Тағайындау • 04 Желтоқсан, 2020

Маңғыстау облысының ТЖ департаментінде жаңа басшы тағайындалды

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаев жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының ТЖ департаментінде жаңа басшы тағайындалды

Мереке Пшембаевтың қатысуымен Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңадан тағайындалған бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Мухановты жеке құрамына таныстыру жөніндегі кеңес болып өтті. Сондай-ақ аталған кеңеске Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан  Качаков қатысты.

Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Маңғыстау облысында туып, өскен. 2006 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын бітіріп, 2020 жылы РФ ТЖ және апат салдарын жою, Азаматтық қорғау ісі бойынша  РФ Министрлігіндегі Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің  Санкт–Петербург университетін бітіріп шықты. 

Өз қызметін 2006 жылы Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің инженері қызметінен бастады. 2006 жылдан 2010 жылға дейін мемлекеттік өртті бақылау бағыты бойынша әртүрлі лауазымда жұмыс жасады. 2010 жылы мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің бастығы лауазымына, 2016 жылы Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы лауазымына және 2017 жылы Департамент бастығының орынбасары лауазымына  тағайындалды.

Жұмыс сапары барысында вице-министр республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен алынған жаңа өрт сөндіру техникасымен танысу үшін Ақтау қаласының № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды. Сонымен қатар Ақтау қаласы Приморский-1 шағын ауданы № 11 телімде орналасқан 1-санатты суда-құтқару станциясының және Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы 2 шығысқа арналған жаңа өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты.