Әдебиет • 26 Қараша, 2020

Мұқабасы тартымсыз, маркетингі мардымсыз балалар әдебиетінің жағдайы жақсара ма?

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тәмсілге сүйенген дана халық бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймайды. Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі, тағылым, тәлім ордасы. Сондықтан да бұл сала қай кезде де қамқорлық пен назардан тысқары қалмауы керек.

 

Қазіргі таңда елімізде бала пси­хо­­логиясын дамыта­тын кітаптардың аз болуы һәм кітап дүкендеріндегі қазақ балалар әде­биетінің төмен көрсеткіші қоғамда айтар­лықтай алаңдаушылық туды­рып отыр. Баспалардан жарық көре­тін балалар әдебиетінің басым бөлі­гі шетел аудармалары болса, ал дүкен­дердегі заман талабына сай балалар кітаптарының саны да, сапасы да көңіл көншітпейді. Осы бір түйткілді мәселе күні кеше ғана Ұлттық академиялық кітапханада өткен алқалы жиында талқыланды. Әлқисса.

«Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбындағы онлайн конферен­ция Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақ­стан халқына Жолдауына сәйкес «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» құруда халыққа жақын болу, қоғам­мен кері байланыс орнату міндетін жүзе­ге асыру тапсырмасын орындау мақса­тында құрылған Мәдениет және спорт министрлігінің жол картасы бойынша өтті.

Баспа саласы бойынша балалар әде­биетінің бірқатар мәселелерін кө­терген конференцияда 2017-2020 жыл­дары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті әрқайсысы 1000-1500 дана таралыммен жарық көргені һәм Тәуелсіздік жылдарында бала­лар кітаптарының 70%-ы мем­ле­­кет­тік тіл­де басылып шыққаны айтыл­ды. Сондай-ақ министрлік балалар әдебиетінің жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңыздылығын ескере отырып, биыл «Мәдениет туралы» заңға то­лықтырулар мен өзгерістер енгізіп, келер жылдан бастап (2021) Кітап палатасы жанынан бірнеше жобаларды, соның ішінде «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқаулары мен «Асыл сөз» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жиынның беташар сөзін алған Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба баяндамасында балалар әдебие­тін дамытуда жазушыларға қазіргі заман талабына сай тақырыптарды игеруі, шығарма жазғанда олардың жас ерекшеліктерін ескеруі, балалар әдебиетін ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланыстыруды, жасөспірімдер шы­ғармаларында сөз мәдениеті, эсте­ти­калық талғамның жоғары болуы һәм мазмұнында трагедия болмауын айта отырып, отандық баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кітап дүкендерінде қазақтілді балалар әде­биеті контентіне басымдық беру мәсе­лелерін ортаға салды.

«Елімізде кітап шығарушы ұйым­дар да баршылық. Алайда олардың қазіргі нарыққа төтеп беретін бәсе­ке­ге қабілеттілігі дамымауда. Отан­дық баспалардың маркетингтік, менедж­менттік саласы жолға қойылмаған. Осы ретте өз өнімдерін нарыққа шы­ға­рып, пайда таба алмауда. Сондай-ақ оқыр­мандар кітаптың сыртқы және ішкі безендірулеріне де мән бере­ді. Кітап дизайны да эстетикалық та­лап­­тарға сай болуы керек. Баспалар жас оқырмандар бойына ұлттық құн­ды­лық­тарды сіңіруде аударма әдебиет емес, қазақ төл балалар әдебиетін ба­сып шы­ғаруды қолға алса дейміз», деді ол.

Конференция барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты­ның депутаттары Нариман Төреғалиев, Айгүл Қапбарова, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті жанынан құ­рылған Қоғамдық сенім ұлттық ке­ңесі мүшесі Қайрат Жолдыбай, Ұлт­тық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ди­ректоры Әділ Қойтанов, балалар әде­биетінің өкілдері Толымбек Ыбы­ра­йым баяндама жасады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қа­лалары мен облыс әкімдерінің орынба­сарлары, баспагерлер, кітапханалар, кітап дүкендерінің басшылары онлайн ре­жімде пікірлерін білдірді.

Жалпы, елімізде балалар әдебие­тін тұрақты түрде басып шығарумен «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Ба­лауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» бас­палары және «Атамұра корпорациясы» айналысады. Кей баспалардың ел аймақтарында кітап дүкендер желісі де бар. Мәселен, ірі сауда орындарындағы кітап дүкендер желісі қазақстандық баспалармен бірігіп жұмыс істеу жос­парын қарастырса, қазақтілді бала­лар әдебиетінің контенті жоғары дең­­гейде қалыптасар еді. Бәлки, бала­лар әдебиетінің бұл түйіні, келелі жиын­да айтылғандай, Автор-Баспа-Дү­кен үштағанының қалыптаспай отыр­ға­­нынан болар.

Бұл туралы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Кітап шығару саласында Автор-Баспа-Дүкен деген үштік байланыс қалыптаспаған. Балалар әдебиетінің бірінші мәселесі – балалар жазушыларына қамқорлық жоқ. Еліміздегі көптеген балалар авторлары шығармашылықпен айналысуға ынталандыратын дүние жоқтығын алға тартады. Кітап палатасы осы мақ­сатта тамыз айында «Үздік балалар шы­ғармасы» деген байқау жарияладық. Ол үш номинациядан тұрады: бірінші – мектепге дейінгі, екінші – он жасқа дейінгі, үшінші он жастан жоғары балаларға арналған. Әдеби бәйгенің қорытындысы қарашаның 25-інде шы­ғады. Байқағанымыз, әдеби ортада ба­лалар авторлары баршылық. Және олар белгілі бір деңгейде жақсы жазады», дей келе бұл байқау алдағы жыл­дары да жалғасын тауып, ұлттық конкурсқа айналатынын атап өтті.

Бұдан бөлек жиынға қатысушылар қазақ ертегілері заманауи үлгіде жазылып, әдебиетте жаңа кейіпкерлер пайда болуына һәм бүгінгі балалар­дың нені қалайтынын, оларға қандай шы­ғармалардың қызық болатынына зерт­теу жүргізді. Сондай-ақ балалар әдебиетін дамытудың тетіктері мен ақын-жазушылардың заманауи та­қырыптарды игеруі, кітап на­ры­ғын­дағы қазақтілді контенттің үлесі мен баспалардың бәсекеге қабілет­тілігін арттыру, т.б. балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелері талқыға салынды.

Конференция қорытындысы бо­йынша алдағы уақытта балалар әде­биеті қаламгерлерін ынталандыру мә­­се­лелері бойынша, сондай-ақ бала­лар әдебиеті суретшілері, дизайн кадр­­ларын дайындауда грант көлемін ұл­ғайту, Б.Соқпақбаев атындағы бала­лар әдебиеті күнін белгілеу, кітап ісі са­ла­сына, оның ішінде мақсатты түр­де балалар әдебиетімен айналысатын бас­па нысандарына салық жүктемесі­не жеңілдіктер жасау туралы министр­лік тарапынан Үкіметке ұсыныстар ­жолданатын болады. Аталған игі бас­тамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса, қазақ балалар әдебиетінде біршама жақсы өз­герістер болары анық.