Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған 37 жобаға 9,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін бұл қаржының 81 пайызы игерілді.
Ауылды сапалы ауыз сумен қамтуды жеделдету мақсатында соңғы жылдары облыс аумағындағы көптеген елді мекендерге су тарату торабы орнатыла бастады. Қазір ауылды сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы құны 35 млрд теңге болатын 41 жоба әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта жалпы саны 75,5 мың адам тұратын 69 ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылады. 22 ауылға су тазарту және тарату пункттері салынып, 9 елді мекеннің су құбыры жаңартылады.
– Осылайша, алдағы екі жылда жалпы саны 180 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді Архимед Мұхамбетов.
Қостанай облысында коронавирустық инфекцияның алғашқы толқыны кезінде іс жүзінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы дерлік әдеттегі режімде жұмыс істеді, шығарылатын өнім көлемі сақталды. Кәсіпорындардың өндірістің іркілмеуін қамтамасыз ету, шикізат жеткізу, жұмыспен қамтуды сақтау жөніндегі шараларды көздейтін дағдарысқа қарсы жоспарлары бар. Аграршылар да көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізді. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім шамамен 3%-ға өседі деп күтілуде.
Аймақ басшысы биыл облыстың ауыл шаруашылығы толықтай мемлекеттік қолдауға ие болғанын айтты. Жыл басында облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға субсидия және бюджеттік несие түрінде 38,4 млрд теңге бөлінген. Егін шаруашылығына 13,8 млрд теңге, мал шаруашылығына 6,9 млрд теңге бөлініп, өзге бағыттарды дамытуға 17,7 млрд теңге тиген. Биыл ауыл шаруашылығына мемлекет өткен жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңге артық қаржы бөліп отыр.
– Осы жылы облыста 4 млн 51 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілді. Оның ішінде 3 млн 438 мың гектарға бидай, 640,5 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Жыл өткен сайын астықты өңірде майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайып келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, жерді әртараптандыру саясатының тиімді жүргізілуі нәтижесінде жыл ішінде майлы дақылдар алқабы 130,4 мың гектарға ұлғайды, – деді әкім.
Архимед Мұхамбетов облыстың экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім бар екеніне тоқталды.
– Биылғы жылдың 10 айында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң динамикаға ие: өнеркәсіп өндірісінің өсуі 6,9% – ды (оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 19,3%), құрылыс жұмыстары 23%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 9,5%-ды, ауыл шаруашылығы 21,3%-ды, ал негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 11,0%-ды құрады, – деді ол.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы басталған екі жылға жуық уақыт ішінде Қостанай облысында 258 елді мекенде аурухана, мектеп, балабақшалар жөндеуден өтіп, жүздеген көше бүтінделді. Былтырдың өзінде Әулиекөл, Меңдіқара, Қарасу, Сарыкөл және Федоров ауылдарында жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 72 жоба жүзеге асты. Ауылды дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың ауқымы биыл едәуір кеңейе түскен.
Биыл жыл соңына дейін «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 379,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 13 %-дық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қостанай облысында 2020-2021 жылдарға арналған облыстық цифрландырудың жол картасы бекітілді, ол 91 іс-шарадан тұрады. Жобаларды іске асыруға 11,5 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 5,7 млрд теңге, жеке инвестициялардан 5,8 млрд теңге бөлініп отыр. Мемлекеттік бағдарлама бес бағыттан тұрады. Оны орындау аясында экономика, әлеуметтік сала, ТКШ және қалаларды басқару салаларында цифрландыру жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыста автокөлік құрастыру саласының қарқынды дамып келе жатқанына ерекше тоқталған аймақ басшысы қазір өңірде 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы құны 1,5 трлн теңге тұратын 42 инвестициялық жоба жасалып жатқанын айтты.
– Мәселен, биыл наурыз айында «СарыарқаАвтопром» серіктестігінде өзбекстандық әріптестерімізбен бірге «Chevrolet» автокөліктерін шығаратын өндіріс орнын аштық. «АгромашХолдинг KZ» АҚ-да ауылшаруашылық техникаларының бөлшектерін шығаратын локализациялық орталықты ұйымдастыру жұмысы жүріп жатыр. Облыстағы машина құрылысының үлесі бүгінде 43,4%-ға жетіп отыр. Ал машина өндірісі жыл басынан бері бір жарым есеге дейін ұлғайды. Алдағы жылы «КамАЗ» жүк көліктеріне арналған жетекші белдемелер шығаратын шойын зауытын ашу жоспарланып отыр. Бұлардың бәрі экспорт бағытындағы жобалар болып табылады. Өнімнің 90 пайызы Ресейдің «КамАЗ» зауытына жіберілетін болады, – деді А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Қостанайда таяуда ғана ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш қойылғанын естіп қуанып қалдық. Бірақ осы ескерткішке жазылған ағартушының «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде бір емес, бірнеше қате кеткенін естіп, іштей өкіндік. Қате түзелді ме?» деген сауалға облыс әкімі:
– Мүсіншінің бастапқы жобасында бәрі дұрыс болған. Оны арнайы комиссия тексеріп, мақұлдаған. Бірақ мүсін Ресейде жасалды. Қате сол жақта жіберіліп отыр. Біз бұл қатені түзеттік. Мұның сыртында, биыл облыс орталығында ұзындығы екі шақырым болатын Ыбырай Алтынсарин көшесі жөнделді. Оған 9 млн теңгеден артық қаржы жұмсалды. Сонымен қатар осы көшеде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жаңартылып, жылы әрі заманауи құрылыс материалдарымен қапталып, қаламыздың ажарын аша түсті, – деп жауап берді.