Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Қалиев, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры З.Шәукенова, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы А.Сәдуақасова, басқа да қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің және ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізіліп отырған ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Ассамблеяның 25 жылдығы Тәуелсіздік жылдары жүргізіліп келе жатқан бейбітшілік пен келісім саясатының символына айналды», деді.
Сонымен бірге ол 11 қарашада Елбасының төрағалығымен және Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ассамблея Кеңесі ұйым жұмысына жаңа серпін бергенін айта келе, қазіргі уақытта этносаралық қатынастар саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сөз етті.
«Қазақстанның саясаты мен ұлтаралық қарым-қатынас моделі барлық халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саяси бағдардың арқасында елдің әлеуметтік және мәдени ортасы өзгеріп келе жатқанын айтып өтті. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақстандықтардың ой жүйесіне, халықтың өміріне оң өзгеріс әкеліп, мемлекеттік тіл жалпыға ортақ мойындалған, біріктіруші тіл рөліне ие болды. Ассамблея Арыс пен Мақтаарал ауданындағы оқиғаларда үлкен әлеуметтік көмек көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», деді Ж.Түймебаев.
Сонымен қатар ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ұлтаралық қарым-қатынас білім, мәдениет, тіл саясаты саласындағы көптеген жұмыс жүргізуге тікелей байланысты екенін жеткізе отырып, Елбасы Ассамблея кеңесінде жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс барын мәлім еткенін еске салды: «Мемлекеттік тіл біріктіруші факторға айналуы тиіс. Ол еліміздің бірлігін бекемдей түседі. Бізге білім саласында да, азаматтық ортада да мемлекеттік тілді үйрететін ғылыми тұрғыда негізделген әдістемесі керек. Елбасы бұл тұрғыда тапсырма берді. ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі бұл жұмысқа өз үлесін қосуы тиіс. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Иә, отыз жыл да өте шықты. Осы күнге жету үшін барша қазақстандық бірлесе аянбай еңбек етті. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екенін көкейге берік түйген ел озады. Осы жолда ғылыми-сарапшылық кеңестің қосар үлесі зор екендігіне сенімдімін. Бірлігі жарасқан, Туы биік, тұғыры берік Қазақ елі мәңгі жасасын!», деп түйіндеді.
Сондай-ақ отырыс барысында қатысушылар «ҚХА қалыптасуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың рөлі», «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру», «Мемлекеттік және тіл саясатын дамытудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Іс-шара соңында «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісімнің 25 жылы» атты кітабының тұсаукесері өтті.