Әдебиет • 25 Қараша, 2020

...Өзі де іші құдықтай терең адам

1170 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазаққа осы тұйғын шалды бермегенде қайтер едік? Кісі қартайғанда құсқа ұқсайды. Жауырыны шығып, тұмсығы ұзарып, көзі шүңірейеді. Жер үйінің балконында тұйғын құсап тұқиып отырғанын көріп едім. Осы кісіні көрген сайын қан тамырларымды бір ыстық от қуалап өтеді. Қазаққа Әбді-Жәмил Нұрпейісов те бірдей, Олжас Сүлейменов те бірдей. Араларындағы интрига кейде арнайы қойылымға ұқсап кетеді. Тұлғалар арасындағы тірес, «құдайлар арасындағы күрес» емес. Алатаудың Кеңсаймен бітетін биіктері одан аласара да қоймас. Қазір ондай интрига да жоқ. Үлкен жиындарда бұрынғыдай спектакльдер де қойылмайды. Себебі, басты рөлдерде ойнайтын күрделі характерлі тұлғалар келмеске кеткен.

...Өзі де іші құдықтай терең адам

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кенет ашық күнде күн күркірегендей болды. Олжас бір жиында сөйлесе, күн күркірегендей естіледі. Алматыдағы хайуанаттар паркінде арыстандар ақырса, жер тітірейтін. Хайуанаттар паркіне жа­қын жердегі құжырада біраз жыл мекен­деп тұрдық. Ұзын барак үйдің тақыр еденінде жатқанды ыңғай көруші едім. Түннің бір уағында арыстан ақырды. Кәдімгідей жер тітіреп, қан тамырларымды бір ыстық от қуалап өтеді. Олжас Сүлейменов мінбеге көтерілгенде де әр қазақ осындай сезімде болатын шығар. «Қан мен терді» «Қан мен тер» қылған аудармашылар» деп қалды қараптан қарап тұрып. Көз алдыма қазақшаны қойып, орысша аударманың өзін өз қолымен шимайлап түзетіп отырған асқан еңбекқор жазушы келді.

ПЕН-клубтың жиыны түскі астан кейін қайта жалғасты. Мәжіліс залына тұйғындай түйіліп Әбді-Жәмил кіріп келе жатты. Тоқсан бестегі адамның таяғының тоқылы емес, аяғының тыпыры да емес, ырс еткен демі құлағымызға жетті. Бірақ бұл кезде мәжіліс залында Олжас Сүлейменов жоқ еді. Түске дейін қатысып, өз миссиясын орындап кетіп қалған. Енді мінбеге атақты «Қан мен тердің» авторы көтерілмек. Бәрі минут-секундына дейін есептелген спектакльді осы арадан үзе тұрғым келіп отыр. Себебі оның тыныш жатқан жерінен тұрып келуінің өзі жаңағы айтылған әңгімеге жауап емес пе?!

Құдай бізге осы тұйғын шалды бер­геніне де шүкір. Иә, қазаққа Олжас та бірдей, Әбді-Жәмил Нұрпейісов те бірдей. Кейде олардың арасындағы интрига өзі солай болуға тиісті заңдылық сияқты көрінеді. Сондықтан басқаны білмеймін, өз басым оларға түсіністікпен қарайтын қазақтың бірімін. Бұл текетірестің қырық бес жылдан бері жалғасып келе жатқанын да білемін. Бақа-шаянның бақастығы емес, тектілердің текетіресі екенін де ішім сезеді.

Ол Ғабит Мүсірепов те шау тартып, алыптар тобы сахнадан кете бастаған шақ. Міне, сол сәтте рухани лидерлік кім­нің қолына көшеді деген мәселе туын­дай қалды. Алыптар тобы аспан тіреп тұрғанда олардың арасына ши жүгіртуге мәскеуліктер де батпайтын еді. Енді Мәскеуде кімнің сөзі жүреді, лидерлік те соған байланысты шешілетін заман туып келе жатты. Егер сол кезде одақ көлемінде орыстілді Олжас Сүлейменов қана танымал болса, қазақ қаламгерлері жетімкөңіл болып қалар ма еді, кім білсін.

Міне, осы тұста сахнаға 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған Әбді-Жәмил Нұрпейісов шықты. Бірақ мәселе сыйлық алуда емес, мәселе интри­ганың ішінде болуда десек қателесе қой­маспыз. Алматы мен Мәскеудің арасын «арба жол қылған» екі қаламгер интрига иіріміне де сол жолмен тартылған се­кілді. Оған дәлел, жоғарыдағыдай мәр­тебелі сыйлықты Мұхтар Әуезовтен ке­йін Жұбан Молдағалиев те алды. Сол сияқ­ты Бүкілодақтық комсомол сый­лы­ғын Олжас Сүлейменовтен кейін Мұх­тар Шаханов та иеленді. Бірақ Жұбан Мол­дағалиев те, Мұхтар Шаханов та әл­гіндей интрига атаулының ішінде болған жоқ.

Мәскеу басын соғыстырып ойнаймын десе себеп те жетеді. Бейнелеп айтқанда, бұл «Қан мен тер» мен «Аз и Я»-ның ара­сындағы «соғыс» болуы да мүмкін. Бір қазақтың басына екі бақ қатар қонса арты не болары айтпаса да түсінікті. Мәртебелі сыйлық «Қан мен тер» роман-драмасына жетпіс төртте берілсе, «Аз и Я» баспадан жетпіс бесте шықты. Яғни жетпісінші жылдардың ортасында бір-біріне қарсы қоятын басқа салмақты дүние болған жоқ. Олжас Сүлейменовтің алғаш «Қан мен терге» тиісіп сөйлеген сөзі де сол жылдарға тура келуі тегін емес. Әбді-Жәмил ағамыздың сақтығын білетіндер, адуынды ақынды бірінші соқтықтыруы да әбден мүмкін.

Алайда заманы жүріп тұрғанмен орыс­тілді ақынға қазақтілді жазушы кеудесін бастыра қойған жоқ. Бірақ екі алыптың тайталасында шығыс тәмсіліне тән, батыс притчасына да бергісіз бір қызық жағдай пайда болды. Ақын бұ­тақта отырып сынайды, ал жазушы оның айтқандарын азапты еңбекпен жоқ­қа шығарғысы келіп тырбана береді. Әр жол, әр сөйлемді үстінен бастырып түзете беру тау қопармаса да, тас қа­шағанмен бірдей. Өзін өзі кітаптың үстінен бастырып түзегенді Қажығұмар Шабданұлынан көріп едік. Сірә, бұл нағыз классик жазушыға тән қасиет те шығар. Десе де бұтақта сайраған ақын­ның көлеңкесі жазушының мойнына өмір бақи түспейтін редактор болып мініп алмасына кім кепіл?..

Мінсіз дүние болмайтынын біле тұ­ра, мінсіз дүние жасау өмірінің басты шартына айналған қаламгердің бұл ісі де тәмсілдей тамсантады. Кім не десе де қазақ әдебиетінде Әуезовтің төрт томындай, Нұрпейісовтің үш томындай, Қажығұмар Шабданұлының алты томындай еңбекті ешкім жазған жоқ. «Абай жолымен» басталып, «Қан мен термен» жалғасып, «Қылмыспен» толыққан тізім енді балталасаң да бұзылмайды. Бірақ «Қан мен тердің» соңынан «оны осындай дәрежеге жеткізген аудармашы Казаков» деген әңгіме де оңайлықпен қалмайтын сияқты. Егер жазушының жетпіс бес жасында жарық көрген «Соңғы парыз» романын оқымағанда, мен де «естіген құлақта жазық жоқ» деп жүре берер ме едім, қайтер едім.

Қалай десеңіз де орыс қаламгері қа­зақ­тың образын толыққанды етіп сом­дапты деген де ақылға бір қонып, бір қон­байды. Ал «Қан мен тердің» ең бас­ты жетістігі образдар галереясын қалай ше­бер түзгенінде болып саналады. Жа­зушы ондағы кейіпкерлердің әрбірін қас суретшінің қылқаламынан шыққан портреттердей қайталанбас образдарға айналдырған. «Қан мен терді» осыдан қырық-елу жыл бұрын оқығандар да Еламанның, Ақбаланың, Тәңірбергеннің, Мөңкенің, Райдың, Судыр Ахметтің кім екенін жақсы біледі. Бір кітаптан осынша дара кейіпкердің есте мықтап сақталуы да әдебиетіміздегі ерекше құбылыс деу­ге болады.

«Қан мен тер» дәуірлік сипаты күшті туынды болса, «Соңғы парыз» әлеуметтік әлеуеті мықты шығарма. «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» деген екі бөлімінің атауы да өлең сияқты тартымды. Біреулер бұл шығармада пуб­лицистикалық сарын бар деседі. Ал публицистикалық сарын көркем шы­ғармаға заманға сай жинақылық әке­летінін ешкім айтпайды. Онда да романда шиырыла ширыққан сөйлемдер кейде өлең жолдарындай отты сезіммен-ақ алып кетеді. Публицистикалық сарын дегеннен гөрі, заманға сай көркем сарын деп бағалаған әлдеқайда әділірек.

«Соңғы парыз» қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелген роман. Оның себебі бұрын бізде мұндай депрессиялық әдебиеттің үлгісі болған жоқ. Жекелеген кейіпкерлердің жалғыздыққа ұрынуын депрессиялық әдебиетке жатқыза алмаймыз. Ал «Соңғы парызда» адам қоғаммен бірге тығырыққа тіреледі. Бір қарасаң тартылып бара жатқан теңіз трагедиясы үлкен рөл ойнап тұрған тәрізді. Үңіле кеп қарасаң ол, оқиға өтетін кеңістік сияқты екінші қатарға көше бастайды. Оның орнына бар құндылығынан адаланып, дағдарысқа ұшыраған адам жаны алға шығады.

«Соңғы парыз» әлем әдебиетіне де қосатын азды-көпті жаңалығы бар роман. Олай дейтініміз әлем әдебиетінде депрессиялық әдебиет адам мен қоғамның ішкі қайшылықтарынан көрініс табатын. Кейіпкерлер не бір өнер шығармасы, не бір баянсыз махаббат, не бір әлеуметтік жағдай үшін өздерін өздері іштен жеп тауысатын. Бір қарасаң соншалықты түңілуге себеп те жоқ сияқты, тіпті «депрессия менің сүйікті дертім» дегендей Құдай алдындағы астамшылық та байқалып қалады. Оның жанында «Соңғы парыздағы» торығудың тартылған теңіз­бен өзектестігі өмірден түңілген адамның аяқ-қолы жоқ мүсәпірдің қайыр тілеп отырғанын көріп ес жиған тәмсілін ерік­сіз еске түсіртеді.

«Соңғы парыз» Нұқ пайғамбар кеме­сінің тірі қалу, аман қалу идеясын жаң­ғыртқан роман. Ол бас кейіпкер Жәдігер қойнына тығып алып жүретін құйтақан­дай құс бейнесінде көрінеді. Мынау экологиялық дағдарысқа ұшыраған дү­ниеде адам жанын жылытатын не бар деген сұрақтың символдық жауабы іс­петті. Кеудесі құстың ұясындай пенде шырақ өзінің он сегіз мың ғаламдағы жалғыз пана екенін құйтымдай құсқа қалай түсіндіреді. Егер соның жауабын тапса, адам теңізді де сақтап қала алар ма еді дейсің. Мұз үстінде құсты қойнынан шығарып ұшырып жібергенін неше сақ­қа жүгіртуге болар, бірақ одан шығатын қо­рытынды біреу. Жер бетіндегі соңғы тір­шіліктей жаңағы ұшқан құйтақандай құс енді сол ұшқан жеріне қайта қона ала ма, түп қазық идея міне, сонда.

«Соңғы парыз» әлем әдебиетіне жол табатын тағы бір мүмкіндігі бар роман. Ол Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяттары сияқты теңіз тақырыбына арналған. Бүкіл әлемдегі теңіздер мен мұхиттардың қоршауында жатқан елдер кең дала философиясын бәрібір тү­сінбейді. Алақандай көлі бар қырғыз елін­дегі әлемге танымал жалғыз жазушы екі бірдей шығармасын Ыстықкөлге бекер арнап отырған жоқ. Демек шетел оқырмандары да тартылып бара жатқан теңізден туындаған қазақ кейіпкердің жан дүние торығуын жатсынбай қабылдаса керек.

 «Соңғы парыз» бүгінгі күннің мінез-құлқы күрделенген кейіпкерін сомдауымен де жаңашыл. Ол кешегі күнгі бәрін кеудеге салатын ұраншыл ұрпақтың өкілі емес. Керісінше табиғатқа барынша жақындаған жазалы һәм жапалы тұлға. Біреудің істеген ісі үшін жапа шегетін, біреудің жасаған қылмысы үшін жаза тартатын тұлғалық дәрежеге жеткен кейіпкердің кеңістігі де кең. Ол қойнына құйтақандай құсты салып алып, мұз үстіне шыққанда алдынан басқа әлем ашылады. Кейіпкерін бұлайша ғарыштық сананың құлы етіп бейнелеу үшін жазушыға да үлкен жүрек керек-ау деп ойладық.

«Соңғы парыз» жазушының өзін де неше алуан қаңқу сөзден құтқарған роман. Осы дилогия жазылғаннан кейін «Кейіпкері Шолоховтың кейіпкеріне ұқ­сайды», «Жетпей тұрған жерін аудар­машы жетілдіріп жіберіпті» деген сияқты қаңқу сөздер кілт тыйылды. Оның ор­нына: «Бұл кісінің орысшасы да, қазақ­шасы да бірдей. Орысша да жазады, қа­зақша да жазады. Орысша жазса бі­реуге қазақшаға аудартады, қазақша жаз­са біреуге орысшаға аудартады. Өз жаз­ғанын өзі қазақшаға да, орысшаға да өмірі аудармайды» деген әңгіме тарады. «Соңғы парыздағы» әр сөзі сыналап жазылған мәтінді оқығанда, оған еріксіз иланасың.

Ол көптен ұстамай кеткен «Соңғы парызды» қолына алғанда өзіне де енді түзейтін жері қалмаған сияқты көрінген. Бұл кітап бірнеше рет басылып шығып та қойды. Бір-екі мәрте аты да өзгерді. Бірақ «Соңғы парыз» деген атау оқырман көкейінде мөрдей басылып қалып қойды. Өзіне салса «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» деген қанатты сөз ұнайды. Екеуі бір романның басын құраған екі кітаптың атауы. «Бір күн, бір түн» деп атаса қайтеді, а? Кітабын қа­нат бітіріп ұшырып жібергісі келгендей қайта-қайта қомдана берді.

Әлденеге шамырқанғандай да түрі бар. Адам өзіне қашан қанағаттаныпты. Жаңа ғана телефонда айтылған сөздер де миында сағат құсап шықылдап тұр. Шетелден кімдер келгенін тағы қай­талап сұрады. Олжас Сүлейменовтің не сөй­легенін естімеген болды. Мүмкін есті­меген де шығар. Құлағындағы дыбыс ұлғайтқышты ақырын қозғап-қозғап қойды. Жоқ, бармаса болмайтын шығар. Түске дейінгі жиынды соларға берді. Енді түстен кейін бармақшы. Өзінің бар екенін көрсетіп қайтқанның өзі неге тұрады.

Әбе кіріп келгенде бәріміз де демі­міз­ді ішімізге тартып тына қалдық. Олжас Сүлейменовтің орны бос тұр. Екеуі сөздерін бір-бірі жоқта айтса да ес­ті­мей қоймайды. Сондықтан ол кісінің келгені де, не сөйлейтіні де оқиға сияқты елеңдетті. Баяғы шулы да дулы әдеби ортаға қайта тап болғандай бір леп жел­піп өтті. Кейде үлкен тұлғалардың тау қозғалтқандай ырғасқанын да сағынады екенсің. «Бізге не жетпейді?» десе, «Бізге бір ашу жетпейді» дегің келіп-ақ тұрады.

