Өнер • 25 Қараша, 2020

Алматыда Адольф Аданның "Корсар" балеті қойылады

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры қойылымның алдында журналистермен кездесіп, ойларымен бөлісті, деп жазады Egemen.kz   

Алматыда Адольф Аданның "Корсар" балеті қойылады

Басты қоюшы-балетмейстер, ҚР Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның заманауи хореографиялық өңдеуіндегі өшпес классика, итальяндық суретші Вильям Орландидің сценографиясы балет қойылымына ауқымды романтикалық көрініс береді, шебер салынған сахна мен ансамбльдің ауқымдылығы авантюралық шытырман оқиғаға кенелтеді. Абай атындағы МАОБТ симфониялық оркестрінің қоюшы-дирижері Ерболат Ахмедьяров болмақ.

Адольф Аданның соңғы туындысы "Корсар" Абай атындағы ҚМАОБТ сахнасында балет премьерасының 165 жылдығы қарсаңында қойылады.

Бұрын "Корсар" ҚМАОБТ сахнасында 1996-2006 жылдар аралығында болған, алайда бұл жаңа қойылым емес, Новосибирск мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ауыстырылған нұсқасы еді. Балеттің көркемдік жетекшісі Владимир Владимировтың хореографиясындағы спектакль барлық декорацияларымен, костюмдерімен, жарық және музыкалық шешімдерімен біздің театрға сыйға тартылды. Тәуелсіз ел ретінде қайта құрылудың қиын жылдарында мұндай сыйлық үлкен сән-салтанат болып саналды. Біртіндеп, декорациялар мен костюмдердің толық тозуына байланысты (спектакльді Новосибирск театры сахнада бірнеше жыл қойғаннан кейін сыйға тартты) қойылым репертуардан алынып тасталды, дегенмен ол әрдайым көрермендердің аншлагын жинайтын.

– Бүгін балет өнерін бағалаушылар үшін қазақстандық балетмейстер Гүлжан Түткібаеваның "Корсар" спектаклінің жаңа нұсқасының тұсаукесері балет мерекесіне айналатыны сөзсіз! –дейді  Ая Қалиева, Абай ат. ҚМАОБТ директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ая Қалиева.

"Корсар" балеті – бір жарым жүз жылдан астам уақыт бойы әлемдік музыкалық классика қоржынында жарқын інжу болып саналады. Адольф Аданның тағы бір әйгілі жауһары "Жизель" балетімен қатар, ол әлемдік балет репертуарының алтын қорына кіреді. Либреттоның негізінде Байронның аттас поэмасы жатыр.

– "Корсардың" алғашқы қойылымынан бері 160 жылдан астам уақыт өтті және бірталай қойылымдар болды. Олардың негізін автордың өзі, түрлі музыканттар мен композиторлар оркестрлеген Адольф Аданның музыкасы құрады. Сонымен қатар, режиссерлер балет өнерін Минкус, Дриго, Дворжак, Чайковский, Корнблит және басқа да композиторлардың музыкасымен толықтырды. Әлемде "Корсар" балетінің оркестрлерінің 4-5 нұсқасы бар. Жаңа қойылымда біз оркестрдің басқа, неғұрлым толық және қызықты дыбысын алуға тырыстық. Біздің нұсқамыздың ерекшелігі – Адольф Аданның "La Poupee de Nuremberg" ("Нюрнберг қуыршағы") операсына увертюраны қолданған музыкалық үзіліске арналған қосымша нөмір. "Корсар" балетінің жаңа қойылымы біздің сүйікті Алматымыздың, бүкіл Қазақстанның мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналатынына және көрерменнің ыстық ықыласына бөленетініне сенімдімін, – дейді  Ерболат Ахмедьяров.

Театрдың балет труппасының жетекші солистері сахнада корсарлардың тарихын сомдайды. Балет сюжеті әсерлілігі мен серпінділігі соншалық, ешкімді бейжай қалдырмайтыны сөзсіз.

"Корсар" балетін бүкіл әлем болып жақсы көреміз. Өйткені, бұл өлмес классика. Бұл спектакльдің көптеген нұсқалары бар. Біз өзіміздің театрымыз үшін, труппамыз үшін, солистерімізге актерлік дарыны мен техникалық мүмкіндіктерін барынша айқын көрсетуге мүмкіндік беретін өз нұсқамызды ұсынғымыз келеді. "Корсар" – бұл романтикалық-шытырман оқиғалы балет. Менің міндетім – динамикалық, жанды, түрлі-түсті, қызықты, заманауи спектакль қою. Біз көрермен өзін іс-әрекеттің ажырамас бөлігі ретінде және осы спектакльдің ішінде жүргендей сезінгенін қалаймыз. Балетке арналған костюмдерді Ресейдің Халық суретшісі Вячеслав Окунев жасады. Әдеттегідей, олар өздерінің ерекше стилімен ерекшеленеді. Сценографияны итальяндық суретші Уильям Орланди әзірледі. Оның идеясы біз үшін мүлдем басқа, қайталанбас декорацияның құрылысын жүзеге асырды, оның ерекшелігі – декорациялардың спектакль кезіндегі қозғалысы. Бұл спектакльге сахналық кеңістік пен динамиканың жаңа сезімін сыйлайды, ал қойылымды бейнематериалмен қанықтыру балеттің шынайы әрі көркемдік тұтас қабылдауын қалыптастырады", дейді Гүлжан Түткібаева, қоюшы-хореограф, ҚР халық әртісі.

Arte галереясында тұсаукесер күндері танымал қазақстандық фотограф Николай Постниковтың костюмдері мен суреттерінің көрмесі өтеді. А.Аданның "Корсар" балетінің баспасөз көрсетілімінен кейін БАҚ өкілдеріне арналған Talk Show өтеді, онда әртістер мен қойылым тобы спектакльдегі шығармашылық жұмыстың құпияларымен бөліседі.