Волонтерлерден құрылған «Прометей» қозғалысының белсенділері осыдан бір жыл бұрын Нариман базарының маңынан ғимарат жалдап, жоқ-жітікке жылу жинайтын орын ашқан. Содан бері қайырымды қала тұрғындары өздерінен артылған киім-кешек пен басқа да тұрмыстық бұйымдарды осы жерге әкеп тапсыруды әдет еткен. Мұның сыртында, кейбір азаматтар басы артық киім-кешегі, балаға арналған ойыншығы бар екенін хабарлап қоңырау шалып жатады. Белсенді азаматтар мұндай мекенжайларға өздері барып, бергенін осы дүкен сөресіне әкеліп қояды.
Қайырымдылық дүкеніне таяуда қаладағы «Темірлан» әскери-спорт клубының спортшылары көптеген киім-кешек түрлерін тарту етті.
– 30 жыл бойы балалармен жұмыс істеп, жастарды спортқа баулып келемін. Өзімнің де балам мен немерем бар. Қаламызда қайырымдылық дүкені бар екенін жақында ғана естідім. Мұндай игі шарадан тыс қалуға болмайды, бірден өзім жаттықтырып жүрген балалардың ата-аналарына үндеу тастадым. Көптеген жылы киім, жақсы бұйымдар жиналды. Тіпті таяуда ғана өзінің сауда дүңгіршегін жапқан бір ата-ана жап-жаңа мектеп киімдерін әкеліп тапсырды, – деді спорт клубының жетекшісі Руслан Сексенбаев.
Темірландықтардың қатарына Қостанайдағы бірнеше әскери-патриоттық клуб келіп қосылды.
Қостанай облысы