Шардара АПБ-нің кезекші бөліміне ауыл тұрғынының бірі түнгі уақытта оның қорасынан белгісіз біреулер екі ешкісін ұрлап кеткені туралы арызданған.
Зардап шеккен ауыл тұрғынына келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгеден астам. Полицейлер бұл жайтты СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, қылмысты ашуға бірден кірісті. Мал ұрыларын ұстауға АПБ-нің жедел-тергеу тобы мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық жайылымдар мен аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, мал сататын базарларды, сондай-ақ ұрланған мүлікті тасымалдауы мүмкін деген көліктерді тексерді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шардара АПБ-нің қызметкерлері күдіктілерді “ізін суытпай” ұстады. Олар бұрын ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылған жергілікті тұрғындар болып шықты. Тәртіп сақшылары заттай дәлел ретінде ұрланған ешкілерді тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында аталмыш мал ұрлығынан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Шардара ауданының тұрғыны кәсіби шеберліктерін көрсетіп, мал ұрысын жедел ұстап, ұрланған малын қайтарған Шардара АПБ-нің жедел уәкілдері мен учаскелік полиция инспекторларына үлкен алғыс білдірді. Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне сақ болуға және мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Шаруашылық аулалары мен қораларды сенімді қоршаумен нығайтып, аулаларды жақсы жарықпен жабдықтау қажет. Сондай-ақ, малға ен-таңба салдыруды ұмытпаңыз. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға, “102” телефоны бойынша хабарласу керек. Бұл өз кезегінде қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектеседі.