Фото авторы: Максим Золотухин
Дәстүрлі оқу шарасы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өткен Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы мен ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңісінің 75 жылдығын ұлықтаған "Қазақстанның Ұлы жеңіске қосқан үлесі және Ақай Нүсіпбеков мұрасы" республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасын тапты.
Жиынның кіріспесін "Ғылыми-практикалық конференцияны академик А.Нүсіпбеков оқулары аясында ұйымдастырып отыруымыздың өзіндік себебі бар", деп бастаған институт директоры Зиябек Қабылдинов ғалымның еңбек жолы, майдан даласындағы ерліктері хақында сөз өрбітті. А.Нүсіпбеков 1942 жылы мамырда Алматыдан даңқты генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясын толықтыруға арнайы жіберілген бір топ қазақ жауынгерлерінің қатарында майдан шебіне аттанып, соғыстың аяғына дейінгі ұрыстарға қатысқан. Аға лейтенант, миномет батареясының саяси жетекшісі қызметінен дивизия саяси бөлімінің аға нұсқаушысы дәрежесіне дейін жетіп, 1946 жылы майор шенінде туған елге оралады. Содан кейін, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданғаны белгілі. Институт директоры, академик, Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті дәрежесіне дейін көтерілді. Осы жылдарда А.Нүсіпбеков Қазақстан тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде ғалымның есімі Қазақстанның тарих ғылымында ғалым-зерттеуші, ғылымды ұйымдастырушы көрнекті қайраткер ретінде қалды. Тарих ғылымын ғана емес, сонымен қатар, әскери-тарихи ғылымның да негізін қалаушылардың бірі ретінде соғыс тарихына қатысты көптеген ғылыми еңбектерді мұра етіп қалдырды.
Жуырда ғана сексеннің сеңгіріне шыққан академик, Халықаралық қыпшақтану институтының директоры Б.Көмеков қатысушыларға А.Нүсіпбеков жайлы тағылымды әңгімелер айтып, ғалымның Қазақстандағы тарих ғылымын ұйымдастырудағы тарихи рөлінің жоғары екендігін атап өтті. Ал Ақай Нүсіпбековтың отбасы атынан сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ж.Құндақбаева академик атасының бұрын белгісіз болып келген қырлары туралы баяндады.
"Академик Ақай Нүсіпбеков және Қазақстанда әскери-тарихи ғылымның қалыптасуы" баяндамасында Тарих институты ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұзақ жылдар А. Нүсіпбековпен бірге қызметтес болған Қ.Алдажұманов "Республикамыздағы әскери ғылымның негізін қалаған Ақай Нүсіпбеков Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан адам. Бірақ ол жөнінде ол кісі бізге айта бермейтін. Ақай Нүсіпбековтың соғыстағы ерліктері туралы туыстарынан естіп-біліп жүруші едік. Ол 1941 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылғанымен денсаулығы жарамай біраз уақыт емделеді. Содан кейін, И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясын толықтыруға арнайы жіберілген 2 мыңдай қазақстандық жауынгерлермен бірге 1942 жылдың мамыр айында соғысқа аттанған. Ақай Нүсіпбеков тарихшылардың басына төнген репрессияның алдын алып, оның қара бұлтын сейілтуге көп еңбек сіңірді. Ол тарих ғылымын ғана емес, әскери-тарихи ғылымның да ұйымдастырушысы болды", деп атап өтті.
Тарих институтының "Дүниежүзі тарихы" бөлімінің меңгерушісі, профессор Г. Көкебаева университет бітіргеннен кейін бес-алты жыл жұмыс істеп жүріп қалғанын, кейіннен ғылымға деген талпыныстың Тарих институтына жетелеп келгендігіне тоқталды. «Осылайша сол кездегі институт директоры А.Нүсіпбековтың қабылдауына келдім. Біраз күткеннен кейін Ақай ағаның кабинетіне кірдім. Ол басына тақия киген жүзі жылы кісі екен. Қобалжып тұрған менің амандасқаным ол кісіге дұрыс естілмей қалса керек. "Неге амандаспайсың? "Ассалаумағалейкум!» деп амандас", деді күліп. Мен "Ассалаумағалейкум!", деп амандастым. Содан кейін Ақай аға жазып келген қысқаша ғылыми еңбегімде асықпай оқып шықты. Аспирантураға қалай түсу керектігі жөнінде ақыл-кеңес беріп, жол көрсетті. Ақай ағамыздың кабинетіне кірген сайын осы жағдай есіме түседі", деген естеліктерін орта салып Г. Көкебаева "Түркістандық соғыс тұтқындары және тұтас Түркістан идеясы" баяндамасын жасады. Онда "Түркістан" ұғымының географиясы мен тарихына қысқаша шолу жасап, түрік халықтары мекендеген ұлан-байтақ кеңістіктің ХІХ ғасырдың екінші жартысында екіге бөлініп, "орыстық немесе Ресейлік Түркістан" және "қытайлық Түркістан" немесе «Шығыс Түркістан" атауларының пайда болғанын және екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен түрік тектес халықтардың негізінде "Түркістан легионын" жасақтап, оны Кеңес одағына қарсы бағыттауға нақты әрекеттердің жасалғанын, оған М.Шоқай, Т.Рысқұлов және т.б. түрік қайраткерлерінің тұтас Түркістан идеясы тарихи негіз болғанын атап көрсетті.
