Руханият • 04 Желтоқсан, 2020

Тарихи әділеттілік толық қалпына келтірілуі тиіс

287 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше елордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өткен болатын. Осы отырыстың нәтижесінде комиссия мүшелері Кеңес өкіметі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көздеп отыр. Осылайша, ауқымды зерттеу мен зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қуғын-сүргін құрбандарын саяси тұрғыда ақтау ісі жүзеге асырылмақ. Әділдік қайтсе де орнауы тиіс. Бұл туралы аталған комиссияның мүшелері не дейді? Отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің пікіріне зер салып көрейік...

Тарихи әділеттілік толық қалпына келтірілуі тиіс

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Дер кезінде көтерілген мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Қазақстан Президенті қуғын-сүргін құрбандарын жарым-жартылай емес, толық ақтау мәселесін алға қойып отыр. Комиссия жұмысының басты міндеті де осы болмақ.

Президентіміз тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қажет екенін жете түсініп, тиісті тапсырма берді.

Менің осы қуғын-сүргін құрбан­дарын зерттеу ісімен айналысқаныма міне, 30 жылға таяп қалды. Соңына дейін зерттеліп ақталмаған репрессия құрбандары өте көп. Жалпы, оларды ақтау, бұл істі соңына дейін жеткізу – мемлекеттік дербестігіміздің бірден бір өлшемі. Жалпы, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы бастаманы жоғары бағалаймын. Бұл – дер кезінде, дәл уақытында орынды қойылып отырған мәселе.

Ұлы далада XX ғасырдың басынан аяғына дейін үзіліссіз, азаттық үшін, мемлекеттің тәуелсіздігі үшін күрес тоқтаған жоқ. Ол бірде ашық, бірде жасы­рын түрде жүрді. Осы уақыт аралы­ғында қаншама адам құрбанға айнал­ды. Қаншама боздақ азаттық  жолын­да мерт болды. Бұл мәселелер толық зерттеліп, егжей-тегжейлі анық­талуы керек. Халық шындықты білуге тиіс.

Ендігі мәселе мынада. Мемлекеттік комиссия қандай бағытта жұмыс істейді? Сол мақсатты іске асырудың механизмі қандай? Істелетін жұмыс қалай жүруі керек? Оның ақырғы қорытындысы қандай болады және немен аяқталуы тиіс? Міне, комиссия осы мәселелерді  жан-жақты саралап, жауабын іздеуі керек.

Бүгінгі жиын барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев өз сөзінде «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналы­ғын еске салып өтті. Бұл – мемлекеттік комиссияның істеуі тиіс жұмысының басты бағдарын айқындап бергенмен бірдей. Өйткені саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ұрпақ алдындағы міндет. Біздің борышымыз. Сондай-ақ жиында атқарылатын жұмыс­тардың басым бағыттары, бағыт-бағдары дәлелді тұрғыда айтылды.

Мемлекеттік комиссия айтылған бағытта жұмыс істейді деген үмітім зор. Тиісті органдардың көмегімен, ешқандай кедергісіз, белсенді әрі сауатты, мақсатты жұмыс істесек, тиісті нәтижеге қол жеткізе аламыз.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

академик,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі

 

Комиссияны нақты жұмыс күтіп тұр

Мен бүгінгі оқиғаға тарихи құбылыс деген баға берер едім. Себебі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып қана қоймай, алғашқы отырыста алдағы жұмыс бағдары нақтыланды. Кездесуде тарихшылар мен зерттеушілер қазақстандық саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне қатысты жасаған талдауымен таныстырды. Сарапшылар ұсынған осы құжатта қоғамда белгісіз болып келген құрбандар мен тарихи оқиғалардың әлі де көптігі баяндалған.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев комиссия алдына нақты талаптар қойды. Әр мемлекеттік орган мен комиссия мүшелерінің нақты қай бағытта жұмыс істейтіні де нақтылана түсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған Үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырған еді. Мемлекеттік комиссия осы мақсатта Тәуелсіздік күні қарсаңында басталған жұмысын алдағы бірнеше жылда үздіксіз атқаратын болады.

Жалпы, комиссия мүшелері 11 жұ­мыс тобына бөлініп, әр бағытты жіті қамти­тын болады. Мәселен, бір жұмыс тобы ашар­шылық зұлматын терең зерттеп, осы оқиғаның тарихи әділеттілікті қалпы­на келтіруге қатысты жұмыс істей­ді. Енді бір топ саяси оқиғалардың кезін­де жазықсыз жазаланып кеткен жан­дар­ды, отбасыларды ақтап, сонау қасі­ретті жылдардың шындығына жету­ді көздейді. Одан бөлек Алашорда қайрат­керлері мен түрлі себеппен жер аударыл­ған отандастарымыздың да та­ғ­дыр тауқыметін тартқанын білеміз. Осы оқи­ғалардың барлығы қазіргі тәуел­сіз Қазақстан тарихының ажырамас бө­лігі. Сол себепті де бұл сауапты іске үл­кен жауапкершілікпен келгеніміз маңызды.

