БАҚ өкілдерін 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтай отырып, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға үлес қосып жүрген журналистерге алғысын білдірді.
"Бәрімізге белгілі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Көшбасшылығымен еліміз әлемнің саяси картасынан лайықты орын алып, биік халықаралық беделге ие болды. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүзеге асқан барлық реформалар мен маңызды бағдарламалар, еліміздің қол жеткен табыстары журналистер назарынан тыс қалған емес", деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген журналистерді қолдау мақсатында "Шаңырақ" республикалық байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Биылғы жылы күллі әлем жұртшылығын бір тарының қауызына сыйғызған қатерлі пандемия Қазақстан халқын айналып өткен жоқ.
Қиын күндерге қарамастан республика жұртшылығы биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы сияқты маңызды шараларды түрлі форматта атап өтті.
"Осындай ұлық мерекелердің ел арасында кең көлемде насихатталуына сіздер зор үлес қосып, айрықша қолдау білдірдіңіздер. Президент Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайту туралы тапсырма берген болатын.
Осы орайда отандық журналистика қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптарын жиі көтеруі тиіс.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен мемлекет саясатын халыққа түсіндіру мәселесінде де қолына қалам ұстаған ағайынның атқаратын рөлі айрықша. Біз әр уақытта барлық БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге күш салып келеміз. Осы ретті пайдалана отырып, сіздердің тараптарыңыздан көрсетіліп жатқан ақпараттық қолдау үшін арнайы алғыс білдіремін! Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!" - деді ол.
Іс-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея мүшелері және республикалық БАҚ бас редакторлары қатысты.