Сондай 420 тұрғынға Түркістан қаласынан жаңа пәтердің кілттері табысталды. Елдегі каратиндік режимге және облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысындағы талаптарды орындау мақсатында Түркістан қаласында ресми іс-шара ұйымдастырылмады. Тұрғындардың бір жерде шоғырлануын болдырмау үшін, шаһар басшысы Рашид Аюпов алғаш төрт тұрғынға кілттерді қазіргі тұрып жатқан үйлеріне барып өзі табыстады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүруде. Облыс орталығы атанғалы қалада 89 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, бүгінге дейін 600 кезекте тұрған және 336 мемлекеттік қызметшіге пәтер табысталған болатын. Кезекте тұрған 11797 азамат egov сайты арқылы кезек реттілігін көре алады. Елбасының бастамасымен қолға алынған Түркістан қаласының қайта жаңғыруы және жергілікті тұрғындардың тұрмыс тіршілігін жақсарта түсу жобасы ескеріле, нақты осы күні пәтер иелерін көптен күткен қуанышқа кенелту жоспарланған.
Бұл күні Шардара ауданының 40 отбасында қоныс тойы тойланды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай үй иелерін қуаныштарымен құттықтап, мемлекет тарапынан қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер кілттерін табыстады.
Төрт қабаттан тұратын үйдегі пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар мен І-ІІ топ мүгедектігі бар азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерге және аз қамтылған отбасыларға берілді. Биыл аудандағы тұрғын үй құрылысының жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 51 %-ға артқан.