Отырыста арнайы деректер базасын құру мәселесі де сөз болды. Саясаткер ретін­де ақтаңдақтардың құқықтық негіз­де ақталып қана қоймай, қоғамдық-сая­си ортада жария болуы көңілімді көн­ші­теді. Өйткені бұл зұлмат кезеңнің қасі­ретін басынан өткерген әр отбасы, әсіресе жас ұрпақ үшін өз туыстарының, ба­ба­л­арының «халық жауы» еместігін ес­ту, білу өте маңызды. «Қаһарман» деген тү­сі­н­ікке ерекше тоқталуды жөн деп есеп­­тей­­мін. Біз кезінде «халық жауы» деп та­­ны­ған жандардың шындығында қа­һар­­ман болғанын түсінуіміз керек. Қа­һар­­ман­дарымыздың тарихын зерде­леуі­­­міз керек. Бұл жолда ғылыми-зерт­теу жұ­мыстарының саны артатыны қуантады.

Мен 10 жыл бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының қатарында «Болашақ үшін естелік» жобасына атса­лысып келемін. Осы уақыт аралығында тарихшылардың форумы өтіп, тарихи оқиғаларды қалпына келтірудің әдістемесі қалыптасты. Осылайша, зерттеудің негізі бар деп толық айтуға болады. Дәл қазір посткеңестік елдердің арасында тарихи естелік саласына жүйелі түрде келген мемлекеттердің аз екенін де қоса кеткен жөн.

 

Наталья КАЛАШНИКОВА,

саясаттану ғылымдары докторы,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі

 

Жадымызды жаңғырту маңызды

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысын  тарихи оқиға деп айтуға болады. Себебі тоқсаныншы жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары кезінде негізінен Сталин заманында атылған, сотталған азаматтар мен Қазақстанға күштеп көшірілген этностарға басымдық берілген болатын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне қатысты бұған дейінгі қабылданған заңдарда көп дүние ескерілген жоқ. Мәселен, Қазақстанда бас-аяғы 372 көтеріліс болды деген дерек бар. Осындай көтерілістер кезінде сол кездегі биліктің тарапынан кінәлі, қылмыскер саналып, қуғындалған талайлар осы күнге дейін ақталмай келді. Ол да жіті назар аударатын мәселе.

Сонымен қатар ашаршылық құрбан­дары­ның, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан азаматтардың мәселесі де ескеру­сіз қалып келді. Кеңес өкіметі тұсын­да да бірнеше топтар, астыртын ұйым­дар болды. Талай ғалымдар мен көзі ашық адамдар көзқарастары үшін қуда­ланды. Осы адамдарды ақтау мәселесі заң­нан тыс қалып келген еді. Шын мәнін­де, ХХ ғасыр қазақтың тарихында бол­­ма­ған зұлматтармен, үлкен бір қиянат­тар­мен астасқан ғасыр болды. Бұл ауқым­ды та­қы­­рыпты ғылыми тұрғыда зерттеп, оған қа­тысы бар құжаттарды, архивтерді ашып, үл­кен тарихи архив жасауымыз қажет.

Бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы да ықтимал. Себебі бұл жұмыс тек репрессияға ғана қатысты емес. Ашар­шылық жылдары қаншама адам босқынға айналып, атажұртынан көшуге мәжбүр болды. Олардың қаншамасы жол-жөнекей қырылды. Тіпті Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) адам­ды ату жазасына жүзеге асыратын поли­гон­дары да болған. Міне, осындай орын­дарды да анықтауымыз керек. Алды­мызда өткен тарихқа кешенді ғылыми көзқарас қалыптастыру міндеті тұр. Соның дәлелін, жәдігерін жинау жұмысы тағы бар. Құрбан болған азаматтардың барлы­ғын анықтауымыз, заңдылық тұрғы­дан ақтап алуымыз қажет. Мемо­риалды тарихты, жады саясатын жолға қою керек. Яғни ескерткіштер қойып, арнайы тақташалар ілу жұмысын бастаған жөн болады.

Халқымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Яғни ХХ ғасыр­дағы ашаршылықтың, соғыстың, қуғын-сүргіннің, одан өзге де оқиғалардың орнын анықтауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты кешенді саясат жүргізуге тиіспіз. Мәселен, Польшада Тарихи жады деген үлкен институт бар. Сол институттың азаматтары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Сталиннің репрессиясы кезінде құрбан болған поляк азаматтарына арнайы іздеп келіп мрамордан белгі орнатады. Бас иіп, тағзым етеді. Ең үлкен жады саясаты дегеніміз – осы.

 

Айдос САРЫМ,

саясаттанушы,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі