Саясат • 27 Қараша, 2020

Саяси мәдениетті дамытатын науқан

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен «Парламенттік сайлау: ерекшеліктері мен маңызы» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. 10 қаңтарға жоспарланған Мәжіліс сайлауына орайластырылған жиынға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, бірқатар саясаттанушы мен ғалымдар қатысты.

Саяси мәдениетті дамытатын науқан

Аталған іс-шараның модераторы, саяси ғылымдардың кандидаты Ерлан Саиров өз сөзінде еліміз парламенттік сайлаудың жауапты кезеңіне аяқ басқанын айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша саяси реформалардың бірінші пакеті енгізілді, оның шеңберінде митингілер туралы жаңа заң күшіне енді, 7 заңнамалық актіге өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Осы өзгерістердің барлығы – ел дамуының эво­люциялық жолының белгілері. Мемле­кеттілік институтын жаһандық қайта құру жағдайында біздің басты мақсатымыз тәуелсіздік пен мемлекеттілікті сақтау болуы тиіс. Барлық саяси процесс, соның ішін­де сайлау процесі де қоғам мен азамат­тардың мемлекеттік құндылықтары аясында бірігуі үшін жұмыс істеуі керек, – дейді Е.Саиров.

Әрбір сайлау қоғамның, азаматтардың саяси мәдениетін өсірудің бірден-бір құра­лы екенін айтып өткен Е.Саиров кезек­ті сайлаудың ел саясаты үшін тиімді тұс­тарын жеткізді.

– Демократияның ең негізгі атрибуты – халықтың саяси мәдениеті. Менің ойымша, бұл сайлау халықтың саяси мәдениетін арттыруға, пікірлер плюрализмін дамытуға, елдегі саяси жүйені эволюциялық деңгейде жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік беретін белес. Мемлекеттік институттарды дамыту да бүгіннің басты мәселесінің бірі. Ал ал­да­ғы мәслихаттар депутаттарының сайлауы да бұған оң әсер бермек. Бүгінде елімізде 216 мәслихат, 3 350-ден астам депутат бар, – деді ол. Сонымен бірге биылғы сайлауда жастардың да белсенді екенін айтты.

Президент жанындағы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым­ның пікірінше, елдегі көп нәрсені өзгер­туге және азаматтардың энергиясына, олардың іскерлік және саяси белсенділігіне сүйенетін шикізаттық емес экономиканың негіздерін жасауға бағытталған жаңғырту заңдарының үлкен пакеттерін қабылдауға ықпал ететін Мәжілісті сайлау қажет. Сонымен қатар барлық реформа әлемдік үрдістерді де, қоғамның мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін де ескеруі керек.

– Бұрын-соңды болмаған дағдарыс кезінде өмір сүріп жатырмыз. Пандемия дағдарыспен қатар жаңа контекстегі жаңа жағдайларды көрсетті. Ең алдымен біз осы кезге дейін көп сыналған инсти­тут­тар мен механизмдердің өміршең­дігін байқадық. Қалай десек те, ұлттық мемлекет өз күшін жойған жоқ. Қазір жаһан­дануға қарсы процесс басталды деген түсінік бар. Аймақтар бұрынғыдай жаһан­дық роман­тикадан гөрі, аймақтық блокқа, аймақтық ұйымдарға басымдық беруде. Сол арқылы өз әлеуетін асыру сияқ­ты үдерістерге бет алып бара жатыр. Әр мем­лекет жаһандық емес өзінің артықшы­лығын дамытатын, өзі маска тігіп, өзі дәрі шы­ғаратын, өз кәсіп­керіне мүмкіндік беретін деңгейге өтті. Бұл ертеректе меркан­тилизм деп сынал­са, қазір көптеген экономи­калық теория­ны жоққа шығарып отыр, – дейді сарап­шы. Сондай-ақ ол қазір Қазақ­стан үшін пропорционалды жүйе ауадай қажет еке­нін, ең алдымен елдегі саяси өмір, шындап келгенде Нұр-Сұлтан, Алма­ты, Шымкент сияқты үлкен қалалар мен бірнеше облыс­тан аспай отырғанын атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдар десек, қалаларда ғана шоғырланған. Ауылдық жерлерде ондай ұйымдар жұмыс істемейді. Nur Otan партиясының филиалдары, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ұйымдарынан басқа белсенділік байқамаймыз. Қазір кез келген азаматқа партия құруға мүмкіндік беру керек деген сөз айтыла бастады. Менің ойымша, бізге ірі жалпыұлттық партиялар қажет. Бұл – АҚШ, Еуропаның бірқатар елін­де қалыптасқан жүйе. Алдағы сайлау рефор­маның, модернизацияның тағдырын шеше­тін сайлау болмақ. Сондықтан бұл сай­лаудың әділ, заңды өтуі, халық­тың мойындауы сөзсіз маңызды. Прези­дент сайлауында байқағанымыздай, байқау­шы­лар асқан белсенділік танытты. Мұның өзі де сайлаудың дұрыс өтуіне, нәтижесінің мойындалуына негіз болуы тиіс. Сай­лау­дың сыналуы заңды, бірақ оның заңды­лы­ғына күмән болмауы тиіс, – деді А.Сарым.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Индира Рыстина кезекті сайлауға қойы­латын міндеттерге тоқталып өтті. Оның ойын­ша, алдағы Мәжіліс сайлауы бағдар­ла­малық бәсекелестікті арттыруға себеп болу тиіс.