Бірақ ол Олжас Сүлейменовтің жа­ңағы айтқан сыны туралы бір ауыз тіл қат­қан жоқ. Соның өзінде аузынан шыққан әр ті­ркес басқаға емес, соған арналғандай сөзі мық, дауысы нық естіледі. Бұл кісі де түске дейінгі мінбеде сайраған адуынды ақын құсап өзіне тиесілі рөлін ойнап тұрғанын біздің де ішіміз сезеді. Құдды ішінде қандай боран соғып өткенін біз білмейтіндей кейіп танытып тұрғанын қайтерсің. Бәлкім өзі де мән бергісі келмеген шығар, ақырында біз де әдеттегідей пендешілікке балап қоя салған болармыз. Сонда осындай үлкен тұлғалардың арасында да ұсақ-түйек пендешілік болуы мүмкін бе деген сұрақ бәрібір көкейіңде тұрады екен.

Ақиқатында бұл жеке бас араздығы емес, жаратылыстар қақтығысы екенін мәдениетіміз өскенде түсінерміз. Шын­дығында мұнда тау мен дала философиясына теңіз трагедиясы қарсы қойылып тұрған жоқ па? Мысалы, бас кейіпкер Жәдігер үшін тулаған теңіз тартылса, мына құлазыған қу мекиенде басқа өмір жоқ есепті. Ал оның қарсыласы Әзім үшін теңіз тартылса, оның орнына мақ­та плантациясын салу идеясы өмір­шең көрінеді. Кейіпкерлері осындай адам­заттық мұраттар үшін қақтығысқа түсетін жазушының өмірде де күрделі қақтығыстарға баруы аса таңданарлық іс емес.

Меніңше, Әбеңіздің өзі де бұл текеті­реске пәлсапашыл адамның көзқарасымен қарайтын тәрізді. Ол іштен тынған сайын әдебиетте жаңа образдар тудырумен келеді. Оның қаламынан әдебиетімізде бұрын кездеспеген кейіпкердің сомдалып шығуы да содан болса керек. Шынында да әдебиетіміздегі бүкіл қалыпқа түскен ұғымдарды жоққа шығару Әбді-Жәмил Нұрпейісов сияқты алыптардың ғана қолынан келеді. «Соңғы парыздағыдай» шығарманы үмітсіздікпен аяқтау аптық­қан көңілдерді сабасына түсіруге қызмет етіп тұр. Романның соңғы бетін жапқанда өмір қасіретімен де ыстық, тақсіретімен де тәтті екенін бар жан-тәніңмен сезінгендей боласың.

Осы арада ойымыздың дәлеліне Әбіш Кекілбайұлы берген бағаны да кел­тіре кетсек артық емес шығар. Әбіш Кекілбайұлы романды: «Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұзжарғыштай» деп сипаттап өтіпті. Сондағы келтірген анықтамасы «зая ғұмыр әдебиеті» деген тұжырымға табан тіреген екен. «Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді» деген сөзі де осы ойын аша түсіпті. Ал біз жоғарыда айтқанымыздай, оны бұрын біздің әдебиетімізде болмаған «депрессилық әдебиет» деп жаңаша түрлендірдік.

Жазушының тұлғалық қасиеті, өмірлік тәжірибесі, жаратылыстық ерекшелігі болмаса мұндай еңбек те тумас еді. Ол әде­биетте ғана емес, өмірде де әр нәрсе­нің түбін көрген шынайылығынан айны­маған тұлға. Кіммен не үшін айтысса да өз сөзімен айтқанда «өлімге қиятын иттік» үшін айтыспайды. Бірін-бірі «ана дүниеге аттанғаны дұрыс болды» деп ашық айтып-жазып жатқандарды да кө­ріп жүрміз! Оның жанында әзелгіде айт­қанымыздың бәрі таза айтыс, адал күрес, текті текетірес!

Бір күні «Жас Алаш» газетінің редакциясына қазақ әдебиетінің асқар тауы Әбді-Жәмил Нұрпейісов келді. Асқар тауы дейтінім ол кісінің әдебиеттегі ор­ны да бөлек, жасы да үлкен, ол кезде бір жасы кем сексенде. Бұрын әкелеріміз елу жастың өзінде қарқарадай боп кө­рінуші еді. Мына кісінің қимылы ши­рақ, сөзі пысық, үйреншікті мәнерінен жаңылмаған. Бірақ оның аманат айтуға келген келісін қайдан білейік. Күзетшінің қасынан қарсы алып, тізгінді бірден өзіне беріп, ізінен еріп жоғарыға көтерілдік.