Жиын барысында Ресей Федерациясының запастағы подполковнигі, зейнетке шыққаннан кейін әскери тарихпен айналысып жүрген С.Есенин атындағы Рязан мемлекеттік университетінің аспиранты Г.Лариннің "Рязан артиллериялық училищесі – Талғардағы эвакуация кезеңінде» баяндамасы зор қызығушылық туғызды. "2019 жылдың күзінде, деп атап өткен Г.Ларин, РФ Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивінде ізденіс жұмыстарын жүргізіп жүрген кезінде Қазақстаннан келген Қ.Алдажұманов, А.Жүнісбаев, Б.Бұрханов сияқты ғалымдармен таныстығын жеткізді. «Өзіммен бірге жүрген 2 дана «Рязан артиллериялық училищесі» монографияның бірін Қ.Алдажұмановқа сыйладым. Ал екінші данасын сол кездегі Талғар қаласының әкімі болған Жолан Омаровқа тапсыруды аманаттаған едім" дей келе, ресейлік ғалым Рязан артиллериялық училищесінің соғыс жылдарындағы Талғардағы тарихы мен талғарлық түлектері туралы кеңінен баяндап өтті.
Ал тарих институтының бас ғылыми қызметкері, профессор А. Қапаева «Соғыс майдандарындағы Қазақстан тарихшылары» тақырыбында қызықты баяндама жасап, Ұлы Отан соғысына қатысқан болашақ қазақстандық тарихшы ғалымдар А. Нүсіпбеков, Г.Дахшлейгер, Т. Балақаев, Н. Едігенов, Ф. Михайлов, В. Савосько, Х.Арғынбаев, Б.Төлепбаев, В.Басин, В. Востров, Т. Елеуов, А.Елагиндердің жауынгерлік жолы мен соғыстан кейін олардың отандық тарих ғылымына келуі және олардың тарих ғылымына қосқан үлесі туралы деректік шолу жасады. Дәл осы буынның Қазақстан тарихы ғылымына ерекше үлкен үлес қосқанын атап көрсетті.
Конференция аясында "Ерлік жолымен" зерттеу орталығы" қоғамдық қорының жетекшісі Д.Игсатованың "Майдан мен тылдағы Қазақстан әйелдері" тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, осы мазмұндағы жаңа кітап таныстырылды. Ал институттың жетекші ғылыми қызметкері М.Қалыбекованың «Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтарды еңбекке мобилизациялау" баяндамасы өзінің ғылыми жаңалығымен ерекшеленді. Осы уақытқа дейін "Еңбек армиясы" деген атқа ие болған армияға қазақтарды мобилизациялау тарихының зерттелмей келе жатқанына тоқталған ғалым, 31 халық комиссариатына қарасты зауыт-фабрикаларда еңбек еткен қазақтар туралы, олардың саны мен сапасы, олардың жеңіске қосқан үлесі туралы бұрын ғылыми айналымға тартылмаған архив деректері негізінде баяндап, "еңбекке мобилизацияланған" қазақтардың саны мен тізімі біздер үшін белгісіз күйде қалып отырғанын атап көрсетті. "Еңбекке мобилизацияланған" адамдарды "тыл еңбеккерлерімен" шатастыруға болмайды. Олар өз алдына жеке категория болды", деген ғалым, алдағы уақытта бұл тақырыпты зерттеу қажет деп тұжырымдады.
Ал Тарих институтының PhD кандидаты, М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты, соңғы жылдары әскери тарихқа маманданып жүрген белгілі санжартанушы А.Жүнісбаевтың "Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның атты әскер құрамалары: құрылу тарихы және жауынгерлік жолы (1941-1943)" баяндамасы қатысушылар тарапынан ғылыми жаңалық ретінде бағаланды. Қазақстанда құрылып жасақталған 4 атты әскер дивизиясының (оның үшеуі қазақ дивизиясы: 96-шы қазақ атты дивизиясы, 105-ші қазақ атты дивизиясы, 106-шы қазақ атты дивизиясы) құрылу тарихы, майдандағы жауынгерлік жолы, дивизия жеке құрамының тізімі мен ондағы өзгерістер, дивизиялардың қолбасшылары, қазақ атты әскер дивизияларының соғыста көрсеткен ерліктері туралы тың архив құжаттары мен фотоларына негізделген слайдты баяндама өте әсерлі болды және «Қазақстанның ұлттық әскери құрылымдары соғыс майданында (1941-1945)» атты профессор Қ. Алдажұмановтың жетекшілігімен жасалған ғылыми-зерттеу жобасының ғылыми нәтижелерінің толағай екенін көрсетті.
Конференцияға қатысушылар академик А. Нүсіпбековтың Қазақстанның әскери-тарихи ғылымының қалыптасуындағы ұйымдастырушылық рөлі мен қосқан үлесіне байланысты кең көлемді мәселелерді қарастырып, А.Нүсіпбеков тұлғасы, оның тарих, археология, этнография және мәдениеттану салаларындағы жетекшілік рөлі талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесін көрсететін ғылыми мәселелер мен соғыс тарихының методологиялық өзекті мәселелері талқыға түсіп, жаңа зерттеу бағыттары айқындалды.
Конференция жұмысы барысында институттың жас ғалымдары В.Зікірбаева мен Р.Закарияға Нүсіпбековтар отбасы атынан тарихшы жас ғалымдарға арналған Ақай Нүсіпбеков атындағы стипендия табысталды. Конференция жұмысына қорытынды жасаған институт директоры З.Қабылдинов институттың 75 жылдығы қарсаңында өткізілген іс-шара қатысушыларына ризашылық білдіріп, ғылыми мекеме бұдан кейін де Ақай Нүсіпбеков аманатына адал қызмет етіп, оның ісін жалғастырады деп қорытынды жасады.
Тарих институты ұйымдастырған ғылыми конференция жұмысына соғыс тарихына маманданған еліміздің жетекші тарихшы-ғалымдары мен білікті сарапшылар, А.Нүсіпбеков атындағы ауыл және гимназия басшылары, академиктің жерлестері мен туыстары, еліміздің зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдар қатысты.