.
Қазіргі таңда адамзат өркениеттің игілігін көремін десе, бірінші кезекте толеранттылыққа, соның аясындағы адамгершілік қағидаттарына жүгінуі тиіс. Өзара сыйластық пен құрметтің азаймауына ұйытқы бола білетін толеранттылық қағидалары қатаң немесе өз деңгейінде сақталатын қоғамда адамдардың бостандығы мен құқығы ерекше қорғалады. Мұндай үрдіс қалыптасқан жерде тұрақтылық пен орнықты даму қамтамасыз етіледі.
Негізінде, толеранттылық қағидаларын, оның басты құндылықтарын бүгінгі өркениеттің бір тірегі немесе маңызды өзегі ретінде қарастыру аса маңызды. Алайда біз бүгінгі өркениетті ғылыми-технологиялық жетістіктер, мәдени-рухани табыстар шеңберінде ғана сипаттаудан аса алмай келеміз. Егер бүгінгі кезеңді өркениет дәуірі деп танығымыз келсе, бірінші кезекте біздің басты жетістігіміз толеранттылық талаптарын қаншалықты орындап жүргенімізбен өлшенуі тиіс. Шын мәнінде, толеранттылық әлемдік ең басты құндылық ретінде қалыптаспай, мойындалмай біз бүгінгі заманымызға «өркениетті» деп айдар тағуға тиісті емеспіз.
Бүгінде нәсілдік кемсітушіліктер, өзін зор, өзгені қор санайтын өктемшіл көзқарас иелерінің қарадүрсін іс-әрекеттері дінаралық, ұлтаралық түйткілдерді ушықтыра түсуде. Бұл жағдай қарсылас күштердің көптеп шығуына, түрлі тараптардың қапы қалмау қарекетіне көшуіне, жаңа жанжал алаңдарының пайда болуына әкелуде. Әлемді толғандырып отырған осындай жағымсыз үрдістерден қазақ қоғамы әрдайым сабақ алуы тиіс.
Елімізде арандатушы, азғырушы күштердің аз емес екенін ішіміз сезеді. Олардың отқа май құятын «қызуқанды», әсіре пікірлерін, қазақстандық толеранттылықты бойкүйездікке теңейтін сыни ойларын, қазақтың бойындағы табиғи салқынқандылық пен сабырлылықты, байыптылықты енжарлық пен ессіздікке, қорқақтық пен жасықтыққа балайтын шымшыма сөздерін, ештеңенің байыбына бармай шоқпарын ала жүгіретін тентек болуға үндеуін бүгінгі қазақ қоғамын оятудың тиімді тетігі деп қарастырмағанымыз абзал.
Ұлы даламызда, яғни кешегі қазақ қоғамында қалыптасқан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі қоғамымыздағы өзара келісім мен татулықтың бастауында тұрғанын ескергеніміз жөн. Сондай-ақ қазақ ұлтының кез келген дұшпанын, ызғарын шашқан небір заманалардың ылаңын ең бастысы төзімділігімен, шыдамдылығымен жеңіп, болашақтың ұлы жолынан адаспай келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Осыны жақсы білетін пиғылы бөтендер соңғы кездері жымысқылықпен «шаптан түрту» әдісін қолданып, жылқы мінезді қазақты мөңкітіп, жолынан тайдырғысы келетінін аңғартып жүр. Шаптан түрткенде ер-тоқымын бауырына алып мөңкитін аттың күйін кештіргісі келетін ниеті бұзықтардың іздегенін алдынан кезіктірмеуіміз үшін бүгінгі қазаққа сабыр, шыдам, салқын ақыл керек.
Тәуелсіздік, ішкі бірлік, ынтымақ – түртіп қалсаң шашылып кетуі оңай жұқа шынының ішінде тұрған аса бағалы құндылық. Оны арандатушы мен шынайы жанашырды, азғырушы мен шындығын айтып шырылдайтынды анық айыра білетін ұлт қана сындырып алмай, абайлап ұстай біледі. Біз қазір осындай ұлттардың қатарындамыз. Біздің осы саптан көрінуіміз әрдайым толеранттылыққа, өзара келісімге ғана жүгініп келе жатқанымыздың арқасы. Осыны ұмытпайық.