– Сен, – деді Әбең, – сені білем ғой, – деді. – Бірақ сен менің алдыма әнеу Жұлдыз Әбділда деген тілшіні келтір. Әуелі өзімен танысайын, сосын диктафоны болса, соған біраз сөйлеп кетейін.

– Сұхбат бересіз бе, аға, – деп мен де қопаңдап қалдым. – Өзіміз де сізге хабарласуға батпай жүр едік.

– Жоқ, – деді Әбең, – сұхбат бермеймін, – деді. – Жәй әңгіме айтам да кетем.

Сонда асқар таудай Әбеңіз бармақтай тілші Жұлдыз Әбділданың үнтаспасы­на кемі екі сағаттай сөйлеп, әлденеше тас­паны тауысып кетті. Кіріп-шығып құ­лақ салып жүргенде ұққаным, сондағы айтқан бүкіл әңгімесінің кейіпкері бір-ақ адам болып шықты. Сол бір адамның өзіне қатысты қай жерде не айтқанын, қай уақытта не істегенін, аяқтан қалай шалғанын, төбесінен қалай басқанын ішіне ұзатылатын қыздың жүгіндей қаттап жинай беріпті. Күн құрғатпай үзін­ді-үзіндісімен газетімізге басылып жүрген Қадыр Мырза-Әлидің «Иірі­міндей» болмаса да, біраз нөмірге үзбей жа­риялауға жетіп қалатын түрі бар. Күзет­шінің қасына дейін шығарып салып тұрып сұрағаным:

– Газетке қашан дайындайық? – деген әңгіме болды.

– Жоқ, – деді Әбеңіз, – газетке берудің қажеті жоқ, – деді

– Онда өзіңізге қағазға түсіріп берейік пе? – дедім мен де қоймай.

– Жоқ, – деді Әбеңіз, – маған да керегі жоқ, – деді.

«Өмірде бір тойғаным осы болды» дегендей, қос-қосынан ұстаған үнтас­памызды құшақтап қала бердік. Сасқаным болар: «Не екенін алдын ала сұрап алмадың ба?» дедім Жұлдызға. «Аманат айтуға келгенін мен қайдан білейін?» деді Жұлдыз да таңданысын жасыра алмай. Әбеңіз сол үнтаспаға жазылған аманатын бір жыл өтті сұрамады, екі жыл өтті сұрамады, ақыры сол күйі ұмытылды. Міне, содан бері де он жеті жыл арғымақ аттай зулап өте шығыпты. «Әбеміз тоқсан алты жасында енді аманат айтса, не айтар екен?» деп те ойлап қоям кейде.

Бәлкім осы бір үнтаспаға жұтылған аманат болмағанда, бұл мақаланы жазу ойыма келер ме еді, келмес пе еді, кім білсін. Егер ол да жазудың фанатигі бол­мағанда, осы жасында «Соңғы парыздай» тың тынысты туынды туар ма еді, тумас па еді, кім білген. Өзі де іші құдықтай терең адам, кейіпкері де өзінің екінші сыңарындай мазасыз, романы да ой жетпейтіндей түпсіз. Соның бәрін де жиып тастап: «Ескендірдің мүйізін көрдім!» деп айдаладағы құдық­тың басына барып айқай салғысы келе­тіндей тынымсыз. Менің де ол тура­лы айтқанымның, жазғанымның, сызға­ным­ның бәрі де баянсыз, байлаусыз, тұрлаусыз...

...Мақаламды бұлайша аяқтауыма романды оқығаннан кейінгі ішіме толып қалған шерлі сезімдер де қатты әсер етті. Моцарттың әйгілі, Мұқағалидың қайғы­лы қасіретнамасындағы галлюцинация­ға еліткендей, өзіме өзім келгенше де бі­раз уақыт өтті. Содан соң ғана қазақтың тағы бір интеллектуал жазушысы Әбді-Жәмил Нұрпейісовтің өз жұртымен бір­ге, өркениет әлеміне де арнап жазған теңіз реквиемінің соңғы бетін жеңіл бір күрсініп барып жаптым.

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК