Бәрі әуестіктен басталды
М.Джонсон ерекше еңбекқорлығының арқасында әлемге танымал спортшы атанды. Қысқа қашықтықта жүгіруден Олимпиаданы 4 мәрте, әлемді 8 мәрте бағындырып, бірқатар рекорд орнатты. Майкл Джонсон 1967 жылы 13 қыркүйекте Техастағы Уэйко қаласында дүниеге келген екен. Әкесі – шофер, анасы – мұғалім. Бес ағайынды. Ата-анасы перзенттеріне ең алдымен білім алу керек деген міндет қойыпты. Ағайындылардың жаздың жаймашуақ күндерінің өзінде түске дейін сабақ оқып, түстен кейін демалу деген шарты болыпты. Джонсон орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алып, менеджер атанды.
Ол жүгірумен мектеп қабырғасында шұғылданған. Бас кезінде бұл әуестігіне қатты мән бермепті. Бұл туралы өзі: «Мен кішкентайымнан құрдастарымның арасында ең жылдам болдым. Тіпті ересек балалармен жарысқанда озып кететінмін. Бірақ қаншалықты озып жүрсем де, ешқашан Олимпиаданы бағындырып, рекордтар иесі атанамын деп ойламаппын...» дейді.
Болашақ желаяқ алғашында «тек өзім үшін спорт түрімен айналысып жүрдім» дегенімен, бапкері еңбекқор Майклдың түптің түбінде бір жерден жарып шығатынын ерте білген екен. Бұл жайында жаттықтырушысы Клайд Харт сұхбаттарында айтып жүрді. Бірақ Майкл үлкен спорттан кеткенінше жаттығу техникасы мен айла-тәсілдер жайындағы сырды ешкіммен бөліспей, бапкері екеуі өз ішінде сақтап қалды.
Бағы жанған жылдар
Джонсонның жұлдызды сәтін туғызған Атланта Олимпиадасы. Бірақ оған дейін де бірқатар жетістікке жетіп жүрді. 1992 жылы 4х400 метрлік эстафета жарысында Барселона Олимпиадасының алтын медалін әріптестерімен бірге жеңіп алса, осы жылдары қысқа қашықтықта (200 метр) әлемдік рекордты жаңартып, жеңіл атлетиканың айтулы жарыстарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
1988 жылы Сеул Олимпиадасына жарақатының салдарынан қатыса алмағандықтан, бар күшін 1991 жылғы Токиодағы әлем мықтылары бас қосқан чемпионатқа салды. Осы чемпионатта 200 метрге жүгіруден бас жүлде алған ол Барселона Олимпиадасының алтын медалінен басты үміткер еді. Бірақ денсаулығы сыр беріп, дұрыс өнер көрсете алмады. Жекелей сында тіпті финалға шыға алмай, ұятты жағдайға қалды. Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, эстафеталық жарыста жерлестерімен бірге барын салып, бірінші орынды иеленді. Бұл да көңілге демеу.
Алдына қойған мақсатына жетуден еш қаймықпайтын спортшы үйіне қайтқаннан кейін күніне екі рет жаттығып жүрді. Намысын қайраған Барселонадағы сәтсіздік өзге жетістіктерге жеткізді. Бір жыл өткеннен кейін, 1993 жылы Штутгартта өткен жеңіл атлетикадан әлем біріншілігінде 400 метрге жүгіруден қарсылас шыдатпады және жерлестерімен бірге 4х400 метрлік эстафеталық жарыста алтыннан алқа тақты.
Сонымен қатар 1990 және 1994 жылдары Ізгі ниет ойындарында (Гудвилл) және жабық алаңдағы жарыстарда мәреге бірінші болып келіп жүрді. 1995 жыл Майкл үшін табысты болды. Гетеборгта өткен әлем чемпионатында 200 және 400 метр қашықтықта жан шыдатпады. Онымен қоймай, эстафетада командаластарымен тағы бір мәрте әлемнің үздіктері екенін дәлелдей білді. Сөйтіп, бір чемпионаттан 3 алтын медаль еншіледі.
Желаяқ бұдан кейінгі толағай жетістігіне 1996 жылы өткен Атланта Олимпиадасында қол жеткізді. Алғашқы жеңісі – 200 метр қашықтықта мәре сызығын бірінші болып кескеннен кейін-ақ сенсациялық хабар тарады. Себебі желаяқ спортшының жылдамдығы шектен тыс болды. Мұндай энергия жұмсаған адамның тағы да бір қашықтықта жүгіріп алтыннан алқа тағуы адам сенбейтін іс еді. Бірақ Джонсон бәрін таңғалдырып тағы бір мәрте чемпион атанды. Сөйтіп, жеңіл атлетика тарихында екі қашықтықта (200, 400 метр) қатарынан топ жарған спортшы ретінде тарих парағына таңбаланды. Бұған дейін осындай атақтың иесі Боб Бимон (биіктікке секіру) болған екен.
2000 жылы Сидней Олимпиадасында 400 метрлік жарысты ұтты. Сонымен қоса, эстафеталық жарысты да жеңіп алды. Бірақ кейін бір командаласы тыйым салынған дәрі қабылдады деп, бұл жүлдені қайтаруға тура келді.
2002 жылы спорттық ғұмыры аяқталғаннан кейін Майкл Джонсон BBC арнасында комментаторлық қызметті және «Дейли Телеграф» газетінде спорт мүйісін жүргізді. 2007 жылы жекеменшік Ultimate Performance атты спорттық менеджмент саласындағы компания ашып, жастар мен кәсіби спортшыларды даярлауға атсалысып жүр. Бүгінгі таңда отбасымен Калифорнияда тұрады.
Кім жүйрік?
Осы сұрақты көптеген спорт маманы мен жанкүйер қойып жүр. Салыстырып жүргендері – Майкл Джонсон мен Усейн Болт. Біздің ойымызша, бұлай салыстыру мүлдем қисынсыз. Өйткені екеуінің спорттық ғұмыры екі кезеңде болғаннан кейін қос жүйріктің әлеуеті де әртүрлі. Біз тек екеуінің ерекшеліктеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.
Майкл Джонсон жүгіру кезінде денесі артқа қарай иіліп, орташа аяқ адымымен ерекшеленсе, Усейн Болттың бойы ұзын болғандықтан, сөреден алғаш шыққан кезде-ақ жылдамдық алады. Мұндайда негізгі салмақ денеге емес, аяққа түседі дейді спорт мамандары.
Майкл Джонсон – өткен ғасырдың соңғы онжылдығында ешкімге дес бермей, өз биігінде үлкен спорттан кеткен майталман. Қиындық болса мойымай, керісінше, намысына қамшы салып, биіктерді бағындырған әлемнің ең мықты желаяқтарының бірі. Бұл жайында өзі: «Менің осыншама ұзақ спорттық ғұмырымның болғанын және нәтижелі көрсеткіштерімді сақтай алғанымды мақтан тұтамын. Мұның бәрі де, әрине, бәрі де еңбектің арқасы», дейді.
Джонсон бүгінгі таңда өзінің бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр. Жыл сайын әлемнің әртүрлі мемлекетіне арнайы барып, жергілікті желаяқтар мен олардың бапкерлеріне арнайы дәріс те оқиды.