Аймақтар • 26 Қараша, 2020

Елбасы дәрісханасы ашылды

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдары үшін мамандар даярлайтын Қостанай академиясында Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы аудитория залы ашылды.

Білім ордасының ұжымы Тұңғыш Президент дәрісханасының академия қабыр­ғасында ашылуы заңдылық әрі ұстаздар мен курсанттар үшін үлкен мәртебе деп біледі. Себебі жоғары оқу орнының құрылуы мен қалыптасып, дамуы Елбасы есімімен тығыз байланысты.

Қостанай академиясы – тәуелсіздік тари­хын­да Тұңғыш Президент арнайы табал­дырығын аттаған Ішкі істер министр­лігінің бірден-бір оқу орны. 1997 жылдың 1 наурызында Ішкі істер министрлігінің Қостанай жоғары мектебіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген оқу орнының туы тапсырылса, осы жылдың 16 шілдесінде Мемлекет басшысы Қостанайға жұмыс сапары барысында аталған білім ордасына  арнайы ат басын бұрып, оқу ордасы ұжымының жұмысымен танысты.

– Оқу орнының жұмысын жоғары баға­лаған Президент құрметті қонақтар кітабына: «Қостанайдағы тұңғыш Жоғары милиция мектебіне, оның шәкірттеріне Отанына адал қызмет етуін тілеймін» деген тарихи жазба қалдырды.  Бұл өз кезегінде, алға қойылған міндеттерді атқаруға соны серпін, тың тыныс сыйлады. Міне, осы себепті де, академия базасында ашылған аудиторияның маңызы біз үшін ерекше және әрқайсымыз ол кісіге қарап бой түзеп, өнеге алуымыз керек, – дейді академия курсанттары.

Жаңа дәрісхананың төріндегі сөреге Тұңғыш Президенттің әр жылдары жарық көрген еңбектері қойылған. Оның ішінде Елбасының балалық шағынан бастап, кемеңгерлік жылдарын тұтас қамтитын өмір жолы мен тарихи естеліктері, Ұлы даланың бірнеше мыңжылдық тарихынан сыр шертетін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан құнды кітаптар бар.  

Заманауи технологиямен жабдықталған Елбасы дәрісханасында курсанттар мен тыңдаушыларға арналған ғылыми-тәжіри­белік конференциялар мен семинарлар өткізілетін болады.

 

Қостанай облысы