– Мемлекеттің жалпы жұмыс істеу механизмдері бар екенін көрдік, дегенмен коммуникациясы жолға қойылмағанын байқадық. Пандемия кезінде қанша көмек көрсетілді, қанша іс атқарылды. Ол тура­лы ақпарат халыққа жетпей қалды. Мем­лекеттің «істеуі» мен «айтуының» арасын­да үлкен қадам барын байқадық. Алдағы сайлауға қатысып жатқан үміткер­лер осыны ескеріп, мемлекеттің атқар­ған ісін халыққа жеткізуді мақсат етсе. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 7 Парла­менттік сайлау болса, оның бесеуі кезек­тен тыс өткен. Бір ескеретін жайт, еліміз­де тұлғалық бәсекелестік бар, алайда бағ­дар­ламалық бәсеке жоқ. Шетелдерде халықтың бағдарламаны таңдайтынын білеміз. Ал бізде керісінше тұлғаны таң­дайды. Жақында элита сапасының рейтин­гі жарияланды. Еліміз 19-орынға жайғас­қан. Бұл тізімнің басты талабы элита­ның шешім қабылдауға әсері. Бұл дегені­міз, елімізде нақты бір шешім қабыл­дауға институттар емес, жекелеген тұлғалар әсер ететінін көрсетеді. Ендігі кезекте институттардың жұмысы мен бағдарламалық бәсекені арттыруға ден қойып, жұмыс істеуіміз керек. Ал тұлғалар осы бағдарламаларды жүзеге асырушы және халықпен байланыстырушы қызметін атқаруы керек, – деді ол.

Ал сарапшы Марат Шибұтов Пар­ламент сайлауының маңызы туралы айта келе, келесі жылы көктемде өтетін ауыл әкім­дерінің сайлауын да еске салды. Соны­мен бірге ол байқаушылардың биыл да белсенді болатынын сөз етті. Оған қоса кезекті сайлауда «Ақжол» және Adal партиялары бір электорат үшін таласаты­нын айтты. «Олардың ортақ сайлаушылары – кәсіпкерлер», дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов сайлау кезеңіндегі саяси партиялардың іс-әре­кеттеріне түсініктеме беріп, олардың азаматтардың саяси мәдениетін да­мыту тұрғысынан мүмкіндіктерін бағалады.

Одан бөлек «Қоғамдық пікір» ЗИ дирек­торы, әлеуметтік ғылымдардың кандидаты Бо­тагөз Рақышева, саясаттанушы Бауыр­жан Серікбаев, саяси консультант, PhD докторы Дина Айкенова, сондай-ақ басқа да сарапшылар, ғалымдар өз пікірлерін айтып, алдағы сайлауға қатысты болжамдарын ортаға салды.